Жуырда ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Қостанай облыстық мешітте жұртшылыққа жаңа кітапхана есігін айқара ашты. Оған қазақ халқының жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған дара тұлғаның есімі берілді.
Рухани орданың ашылу салтанатына белгілі дін қайраткерлері, өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері, жамағат қатысты. Оның лентасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Сансызбай қажы Құрбанұлы, абыз ақсақалдар – Рудныйлық Торғайбай қажы Уәлиұлы, Ұзынкөлдік Кенесары Мырзахметовтер қиды.
Кітапхана алдағы уақытта ислам дініне ден қоюшыларға құнды дүниелер ұсынады, пайдалы кеңес береді. Қазір ондағы сөрелерден фиқһ, ақида және басқа да білім көкжиегі мен дүние танымыңды кеңейтер кітаптарды қиналмай табасыз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі