Негізі, мешітке келушілердің саны артты деп қуанғанымызбен, олардың бәрі құлшылық амалдарын орындау үшін келмейді. Мәселен, кейбірі жай қызықтап келсе, енді бірі кей діни жоралғыларды ғана өткізуге келеді. Ал мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Әйтсе де, мешітке аттап баспайтындарға қарағанда, неке қидыру, балаға ат қою сияқты көптеген діни рәсімдерді орындауға келетіндерге де шүкір дейміз. Дегенмен, кез келген орынның, ортаның өзіндік әдебі, мәдениеті болатыны белгілі. Тіпті сол ортаға сай киім үлгілері де қарастырылған. Мәселен, жаттығу залына классикалық үлгідегі киіммен бару – ақылға сыймайтын дүние. Ал, керісінше, театрға, өзге де мәдени ошақтарға спорттық киіммен бару тым ерсі көрінеді. Сол секілді мешіттің де өзіне тән әдебі бар.
Кейінгі кезде осы мешіт әдептеріне бей-жай қарауымыздың салдарынан кейбір міндетті нәрселер аяқ асты етілуде. Себебі, соңғы кезде мешітке келушілердің, соның ішінде неке қидырушылардың киген киімдері көбіне мешіт әдептеріне мүлдем қайшы келіп жатады. Тіпті, кейбір қыз-келіншектер «ұятты жер» деп санайтын денесінің кейбір бөлігін ғана жауып, қалған жерлерін жарқыратып келеді. Ал, қасиетті Құранда әйел адамдардың ұятты жерлері анық көрсетілген. «Нұр» сүресінің 31-аятында Алла Тағала: «Мүмін әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендерінен басқа (беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін»,-деген. Міне, әйелдердің білезікке дейінгі қолдары, жүзі және тобыққа дейінгі аяқтарынан басқа барлық дене мүшелері ұятты жері болып есептеледі. Бұл жөнінде имам Муслимнің сахихында риуаят етілген мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тозаққа кіретін екі қауымды көрген емеспін. Олар: сиырдың құйрығындай ұзын қамшымен адамдарды ұратын қауым және шашын басына түйенің өркеші сияқты үйме төбе етіп жиып алатын, денесіне жабыстырып жұқа киім киетін, еркектердің назарын өздеріне аударатын ашық-шашық әйелдер. Олар ешқашан жәннатқа кірмейді. Жәннаттың иісі алыстан сезілсе де, олар оны сезбейтін болады»,- деген.
Сондай-ақ, соңғы кезде жігіттермен қатар жас қыздарымыз да жұма күндері мешітке келуді әдетке айналдырды. Алайда, әйелдерге жұма намазына қатысу парыз емес. Десек те, Алланың бар екенін біліп, құлшылық жасау ниетімен келгендеріне қуанасың. Ал, сол қыздардың киімдері қаншалықты шариғатқа сай? Олар күнделікті бес уақыт намаз оқымағандықтан, әйелдер мен қыз-келіншектерге шариғат міндеттеген киімді емес, әдеттегі киімдерін киіп келеді. Яғни, ер адамдардың киетін киімдеріне ұқсайтын шалбар, дене пішінін анық көрсетіп тұратын кеудеше киеді. Үстеріне сан түрлі әтірлерін сеуіп, боянып-сыланып, бастарының төбесіне ғана орамал тартып мешітке келеді. Тіпті, кейбір қыздар «бетіміз бен аяқ-қолымыздан басқасының бәрі жабық тұр ғой» деп, өздерінің бұл қылықтарын дұрыс санауда. Ал шын мәнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ер адамдарды қызықтыру мақсатында әтір пайдаланған – бұзық әйел болып саналады»,- десе, келесі Әбу Дәуід пен Ахмадтан жеткен мына бір хадисте: «Әйелдердің киімін киген ерлер мен ерлердің киімін киген әйелдерді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лағынеттеген». Яғни, жоғарда ескертілген хадистен киім киюдің де өзіндік әдебі мен мәнері бар екенін ұғамыз.
Мәселен, Алла Тағала құлдарына намаз оқуды бұйырды. Ал оның қалай оқылуын біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен үйреніп білдік. Сол секілді Құранда Алла Тағала: «Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: «Үстеріне бүркеншіктерін орансын» («Ахзап» сүресі, 59-аят), - дейді. Бұл жерде нақты қалай киіну керектігі көрсетілмеген. Ал оны біз тағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен, яғни Оның (с.ғ.с.) жұбайларының киімдерінен көреміз. Осы ретте әурет жерлерді қалай жабу керектігін дұрыс түсінген жөн. Яғни дене пішіні көрініп тұратын киімдерді, ерлерге ұқсап, шалбар киюдің қате екендігін білген абзал. Кейбір қыздарымыз: «Ондай киімдерді кимейтін болсақ, не үшін шығарып жатыр? Ол да заман талабы ғой»,- деп айтуы мүмкін. Әйтсе де, қандай киім болмасын, егер ол әурет жерлерді жаппайтын, жапса да сыртынан қараған ер адамдардың нәпсісін қоздыратын болса, шариғатымыз оны әйел адамдарға киюге рұқсат бермейді.
Әрине, Алла өз құлдарынан нығметтерін еш аяған емес. Қазіргі кездегі әртүрлі үлгідегі киімдер мен сан алуан сәндік бұйымдар да Жаратушының адамдарға берген ризығы екені сөзсіз. Алайда, оларды өз орнымен пайдаланған жөн. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер» («Ағраф» сүресі, 26-аят),- дейді. Адам баласына киім-кешек бірінші кезекте әурет болған жерлерді жабу үшін және көз зинасынан сақтану үшін қажет.
Сонымен қатар, жұма күндері мешітке дүниеден өткен ата-бабалары мен жақын туған туысқандарына Құран оқыту мақсатымен келушілердің саны артатыны белгілі. Әйтсе де, олардың да кейбірінің киімдеріне көңіл толмайды. Тіпті, орта жасқа келген апайларымыздың жастардан қалыспай, денесіне жабыстырып киім киіп, әурет жерлерін көрсетіп келетіндеріне не дерсің. Оның үстіне, өздері театрға немесе мұражайға емес, мешітке келген. Жастарымызға үлгі болатын апайларымыздың өзі әлгіндей болса, қыздарымыздан не қайыр?! «Нұр» сүресінің 60-аятында Алла Тағала: «Үйде отырған жасы ұлғайған әйелдердің зейнеттерін ашпай сырт киімдерін шешулері айып емес. Егер бұдан да сақтанса олар үшін тағы жақсы»,- дейді. Яғни, жасы келген әйел болса да әуретін жабу өздері үшін жақсы екендігін Алла Тағала осы бір аятпен ескерткен.
Кейінгі кездері әйел адамның киімі жөнінде сөз болса, шариғи үкімдерге қарсы кейбір қыз-келіншектеріміз: «Қазақ ешқашан хижаб кимеген. Тіпті, қыздары тұрмысқа шыққанша бастарына жаулық та салмаған» деп ұрандатып, нәпсі қалауына бой алдырып жүр. Ондай болғанның өзінде қазақ қыздары дәл қазіргідей етек-жеңін қысқартып, ашық-шашық киінбеген. Оған халқымыздың «Есті қыз етегін қымтап жүрер», «Қызға қырық жерден тыю» деген сөздері дәлел болмақ. Ал, тұрмысқа дейін бастарына жаулық салмаған қыздарымыз қандай ортада өсті? Жоғарыдағы сөздерді айтып жүргендер осы жөнінде ойланып көрді ме екен? Олар бастары ашық болса да қазіргі кездегідей көшеде емін-еркін жүрмеген және көпшілік ортада жат қылықтарымен де көзге түспеген. Орамал тақпай, шаштарын көрсетіп жүрген қыздар әкесінің, аға-інісінің, үйленуге тыйым салынған өзге де бауырларының арасында өсті. Ал, мұндай ортада қыздың еркінсінуіне Құранда да рұқсат етілген. Алла Тағала «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Бірақ: Ерлеріңе, әкелеріңе, қайын аталарыңа, өз ұлдарыңа, өгей ұлдарыңа, аға-бауырларыңа, олардың ұлдарына көрсетулеріңе болады»,- дейді. Ендеше, «Қазақ қыздары ашық киінген» деген сөздердің еш негізі жоқ.
Мешітке бару әдептері
Алла Құранда: «Ей, адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеніңдер!»-деген (Ағраф сұресі, 31-аят). Яғни, әрбір намаз кезінде зейнетті киімдеріңді киіңдер.
Және Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйінен дәретін толық алып, кейін адамдармен бірге немесе жамағатпен бірге мешітте парыз етілген намазды оқу үшін шығып, кейін аталмыш намазды оқып бітірген соң, Алла оның күнәларын кешіреді»-деген. (Муслим).
1. Мұсылманның мешітке шығар кезде денесінің, киімінің таза болуы.
Аллаһ Құранда: «Ей адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеріңді алыңдар!»-деген. (Ағраф сүресі, 31-аят). Яғни, көпшілікке белгілі болған нәрсе адам әдетте белгілі бір кездесуге немесе көпшілік жиналатын орынға, әсіресе сол кездесу, не отырыс оның жүрегінде елеулі орын алған бір құрметті кісімен болатын болса, онда ол ондай жерлерге бару үшін мүмкіндігінше зейнеттеніп, алдын ала дайындық жасайды. Ондай болса мұсылмандардың мойындарындағы парыздарын өтеу үшін Алланың үйіне жиналып, алдын ала дайындық жасап, тазаланып, әдемі киімдерін киіп, жұпар иісті сулармен зейнеттенгені одан да артығырақ.
2. Мешітке намаз үшін жиналғандарды жағымсыз иіспен мазаламау үшін, мешітке шығар алдын пияз, сарымсақ сияқты нәрселерді жемеу.
Кім намазхандарға жағымсыз иіспен азар берген болса, періштелерге де азар берген болады. Жабир атты сахабадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте: Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын»-деген. (Бухари).
3. Мешітке ертерек бару абзал.
Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға шақырған. Мысалға Абу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» (Бухари, Муслим).
4. Намазға жүрегінде Аллаға ықылас танытып, асықпай бару.
Пенденің намазға ертерек асықпай келуі, оның намазды толық бойұсынушылықпен және Раббысына шынайы беріле орындауына мүмкіндік тудырады. Ал керісінше кім намазға ентіге, асығып келсе, бұл нәрсе оның тынысының тездетіліп, ойының шашырап, намаздағы болған қорқынышы мен ықыласын кемітеді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір сөзінде намаз басталып кеткен болса да, оған жүгіре ентігіп, асығып келуден тиған. Бұған дәлелді Абу Қатададан (Алла одан разы болсын) келген хабардан көреміз. Ол кісі былай дейді: «Біз бірде Пайғамбармен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыстықпен келгендіктен, топырлаған аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын бітіргеннен кейін; «сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар: «біз намазға асыққан едік»-деді. Сонда Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер»-деді. (Бухари, Муслим).
5. Намазға бара жатқанда оқылатын дұға айту.
Намазға шыққан адамға Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке шыққан кезде оқыған дұғасын айтқан абзал. Бұған дәлелді Ибн Аббастың өзінің нағашы әпкесі Маймуна анамыздың үйіне қонған кезде көргенін хабарлаған хадистен табамыз. Сол хадисінің соңында Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Біләл (Алла одан разы болсын) келіп, Пайғамбарды намазға шақырып кетті. Ол кісі түндегі дәретін жаңаламастан тұрып намаз оқыды. Және ол кісінің мешітке бара жатқандағы дұғасы: «Иә Алла менің жүрегіме нұр ұялат, көзімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, менің оңымды және солымды нұрландыр, үстімнен және астымнан нұрыңды төге гөр, алдымнан және артымнан да нұрыңды жаудыр»- деген сөз болды. (Муслим).
6. Мешіттерге кірерде не, шығарда оқылатын дұғаларды айту.
Мешітке кірушіге былай дұға жасап кірген сүннет. «Иә Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр!» Ал мешіттен шыққанда: «Иә, Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен Сенің кеңшілік фазилетіңнен сұраймын»-делінеді.
7. Мешітке кіргенде оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу.
Мешітке оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін әрі мешіт құрметті орындардың бірі.
8. Мешітке кіргенде "Тахиятул масжид" (яғни, мешітке сәлем намазын) оқу.
Мешітке кіргенде отырмастан алдын, екі ракағат мешітке сәлем намазын оқып алу Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған әмірлерінен.
9. Мешітте отыру.
Мешітте намазды күтіп отыру абзал істерден. Оның абзалдығын Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисінен көре аламыз: «...Кімде-кім мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған: "Ия, Алла! Оны рахметіңе бөле, Ия Алла! Оны кешіріп, жарылқа. Ия Алла! Оның тәубесін қабыл ет».- деп тілейді. Және періштелердің оған жасайтын тілектері, ол адам сол отырысында біреуге азар беріп, қоймайынша немесе дәретсіздікке тап болмайынша жалғаса береді" (Бухари, Муслим).
10. Мешітте жату.
Мешітте жату айып есептелінбейді. Бухари мен Муслимдердің риуаят еткен хадистерінде, Абдуллаһ ибн Зайд ибн Ғасим атты сахабаның (Алла одан разы болсын) Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте бір аяғын екінші аяғының үстіне қойып жатқандығын көргендігі айтылған.
11. Мешітте ұйықтау.
Мұқтаждық туындаған сәтте мешітте ұйықтауға да болады. Пайғамбарымздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінде Асхабу Суффа деп аталынған сахабалар (Алла олардан разы болсын) және кейбір кедейшілікте болған мұсылмандар Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде тіршілік жасайтын. Олар мешітте ішіп-жеп, ұйықтап, демалатын. (Имам Бухаридің: 442).
12. Мешітте сауда-саттық жасауға, жоғалған затты іздестіріп сұрауға болмайды.
Өйткені мешіт ондай істер үшін құрылған емес. Мешіт Алланы еске алу үшін, Құран, намаз оқу үшін, және адамдарға дін әмірлерін үйрету сияқты істер үшін арналған орын. Абу Һурайрадан келген хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер біреудің мешітте бір нәрсені сатып жатқанын, не сатып алып жатқанын көрсеңдер, оған: "Алла сенің саудаңды пайдасыз етсін "-деп айтыңдар. Ал біреудің жоғалған затты сұрап іздестіріп жатқанын көрсеңдер,оған:"Алла саған оны қайтармасын"-деп айтыңдар»-деген. (Муслим, Ахмад, Абу Дауд).
13. Мешітте дауыс көтермеу.
Сайб ибн Иазид деген кісі былай дейді: «Мешітте тұрған едім бір кісі мені таспен ұрып түртті, қарасам Омар ибн Хаттаб екен. Ол кісі маған: «Анау екеуін шақырып келші»-деді. Ол екеуін оған алып келдім. Сонда Омар ол екеуіне: «Кімсіңдер» немесе «Қайдан боласыңдар»,-деді. Олар: «Тайф елінен боламыз»,-деді. Оларға Омар: «Егер сендер қаламыздан болғандарыңда (яғни, Медина қаласының тұрғындары болғандарыңда), Алланың елшісінің мешітінде дауыстарыңды көтеріп сөйлегендерің үшін, қаттырақ ұрып ескертер едім»-деді. (Бухари).
14. Мешіттен азан айтылғаннан кейін шығу тиым етілген.
Мешітте отырған кезде азан айтылса, одан себепсіз шығып кету макруһ. Себепті жағдайларға дәретті жаңарту, және сол сияқты істер кіреді. Абу Шағса деген кісі өзінің жеткізген хабарында былай дейді: «Біз мешітте Абу Һурайрамен бірге отырған едік, азаншы азан айтты. Сол уақытта бір кісі тұрды да, кете бастады. Абу Һурайра оған мешіттен шығып кеткенше көзін салды. Кейін Абу Һурайра: «Бұл пенде Абу Қасымға, (яғни, Пайғамбар саллалаһу ғалайһи уа салламға) қарсы келіп, күнәһар болды»-деді. (Муслим).
15. Мешітке бара жатқанда немесе мешітте отырған кезде қолдың саусақтарын бір-біріне айқастырып тырсылдатуға тиым салынған.
Жалпы жағдайларда саусақтарды айқастырып тырсылдатудың ешбір айыбы жоқ. Бірақ мешітке шыққан адамның және намаз оқымастан алдын мешітте намаз уақытын тосып отырған кісіге, саусақтарын айқастырып тырсылдату, макруһ амалына жатады. Бұған дәлелді Қағб Ибн Ғужра атты сахабаның (Алла одан разы болсын) айтқан мына хадисінен көреміз. Ол хадисте: «Сендерден біреулерің дәретін толық етіп алып, арнайы мешітке қарай ниет етіп шықса, әрі ол мешітте намаз уақытын тосып отырған уақытта саусақтарын айқастырып тырсылдатпасын. Өйткені ол намазда. (яғни, намаз оқып жатқанмен тең),-делінген (Абу Дауд).
16. Мешітте рұқсат етілген дүние сөздерін сөйлеу.
Мұсылман кісінің өзінің мұсылман бауырымен мешітте рұқсат етілген дүние сөздерімен сөйлесуі күнә емес. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де, оның сахабалары да мешітте дүние істері жайында әңгімелесетін еді. Саммағ Ибн Харб Жабир Ибн Самраға:
- Пайғамбармен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отыратын ба едің, - деп, сұрақ қояды. Ол:
- Ия, Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көбіне таң намазын оқыған соң орнынан күн шыққанша қозғалмайтын еді. Күн шыққанда орнынан көтерілетін әрі сахабалар сол кездерде бір-бірімен әңгімелесетін. Жаһилетте болған істерді еске алып күлісетін. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллантың игілігі мен сәлемі болсын) да естіп күлімсірейтін еді. (Муслим).
Бірақ мешітте рұқсат етілген дүние істерімен әңгімелескен кезде мына нәрселерді естен шығармау керек. Олар:
1. Маңайындағы намаз оқушыларға, Құран оқушыларға, іліммен шұғылданушыларға азар беріп, мазаламау керек.
2. Мешітте дүние істерімен әңгімелесуді әдетке айналдырмау қажет.
3. Сол әңгіме барысында өтірік, ғайбат, өсек сияқты харам етілген күнәлі сөздер мен істерге өтіп кетпеу керек.
4. Әңгімені ұзаққа созбау керек.
5. Мешітте дауысты қатты көтермеу қажет.
6. Сауда-саттық сөздерін айтпау керек.
17. Мешітте ішіп-жеу.
Мешітте ішіп-жеудің оқасы жоқ. Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте ішіп-жеген кездері болған. Ол кісінің бұл ісі оның рұқсаттығына дәлел. Абдуллаһ Ибн Харис Ибн Жузин Аз-Забид деген кісі: «Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уақытында мешітте нан, ет жейтінбіз»-деген. (Ибн Мажа).
18. Мешіт тазалығын сақтау.
Яғни, мешітте қажетсіз қоқыс заттарды тастамау, тамақ, сусынның қалдықтарын төгіп, шашпау, оның ішіне түкіріп, қақырмау сияқты әдепсіз қылықтарды жасамаған жөн.
Денисов аудандық «Жұма» мешітінің
бас имамы, Ыбырай Ерік Қожахметұлы