Лисаков шаһарындағы Мәдениет үйінде Мұхаммед Пайғамбарымыздын туған күніне орай ғибраты мол рухани кеш өткізілді. Оған Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет бастаған өңірдегі қала және аудан имамдары қатысты.
Жиналғандар алдында қала әкімінің орынбасары Саят Жұматұлы сөз сөйлеп, жерлестерін Мәуліт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, Бахытбек Нұрғабылұлының ізгі лебізі мен айтқан уағыз–насихатын жұртшылық ұйып тыңдады.
Рухани кештен кейін қала әкімі Абай Ибраев Мәуліт мейрамының құрметіне ас берді. Дастархан басында облыстың Бас имамы, жергілікті абыз ақсақалдар тебіреніске толы тілектерін жеткізді. Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Әлібек қари Құран оқып, Шоқан қажы Әмірханов бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі