Жангелдин ауданы Шеген ауылының тұрғындары 2021 жылы «Туған жерге тағзым» жобасы аясында игілікті істің жаршысы болып, намазхана ашу үшін қаржы жинап, құрылыс жұмыстарын бастаған болатын.
Оның басы-қасында болып, бас демеушілік еткен Бақытжан Міркемелұлы. Осыған дейін аталмыш азамат елді мекен сыртындағы қорымдардың қоршауына мұрындық болып, халықтың ыстық ықыласына бөленген.
Осылайша көптен күткен «Мұхамедғали Қожаұлы» (Кәтен Дәмолда) атындағы намазхананың салтанатты ашылуы болып өтті. Оған жер-жерден аудан-қалалардан дін өкілдері мен басқа да қнақтар арнайы келді.
Алғаш сөз алған дін қайраткері Бектұрсын Торғайбайұлы Қостанай облысының бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің ыстық сәлемін жеткізіп, игі тілегін айтты. Аталмыш намазхананың бой көтеруіне бірден-бір ұйытқы болған Бақытжан Міркемелұлына облыс имамының Алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына қол ұшын берген ауыл тұрғындарына да құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов аудан басшысының атынан жиналғандарды үлкен қуаныштарымен құттықтап, естелік сыйлықты тапсырды.
Алаштың ақиық ақыны, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев арнау айтты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатбек Ерғалиев, ауыл әкімі Елдос Едіресов намазхананың салынуына атсалысқан барша бауырларымызға шынайы алғысын жеткізіп, олардың иықтарына шапан жапты.
Намазхананың лентасы қиылған соң бесін намазы оқылып, ақ шаңқай киіз үйлерде ас берілді.
Имандылық ордасының ашылу құрметіне спорттың күрес түрінен жарыс ұйымдастырылды. Онда 50-65 келі салмақ бойынша палуандар боз кілемде белдесті. «Түйе палуан» атағын арқалықтық Айбат Сейтенов жеңіп алды. Оған «Умра» қажылығына жолдама табысталды.
Сондай-ақ, гір көтеру, арқан тартыс, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлеріненде жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі