Жақында Қостанай облыстық мешітінде «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында қалалық «Марал ишан» мешітінің 130 жылдығына орай «Қоғамдағы әйелдің орны» атты конференция болып өтті. Оған әйел жамағаты мен студент жастар қатысты.
Бұл танымдық – тәрбиелік жағы мол жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі, ұстаз Динара Құтқожақызы елордадан арнайы келді.
Онда қалалық мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сөз сөйлеп, конференция жұмысына табыс тіледі. Жиын барысында «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы өңірлік университеттің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақжан Бахытжанқызы «Әйел – ұлттық тәрбиенің алтын қазығы», облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітінің ұстазы Жансая Салауатқызы «Әйел сұлу – әдебімен», Рудный қаласындағы «Аналар» кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Күләш Әбілқызы «Ұлттық киімнің қоғамдағы маңыздылығы», есімі елімізге белгілі, руханият саласында көп еңбек сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаз Динара Құтқожақызы «Әйел бақыты деген не?» деген өзекті тақырыптарда әйелдің қоғамдағы орны, болашақта бір шаңырақтың алтын діңгегі болар қыз балалардың тәлім-тәрбиесі жайлы ғибратты баяндамалар жасады.
Мәжіліс барысында Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның әншісі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айжан Мейрамбекқызы термені шеберлікпен орындады.
Басқосудың соңында «Марал ишан» мешітінің өкілі Гүлдана Жаңабайқызы өз пікірін ортаға сала келіп, қозғалған тақырыптардың қай-қайсысы да қатысушыларға үлкен ой салғандығын айтты.
Содан кейін Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы өңірімізге келген мәртебелі қонақ, тәлімгер Динара Құтқожақызына шынайы ризашылығын білдірді. Мешіт атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі