Жәдігер оның есімі берілген Қостанай қалалық мешітінде сақтаулы
Қазақ халқында көрнекті дін қайраткері, ғұлама, кезінде азаттық үшін күрескен Марал ишан Құрманұлының елге жасаған қызметі ерекше құрметпен аталады.
Әулие бабамыз 1780 жылы Қостанайдағы Әулиекөлде туып, 1853 жылы Қармақшы ауданында дүниеден өткен. Бұл күндері оның ұрпақтары еліміздің бірқатар аймақтарында ғұмыр кешіп жатыр.
Жуырда қостанайлық бір топ азаматтар Қызылорда облысындағы діндар бабамыздың кесенесіне барып, сондағы туысқандарымен кездесті. Жерігілікті ағайындарға ас беріп, Құран оқытты.
Биыл айтулы тұлғаның атындағы Қостанай шаһарындағы мешітке 130 жыл толғалы отыр. Соның құрметіне «Центрум» баспасынан «Марал ишан атындағы Ақ мешіт» атты әсем безендірілген кітап та жарық көрді.
Мен таяуда ғана осы имандылық ордасының Бас имамы Бектұрсын Уәлиевке аяулы апамыздың ұзақ уақыт бойы сақтап, аманат етіп тапсырған бабаның қылышы жайлы қысқаша баяндағанды жөн көрдім.
Әңгімемізге арқау болып отырған Марал бабаның сүйікті қызы Айкүміс Торғай өңіріндегі Тосын елді- мекеніне ұзатылғанда жасауымен бірге аса құнды жәдігер Боқы отбасына келін болып түседі.
Бұл бір ел басына күн туған қиын- қыстау кезең болса керек. Аталған бабамыздың көзі болып табылатын бағалы қылыш жат біреудің қолына түсіп кетпеуі үшін шомның арасына жасырылыпты. Содан ол сол жерде қалып қойған. Бір күні осы төңіректегі малшының әйелі оны кездейсоқ тауып алған. Жазықсыз жан қайдан білсін, қылышпен қиды да уатқан көрінеді.
Алайда, қасиеті бар жәдігерді пайдаланған әлгі әйел небәрі екі -ақ күн ауырып, мәңгілікке көз жұмады. Киелі жәдігердің тарихынан хабарсыз ел оған онша мән бермепті. «Ел құлағы елу» деген емес пе. Уақыт өте Смағамбет бауырымыз құлағы шалып, қылышты өзіне алады. Оны естіген «Халфе кемпір» атанып кеткен емші Кенжебике «Мұның қадірін біле алмассыңдар» деп күтім жасайды.
Күндердің күнінде ол халық арасында сыйлы, Торғайдың тумасы Кеңес Мұқанов пен оның зайыбы Райка Сейітқызының қолына түседі. Бір ғажабы, осы аталған Райка да аруақ қонған, бақ дарыған атақты батыр Шақшақ Жәнібектен тараған би Шеген Мұсаұлы секілді танымал әулеттің ұрпағы екен.
Содан арада жарты ғасырдан уақыт өтті. Қаншама өтініш білдірген кісілер болса да қылышты ешкімге бермей келген. Өзінің жасы сексеннің бел ортасына келген, Қостанай қаласының тұрғыны Райка Әміржанова жәдігерді облыс орталығындағы «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлына табыс етті.
Бұл имандылық ордасына басшылық етіп отырған дін қайраткері қылышты мешіттегі жұртшылықтың назарын аударатын биік сөреде көздің қарашығындай сақтауға ниет етіп отыр.
-Арамызда жүрген асыл апамыз Райка Сейітқызына алғысымыз шексіз. Енді ол кісінің тапсырған жәдігерін тек бір әулет ғана емес бүкіл халық танып білетін болады. Әсіресе, оның кейінгі жастарға ғибраттық-тәрбиелік мәні айрықша- дейді Бектұрсын Уәлиев.
Оразалы Жақсанов
Өңіріміздегі имандылық ордаларының маңын абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте іскер азаматтар өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде. Сөзіміз нақты болу үшін бір мысал келтіре кетелік.
Осы қасиетті жұма күні Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы" мешітінің ауласында еңбек көрігі қарқын алды. Жергілікті "Уста плюс" мекемесінің басшысы Рауан Тұрсынұлы мен қызметкерлері ұйымшылдық танытып, 1000 түп питунья гүлін отырғызды.
Бас имам мен жамағаттар қауымы мешіттің айналасын көріктендіру мақсатында өздерінің лайықты үлестерін қосқан ұжымның барша қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдіреді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ынтымақ-бірлікті нығайту мақсатында жамағат арасында үстел теннисінен жарыс өткізілді.
Бұл ширақтықты, сергектікті, ұтқырлықты қажет ететін сайысқа 20-ға жуық жамағат қатысып, бағын сынады. Оның қорытындысы бойынша жүлдегерлер марапатталып, құрмет көрсетілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылғы Халықаралық балаларды қорғау күні Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінде тиісті деңгейде аталып өтті. Жергілікті балдырғандар имандылық ордасына арнайы шақырылды.
Олардың арасында алғырлықты, тапқырлықты талап ететін шахмат пен дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Балалардың құрметіне дастархан жайылып, балмұздақтар таратылды.
Міне, осылайша Бас имам Есенкелді қажы Сақтағанұлы еліміздің жарқын келешегі болып табылатын ұл мен қыздарға үлкен қуаныш сыйлады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық "Аймағамбет қажы Спанұлы" мешітінде балаларға арналған сауат ашуға байланысты маусым басталды. Қазіргі таңда өңірдегі барлық мешіттерде "Имани жаз" атты шара аясында ұл-қыздармен білікті ұстаздар жұмыс істеуде.
Бұл орайда жоғарыда аталған имандылық ордасының жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының тындырып жатқан жұмыстары да өнеге боларлықтай. Олар жуырда білімге құштарлық танытқан талапкерлерге үлкен қуаныш сыйлады.
Жанашыр демеушілердің көмегімен 40 балаға сыйлық қоржындарын табыс етті. Мұндай күтпеген тартуға қуанбайтын бала бар ма? Олар да өз тараптарынан жүректері жомарт жандарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Денисов аудандық тілдерді оқыту орталығы және жергілікті «Жұма» мешітінің ұйымдастыруымен «Ойнайық та, ойлайық!» атты мектеп оқушылары арасында викторина сайысы өтті.
Бұл іс-шараның басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық қазақ ойындарын насихаттау, балалар арасындағы қазақ тілін білу деңгейін көтеру еді.
Сайысқа «Жұма» мешітінің Бас имамы Азамат Мурзаканов пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Асқар Нұрмұхамбетов әділқазылық етті.
Жарыс бес кезеңнен тұрды. Онда қатысушылардың білім деңгейі сарапқа салынды. Сондай-ақ асық ату, теңге ілу, арқан тартыс, дартс ойындарынан шеберліктерін танытты. Балалар сайыс барысында зеректік пен ширақтық қырларымен көзге түсті.
Байқау қорытындысында әділқазылар төрағасы Азамат Серікбайұлы барлық бақтарын сынаған талапкерлерге ізгі тілегін білдіріп, сайыстың жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.
Қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар Денисов аудандық «Жұма» мешітінің атынан балаларға дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті арнайы мектеп – интернатында болды. Ол Халықаралық балаларды қорғау күні және білім ордасындағы соңғы қоңырауға байланысты оқушыларды шын жүректен құттықтады.
Онда тәрбие алып жатқан балаларға жеміс-жидектерді табыс етіп, ұл мен қыздарды қуанышқа бөледі. Мектеп-интернаттың басшысы Айгүл Қуанышбайқызы өздерін әрқашан да қолдап, ақшалай көмек көрсететін мешіттің Бас имамына ризашылығын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы өткен болатиын.
Осынау маңызды жиында «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы қабылданды.
Осы ретте Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Асанов Әкімбек жергілікті мешіт жамағаты мен алқа мүшелеріне форумда қабылданған құжаттардың мазмұнымен таныстырды. Сонымен қатар алдағы уақытта тұжырымдамаларды басшылыққа ала отырып, ұйымшылдықпен жұмыс атқаруға шақырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы жанашыр ерікті жамағаттар және ұлтжанды азаматтардың демеушілігімен Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
Онда 13 отбасы қамтылып, 25 балаға 430 мыңның сыйлығы тарту етілді. «Қуанса бала қуансын» демекші, өздеріне көрсетілген ілтипат пен құрметке балдырғандардың мерейі өсті. Шын мәнінде үлкен қуаныштан жүздерінен шаттықтың лебі сезілді.
Осындай игі істерде белсенділік танытып жүрген еріктілерге жанашыр азаматтарға кәсіптеріне береке тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы және жаны жайсаң жомарт жандар жергілікті жамағаттардың балаларына ойын-сауық шарасын өткізді.
Бұл тағылымы мол басқосуда жоғарыда аталған мешіттің Бас имамы Әкімбек Асанов бүлдіршіндерге сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ, оларға дәмді тағамдар мен сусындар берілді.
Балалар өздеріне қуаныш сыйлаған мешіт қызметкерлері мен жанашыр азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі