Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет кезекті іс-сапарында Қарабалық ауданында болды. Ол алдымен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Онда діни экстремизмнің тигізер қауіп-қатері жөнінде сөз қозғады.
Тәртіп сақшылары дін қайраткерінің өзекті мәселені арқау еткен әңгімесінен көп жайды көңілдеріне түйді. Еліміздің тыныштығы мен береке-бірлігі - басты міндет екендігін терең ұғынды. Мәртебелі қонаққа өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
Бахытбек Нұрғабылұлы содан кейін ұлтымыздың біртуар перзенті Мұхамеджан Сералин атындағы №3 қазақ орта мектебінің ұстаздарымен жүздесті. Мұнда өскелең ұрпаққа сапалы білім берудің маңыздылығы, оларды Отанды сүю мен рухани байлыққа тәрбиелеудің өмірімізде алар орны ерекше екендігіне кеңінен тоқталды. Басқосуда ұстаздар қауымы көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды да нақты жауап алды.
Бас имаммен бірге сапарлас болған облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам Қарабалық селосындағы агротехникалық колледждің1 курс студенттерімен «Диструктивті теріс ағымдардың қоғамға зияны» деген тақырыпта әңгіме өрбітті.
Білім алып жатқан жастар оның ой салар тұжырымдарын ұйып тыңдап, таным көкжиектерін кеңейтті. Мұндай кездесулердің берері мол екендігін айқын сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі