Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы демеушілердің қолдауымен жұма күні «Рамазан қоржыны» деп аталатын қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Онда 10 отбасыға азық- түлік тапсырылды.
Аталмыш мешіттің Бас имамы Әкімбек Асанов қасиетті Оразаның ұйымшылдықпен өтуіне айрықша көңіл бөліп, оның мақсаты мен маңызын жұртшылыққа түсіндіріп келеді.
Ол осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде жақында қалалық «Акцент» телеарнасына Рамазан айы туралы сұхбат берді. Оның барысында жомарт жандарды осынау қайырымды іс-шараға белсене атсалысуға шақырды. Демеушілік танытып жатқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен Денисов ауданында болды. Ол Фрунзе ауылына атбасын бұрып, жергілікті намазхананың тыныс-тіршілігімен танысты.
Ораза айына байланысты жайылған ауызашарға қатысып, жамағатпен жүздесті. Онда жұртшылыққа қазіргі таңдағы өзекті тақырыпты қозғап, әсерлі уағыз-насихат айтты.
Намазханада бас қосқан үлкенді-кішілі қауым оның тебірене толғаған ұлағатты әңгімесін ұйып тыңдап, өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті мен жанашыр жандардың қолдауымен «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда көмекке мұқтаж 10 отбасыға 170 мың теңгенің көлемінде азық-түлік салынған себет табыс етілді. Олар демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы ризашылықтарын білдірді.
Ораза басталғалы бері мейірімділік пен ізгіліктің жарқын үлгісін танытып келе жатқан Шоқан қажы Әмірханов басқаратын мешіт қызметкерлері мен жүрегі жомарт азаматтардың ниеттері жүзеге аса берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
«Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы және жанашыр азаматтар қасиетті Рамазан айында қайырымдылық пен мейірімділікке ерекше көңіл бөлуде.
Олар жуырда үш перзент тәрбиелеп отырған жалғыз басты ананы қамқорлыққа алды. Осы шаңырақтағы сырқат балаға 27 мың 286 теңгенің дәрі-дәрмегі тапсырылды.
Баланың емі шипа болып, демеушілердің тілектері әрдайым қабыл бола берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысындағы басты бағыттардың бірі - қайырымдылық екені белгілі. Бұл орайда Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешіті қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары орасан.
Жуырда Серік Темірбекұлы басқаратын имандылық ордасының ұжымы өзге әріптестері мен жанашыр азаматтарға үлгі-өнеге боларлық істі жүзеге асырды.
Олар қасиетті Ораза айының құрметіне 10 отбасына азық-түлік салынған «Рамазан қоржынын» табыс етті. Бұл ретте демеушілік жасаған «Новотройцкое-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және басқа да жомарт кісілердің қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалалық «Марал ишан» мешітінде Рамазан айының құрметіне әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж көп балалы 20 отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік салынған «Рамазан қоржыны» таратылды.
Мешіт ұжымы және демеуші жанашыр азаматтардың қолдауымен жүзеге асқан шара барысында мешіттің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналғандарға Рамазан айының маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Қасиетті Ораза кезінде бауырларымызға сабырлы, ұстамды, ізгі ниетті болулары жөнінде насихат айтты.
Қайырымдылыққа бөленген жанұялар игілікті іске мұрындық болған кісілерге шынайы алғыстарын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Ұзынкөл ауданы тұрғындарының арнайы шақыруымен жергілікті «Балықты» мешітінде берілген ауызашарға қатысты.Онда ол жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
Сондай-ақ, қазіргі таңдағы аса маңызды ұлттық құндылығымыз, салт -дәстүріміз және бірлік, татулық, имандылық туралы ғибраты мол уағыз -насихат айтты.
Дін қайраткерінің терең ойлы пікірлерін жұртшылық ұйып тыңдады. Жақсы әсер алғандарын айтып, шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын ауылындағы мешіттің молдасы Омар Закарин «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Жергілікті жамағат және кәсіпкерлердің қолдауымен азық-түлікке толы 36 қоржын көмекке мұқтаж шаңырақтарға таратылды.
Сондай-ақ, аталмыш аудандағы Аманқарағай ауылының молдасы Серікбай Испуловтың ұйытқы болуымен азық-түлік салынған 7 қоржын көмекке зәру отбасыларына берілді.
Ораза айында «Алтын алма, алғыс ал» деген қағиданы ұстанған азаматтарға жұртшылықтың алғысы шексіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ақын, ағартушы Әлмұхаммед Оспанұлының есімі ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов ақталғаннан кейін ғана ел арасына тарай бастаған тұлғалардың бірі. Торғай уезі, Тосын болысында 1886 жылы өмірге келген Әлекең саналы ғұмырын имандылық ілімін насихаттауға, ұстаздыққа арнаған, иманды да ізгі жан. Ол өмірінің көп бөлігін қуғын-сүргінде өткізген.
ӘЛМҰХАММЕД 13 жасын да Торғай қаласындағы 4-кластық орыс қолөнер мектебіне түсіп, «ағаш ұстасы» деген мамандық алып шығады. Содан кейін 17 жасында осы Торғай қаласындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-класына қабылданып, оны 1905 жылы бітіреді. 1911 жылы Троицк қаласындағы Зейнолла ишан салдырған «Расулия» медресесіне түседі. Оқи жүріп, «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне өлеңдерін бастырып, мақала жазып тұрады.
1917 жылы туған жері – «Бестау», «Суықбұлақ», «Шилі» маңындағы, «Үшқарасу» басындағы медреселерді «Бостандық» мектебі деп атап, ауыл балаларына орысша-қазақша білім бере бастайды.
1920 жылы Орынбордағы ағарту бөлімі мектепті қазақ тіліндегі бастауыш мектеп етіп, осында үш айлық курс ұйымдастырады, Торғай уезі бойынша осы «Бостандық» мектебінен 75 адам мұғалімдік куәлік алып шығады. Әлекең сол курста А. Байтұрсыновтың емлесін алғашқылардың бірі болып қолданып, сабақ береді.
1925 жылдың соңына таман Торғай қаласында үлкен діни мәжіліс болып, Нәуен хазірет жасының ұлғайып, денсаулығының нашарлауына байланысты өзін мұхтасибтік жұмыстан босату туралы өтініш жасайды. Торғай уезіне қарасты 13 болыстан келген дін қайраткерлері мен 54 мешіттің имамдары Нәуен хазіреттің өтінішін қанағаттандырады. Оның орнына бір ғана Әлекеңнің кандидатурасы ұсынылады.
1926 жылдың басында, Уфа қаласындағы мүфтиятқа барып, өзін Торғай уезінің мұхтасифтігіне бекіткен жарлығын алып қайтады.
Сөйтіп Әлекең 1925 жылдың аяғынан 1929 жылдың соңына дейін Торғай үйезінің мұхтасибі болып адал қызмет атқарады. Діни жұмыстарды жақсы жолға қояды. Уездегі 54 мешіт пен 4 медресенің дінімізді өркендетуге лайықты үлес қосуын қамтамасыз етеді. Болыстарды үнемі аралап, мешіт-медреселердегі жүргізіліп жатқан жақсы жұмыстардың барысын қадағалап, бақылап отырады».
Әлмұхаммед Оспанұлының өлең-жырлары да елді әрдайым адамгершілікке, оқу-білімге, ынтымақ-бірлікке үндейді.
1911 жылы басылып шыққан «Қазағыма» деген өлеңінде былай деп жазады:
Қараңғы надан елдің күні құрсын,
Бұралқы қадірі жоқ иттен жаман.
Кел, қазақ, надандықтан қоштасалық,
Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман,
Жастарды жасөспірім, жаңа талап,
Сақталық бұл адасқан беттен аман.
Әлекеңнің отызыншы жылдары үшінші рет айдалып бара жатқанда жазған «Жазушыдан ақырғы сөз» деген өлеңінде оның болашаққа деген сенімі бейнеленген:
Жазушы Әлмұхаммед Оспанұлы,
Тағдырға бой ұсынбақшы хақтың құлы.
Мұхтасиф үш ауданға болдым рас,
Жасқанып жасыра алман, сірә дә оны.
Ғылымның азды-көпті арқасында,
Халқымнан қадір-құрмет көрдім шыны.
Ырзамын әуелі Алла һәм халқыма,
Иншалла ұмытпасам керек мұны.
Жалпыға жалпақ келген бұл бір нәубат,
Демей-ақ жақсы-жаман, ұсақ-ірі.
Көреміз нәтижесін көппен бірге,
Тысқары топырақтан болсақ тірі.
Торғай өңірінің тумасы, өткен ғасырдың бас кезінде (1911) Зейнулла хазреттің медресесін тәмамдап, Саналы ғұмырын дін жолына ілім жолына бағыштаған, сол жолда бақытын тауып ел құрметіне бөленген, адалдықты, парасаттылықты ту еткені үшін кеңестік дәуірдің қанқұйлы зобалаңына ұшырап, жазықсыз жапа шегіп, тауқымет тартқан бірегей тұлға, ақиық азамат.
Құдай тағаланың сүйген құлы, халқының біртуар перзенті, көкірегі алтын көмбе шежіреші, ағартушы ақын. Ол кісінің білім деңгейі, діндар-тақуалығы өте зор болды. Сол кездегі Діни басқарманың муфтиі Бабаханов Зияуиддин, уфалық Шәкір қари, алматылық Садуақас хазрет, Әбдірахман ишандармен деңгейлес шығып, олардың өзара сыйластығы ел аузында жатталған.
Сол үшінде Торғай-Қостанай өңіріндегі атақты діндарлар: Мұстафа қажы, Файзулла қари, Ысқақ, Жүніс, Аймағамбет сияқты тақуа моллалар Әлекеңді ардақ тұтып, оның даналығына, кемеңгер тереңдігіне тәнті болған.
Әлмағамбет Оспанұлының халыққа сіңірген еңбегін бүгінде тәуелсіз еліміз өз деңгейінде бағалауда. ҚМДБ-ның шешімімен 2007 жылдың 6-шы қыркүйекте Арқалық қалалық мешітіне есімі берілді...
Бүгінде бұл мешіт: Қостанай облысы, Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті деп аталады.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің
Бас имамы Бақтыбай Нүрхан Асанүлы
Азан – барша мұсылманды бес уақыт намазға шақыратын діни аса ізгі амал. Осы ізгі амалды әуезді дауыспен, нақышына келтіріп оқудың өзі шеберлікті талап етеді. Қасиетті он екі айдың сұлтаны Рамазан айының құрметіне Денисов аудандық «Жұма» мешітінің жастар ісі секторы «Әдемі әуезді азаншы» атты аймақтық азаншылардың жарысын ұйымдастырды.
Аудандық мешіттің Бас имамы Азамат Мурзаканов: «Азан үні исламның бір кереметі саналады. Негізгі мақсат – шәкірттердің азан айту шеберлігін шыңдау, ынталандыру», – деді. Сондай-ақ, барлық талапкерлерге ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Сайыста азаншылардың тек әуезді дауысы ғана емес, біліктілігі де сынға түсті. Оған Лисаков, Жітіқара, Қамысты және Денис аудандарынан 15-тен астам азаншы қатысып, шеберліктерін көрсетті. Жарысқа Азамат Серікбайұлы мен Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» атындағы мешіттің имамы А.Кабиев әділқазылық етті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүректерді тебіренте азан айтқан жастардың арасында І орынды Лисаков қаласының жамағаты Ибрахим Мырзағалиев жеңіп алды. ІІ орынды Денис ауданының жамағаты Мәжит Арман, ІІІ орынды Жітіқара ауданының жамағаты Ербол Сарбеков иеленді. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен тұрмыстық техникалар табыс етілді. Өзге қатысушыларға алғыс хаттар берілді.
Сонымен қатар, жамағаттар арасында гір көтеру мен дартс атудан сайыс өткізілді. Мұнда гір көтеру бойынша І орынды Қамысты ауданынан Н.Ибраев, ІІ орынды Денисов ауданынан А.Нұрмұхамбетов, ІІІ орынды Жітіқара ауданынан Губайдулин иеленді.
Ал, дартс ату ойынында І және ІІ орындарды Денисов ауданының қос азаматтары Ж.Сұлубеков пен А.Мурзаканов жеңіп алса, ІІІ орын Қамысты ауданының жамағаты Қуатбекке бұйырды.
Әділқазылардың шешімі бойынша топ жарған жеңімпаздарға естелік сыйлықтар тапсырылды. Жарыс соңында «Жұма» мешітінің Бас имамы Азамат Мурзаканов алдағы уақытта да мұндай тағылымды іс-шаралар жалғасын таба беретіндігін тілге тиек етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі