Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайыптың орынбасары, профессор, доктор Мұхаммед Абдурахман Әл-Дуайни Ислам әлемінің көрнекті ғұламасы, шейх Ахмет Тайыптың «Ислам дініндегі негізгі ұстанымдар» атты еңбегінің тұсаукесеріне қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кітаптың маңызына тоқталып: «Бұл еңбекте сенім, құлшылық және көркем мінез қағидалары жүйелі түрде түсіндірілген. Ол дін қызметкерлері үшін уағыз-насихат пен діни оңалту бағытындағы маңызды құрал болмақ. Сонымен қатар, медресе шәкірттері мен жастардың имандылығын арттыруға, рухани дүниесін байытуға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді.
Іс-шараға әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайыптың орынбасары, профессор, доктор Мұхаммед Абдурахман Әл-Дуайни, Мұсылман Ақсақалдар Кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсалам, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің бас үйлестірушісі Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ ҚМДБ Ақсақалдар кеңесі мүшесі Жабал Ерғалиев пен Діни басқарма өкілдері қатысты.
Бұл туынды ислам ғылымының тереңдігін айқындап көрсететін рухани тәрбие құралы ретінде бағаланады.
Дереккөз: ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕН ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ДІНИ ЕҢБЕКТІҢ ТҰСАУКЕСЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ , Muftyat.kz