Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында діни тұрақтылықты сақтау жөнінде насихат айтты.
Жиналған жамағатқа «Ізгі қоғамды қалыптастыру – әр адамның парызы» тақырыбында уағыз айта келіп, сөзін: «Уа, мүміндер! Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер», - деген ой салар аяттан бастады.
Сонымен қатар аятқа қысқаша түсіндірме берді. «Жүректі ізгілікке бөлейтін қасиеттердің бірі – қарапайымдылық пен кішіпейілділік, жанашырлық пен қамқорлық екендігіне, қоғамда адамдар бір-біріне қаншалықты кішіпейіл болған сайын олардың арасында соншалықты сүйіспеншілік, бауырмалдық, бірлік сынды қасиеттер берік қалыптасатындығына» тоқталды.
Содан кейін мешіт ұстазы Наурызбек Маратұлы Рамазан айының соңғы он күндігіндегі құлшылықтарға жан-жақты баяндады. Ол алдағы Қадір түнінің мұсылмандар үшін аса маңыздылығын тілге тиек етті.
Жиынның соңында жамағат көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі