Жуырда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Әулиекөл ауданында болды. Алдымен аудан әкімі Жансұлтан Таукеновпен кездесіп, өңірдегі қалыптасқан діни ахуал жөнінде тілге тиек етті. Үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын маңызды міндеттер жайлы пікір алысты.
Содан кейін дін қайраткері бірқатар тағылымы мол кездесулерге қатысып, өзінің көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Мәселен, аудандық кітапханадағы басқосуда аға ұрпақ өкілдері – ақсақалды қарттар мен ақжаулықты аналармен дидарласып, «Ислам және ұлттық құндылықтар» тақырыбы жөнінде тебірене сөз сөйледі.
Сондай-ақ аудандық аурухана қызметкерлерімен жүздесуде отбасындағы сыйластық жөнінде әңгіме өрбітті. Онда отағасының жанұядағы беделі және шаңырақтың ұйытқысы әйелдің алатын орны жайлы айтылды. Ата-ана әрдайым өз ұрпағына үлгі-өнеге болуға тиіс екендігіне баса назар аударылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі