Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.
Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – рамазан айы. Биылғы жылы рамазан айы маусымның 6-нан бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды рамазан айының келуімен құттықтаймын. рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари). Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз адамдардың бір-бірін рамазан айының келуімен құттықтау, шариғатымызда құпталған амал екендігіне негіз болмақ. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады»,- деді. Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді»,-деген.
Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.
Исламның бес парызының бірі – рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам - сенімнің жартысы»-деген. Оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткім келеді.
Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) да үмбетіне, яғни біздерге де рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).
Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ болып, соның себебінен ғибадаттан, Раббының рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.
Ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың – хижра жыл санауы бастау алады. Сол хижраның 2 жылы Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап, барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазанда бір ай бойы ораза тұтып келеді.
Ораза тұтатын айды толық түсіндіріп, баяндау үшін, Алла Тағаладан мына аят нәзіл болды: «/Сендерге/ санаулы күндерде /ораза тұту міндеттелді/. Ал сендерден кім ауырып қалса не жолаушы болса, онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Ораза тұтуға қиналатындар /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ фидия ретінде бір міскінді тамақтандырсын. Ал кім /өз еркімен/ қосымша бір жақсы іс жасаса, ол өзі үшін хайырлы. Егер білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін қайырлы. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратудың анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал кім ауырып қалса немесе жолаушы болса онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Алланы ұлықтаңдар – сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің үшін». ( Бақара сүресі, 184 аят)
Оразаны парыз ететін шарттар:
Рамазан айындағы оразаның үкімі - парыз айн (адамның жеке өзіне міндет болған парыз).
1. Мұсылман болу. Ораза ұстау – мұсылман болған әр ер адамға, әр әйел кісіге парыз.
2. Балиғатқа толу. Балиғат жасына толмаған сәбиге оразаның парыздығы міндеттелмейді.
3. Ақыл-естілік. Есі оралмайынша, жындыға, жарымеске, мас адамға, комадағы кісіге ораза парыз емес.
Оразаны атқаруға қабілетті қылатын шарттар:
1. Денсаулық. Науқас кісіге ауырған күндері, ораза кезінде жүкті немес емізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер және жолаушыға сапар күндері ораза ұстамаулары рұқсат етіліп, кейін жағдайлары жеңілдегенде сол күндердің қазасын өтеулері – парыз. Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар – ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былай деп баян етілген: «Шамасы келмейтіндер /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» (Бақара сүресі, 184 аят).
Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».
2. Тұрғылықты болу.
3. Әйел кісінің хайыз бен нифастан тазаруы. Бұл күндері атқарылмаған намаз бен оразаның айырмашылығы – намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаны өтеулері – парыз.
Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар
1. Ниет.
2. Оразаның бұзылмауы.
Біле тұра жеп-ішпеу. Ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды.
Біле тұра жұбайына жақындаспау. Кім бұны ұмытып істеп қойса, оразасы бұзылмайды.
Өзін-өзі құстырмау. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, мысалы, адамдардан ұялғанынан жұтса және құсық ауыз толтырарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.
3. Негізсіз болмауы.
Кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз.
Етеккір не нифас күйдегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.
Оразаның мұстахабтары (әдептері)
Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:
1. Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты: түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында:
«Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар»-дегн, яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.
2. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.
3. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі»-деген.
Оразаны бұзатын істер
1. Күндіз ораза ұстап жұргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп, жеу.
2. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру не екі ай бойы ораза тұту қажет.
Ал, кімде-кім ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.
Егер кімде-кім жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.
Оразаның артықшылығы
1. Рамазан – сынақ айы. Адам баласы бұл айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөйлеуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, яғни өзін сабырлыққа, шыдамдылыққа, тақуалыққа тәрбиелеуі керек. Ораза адам баласы мен Ұлы жаратушының арасындағы сыр. Кісінің ораз тұтып жүргені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Исламда иманның, сенімнің жоғары тұратындығы осыған дәлел. Әлдебіреу ораза тұтқан адамның көңіліне тиіп, балағаттаса, ауыр сөз айтып, қол жұмсағысы келсе, әлгі аузы берік кісі: «Мен оразамын»,-деп үш мәрте айтуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Маған айтыңызшы, қай амалды істесем, жұмаққа кіремін?»-деп сұрапты. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Оразаң сені алып кіреді»-деп жауап береді. Әлгі кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, тағы да әлгі сұрақты қойған уақытта жоғарыдағы жауабын қайталапты.
2. Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді»-деген. Сондықтан да Алла Тағала бұл айдың бір түнін қасиетті де қадірлі етті. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Алла Тағаладан алғаш рет Құран аяттары түсті. Сол себепті бұл түн «Қадір түні» деп аталады. Ол түннің игілігі мың айдан да артық. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі. Ораза тұтып, Жаратушы Жаббар Иесін еске алғандардың барлығының тілектерін Алла Тағала қабыл етіп, сол түні таң атқанша Алланың пенделеріне сыйлаған сәлемі, бибітшілігі, тыныштығы жалғасады. Бұл жайт Құран Кәрімнің Қадір сүресінде кеңінен баяндалған.
3. Рамазан – тақуалық айы. Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәфсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. Сондықтан, ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын! Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей!
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН ОРАЗАСЫ МЕН НАМАЗ УАҚЫТТАРЫНЫҢ КЕСТЕСІ
2016 жыл – хиджри 1437 жыл
(Қостанай қаласы үшін)
Маусым, шілде | Рамазан айы | Апта күндерi | Сәресінің уақыты | Таң намазы | Күннің шығуы | Бесін намазы | Екiндi намазы | Ақшам намазы (Ауыз ашар уақыты) | Құптан намазы |
6 | 1 | Дүйсенбі | 2:00-3:11 | 03:21 | 05:21 | 13:45 | 19:23 | 22:08 | 00:08 |
7 | 2 | Сейсенбі | 2:00-3:10 | 03:20 | 05:20 | 13:46 | 19:24 | 22:09 | 00:09 |
8 | 3 | Сәрсенбі | 2:00-3:10 | 03:20 | 05:20 | 13:46 | 19:24 | 22:10 | 00:10 |
9 | 4 | Бейсенбі | 2:00-3:09 | 03:19 | 05:19 | 13:46 | 19:25 | 22:11 | 00:11 |
10 | 5 | Жұма | 2:00-3:09 | 03:19 | 05:19 | 13:46 | 19:25 | 22:12 | 00:12 |
11 | 6 | Сенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:46 | 19:26 | 22:12 | 00:12 |
12 | 7 | Жексенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:47 | 19:26 | 22:13 | 00:13 |
13 | 8 | Дүйсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:47 | 19:27 | 22:14 | 00:14 |
14 | 9 | Сейсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:47 | 19:27 | 22:14 | 00:14 |
15 | 10 | Сәрсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:47 | 19:27 | 22:15 | 00:15 |
16 | 11 | Бейсенбі | 2:00-3:07 | 03:17 | 05:17 | 13:47 | 19:28 | 22:15 | 00:15 |
17 | 12 | Жұма | 2:00-3:07 | 03:17 | 05:17 | 13:48 | 19:28 | 22:16 | 00:16 |
18 | 13 | Сенбі | 2:00-3:07 | 03:17 | 05:17 | 13:48 | 19:28 | 22:16 | 00:16 |
19 | 14 | Жексенбі | 2:00-3:07 | 03:17 | 05:17 | 13:48 | 19:29 | 22:16 | 00:16 |
20 | 15 | Дүйсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:48 | 19:29 | 22:17 | 00:17 |
21 | 16 | Сейсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:48 | 19:29 | 22:17 | 00:17 |
22 | 17 | Сәрсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:49 | 19:29 | 22:17 | 00:17 |
23 | 18 | Бейсенбі | 2:00-3:08 | 03:18 | 05:18 | 13:49 | 19:29 | 22:17 | 00:17 |
24 | 19 | Жұма | 2:00-3:09 | 03:19 | 05:19 | 13:49 | 19:30 | 22:17 | 00:17 |
25 | 20 | Сенбі | 2:00-3:09 | 03:19 | 05:19 | 13:49 | 19:30 | 22:17 | 00:17 |
26 | 21 | Жексенбі | 2:00-3:10 | 03:20 | 05:20 | 13:49 | 19:30 | 22:17 | 00:17 |
27 | 22 | Дүйсенбі | 2:00-3:10 | 03:20 | 05:20 | 13:50 | 19:30 | 22:17 | 00:17 |
28 | 23 | Сейсенбі | 2:00-3:11 | 03:21 | 05:21 | 13:50 | 19:30 | 22:17 | 00:17 |
29 | 24 | Сәрсенбі | 2:00-3:11 | 03:21 | 05:21 | 13:50 | 19:30 | 22:16 | 00:16 |
30 | 25 | Бейсенбі | 2:00-3:12 | 03:22 | 05:22 | 13:50 | 19:30 | 22:16 | 00:16 |
1 | 26 | Жұма | 2:00-3:13 | 03:23 | 05:23 | 13:51 | 19:30 | 22:16 | 00:16 |
2 | 27 | Сенбі | 2:00-3:13 | 03:23 | 05:23 | 13:51 | 19:29 | 22:15 | 00:15 |
3 | 28 | Жексенбі | 2:00-3:14 | 03:24 | 05:24 | 13:51 | 19:29 | 22:15 | 00:15 |
4 | 29 | Дүйсенбі | 2:00-3:15 | 03:25 | 05:25 | 13:51 | 19:29 | 22:14 | 00:14 |
ЕСКЕРТУ:
• Биыл, яғни 2016 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша Қасиетті Рамазан айы 29 күн.
• 6-маусым қасиетті Рамазан айының 1-ші жұлдызы.
1. Сәресі ішу таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылады.
2. Шілденің 1-нен 2-не қараған түн (26-27 Рамазан) қасиетті – Қадір түні.
3. Ауызды ақшам намазының уақыты кіргенде құрмамен немесе сумен және т.б.тағаммен ашу керек.
4. Тарауих намазы 5-маусымнан бастап, жасиқ намазынан кейін оқылады, одан кейін үтір уәжіб намазы жамағатпен оқылады.
5. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, айт күніне дейін беруге болады. Биылғы жылы Қостанай облысы бойынша пітір садақасының құны – 200 теңге.
6. 5-шілде сейсенбі күні – Ораза айт мейрамы басталады. Айт намазы Қостанай қаласында сағат 07:00-де оқылады.
7. Оразаға ниет: «Алла Тағала үшін мүбарак рамазан айының оразасын таңнан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім».
8. Ауыз ашар дұғасы: «Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Иә, кешірімді Алла! Менің алдынғы және соңғы күнә кемшіліктерімді кешіре гөр!»
Алланың қалауымен биылғы жылдың 8-мамырынан Шағбан айы басталды. Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Алла Тағаланың пенделеріне деген ризық-несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат-құлшылықты жан-тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай.
«Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай, Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз»,-деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Умәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,-деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау.
Айша (р.а.) анамыз айтады: «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) бірінің артынан бірін ұстаған оразасына қарап, енді ораза ұстауын тоқтатпайды деп ойлайтынбыз. Ал оразаны бірінің артынан бірін ұстамаған кездері, енді Ол оразаны ұстамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ол шағбан айында ораза ұстағанды ұнататын. Мен: «Ей Алланың Елшісі, Сенің шағбанда көп ораза ұстайтыныңды байқадым. Осының сыры неде?»-деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Я, Айша! Бір жыл ішінде қайтыс болатын адамдарыдың есімдері шағбан айында жеке дәптерлерінен өшіріліп, Азрайылға тапсырылады. Сондықтан оразалы күйімде есімім бір дәптерден өшіріліп, екіншісіне жазылуын қалаймын. Осы себептен шағбан айын жақсы көремін»-деп жауап берді.
Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, бізге де осынау мүбарак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.ғ.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін»-дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай – Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Алла Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын»-деді.
Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі- үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған. Әбу Хурайра (оған Алла разы болсын): «Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар»,- деген Пайғамбарымыздың сөзін жеткізеді.
Шағбан айының тағы бір қасиеті, осы айдың орта шеңінде ұлық бір түн бар. Ол – мамыр айының 21-нен 22-не қараған мүбарак Барағат түні. Себебі бұл түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады.
Али бин Әбу Талибтен (р.ғ.) риуаят етілген бір хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағала шағбанның он бесінші түні дүние аспанына түседі. Мыналардан өзгенің бәрінің күнәлары кешіріледі. Кешірімнен тыс қалғандар: мүшрік, мұнафық, туысымен қарым-қатынасын үзген және зинақор әйел».
Алла Тағаланың «дүние аспанына түсуі» деген сөзі, Оның рахметі мен берекетінің, қайыр мен нығметінің түсуі. Көк есіктерінің ашылуы, дұғалардың дереу қабыл болуы әрі құлдарына рахым мейірімімен қарауы. Өйткені Алла Тағалаға мекен тағайындау дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак сөздерінде: Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?»-деп сұрағанымда Жәбрәйіл (ғ.с.): «Таң атқанша»,-деді де: «Я, Мұхаммед! Алла Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының жүндерінің санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)»-деді. Қалб тайпасы – көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.
Бұл түні не істеу қажет?
Бәрат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:
- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң, я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.
- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы жайлы көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде я болмаса өз ана тілінде сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.
- Нәпіл намазды я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар болса (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса). Ол кісілерге осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауды ұсынамыз:
1. Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте, егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын.
2. Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.
3. Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.
- Әйел адамдар етеккір кезінде намаз бен Құран оқи алмайтындықтан, олар кез келген зікірді айтып, тасбих тартып, салауат айтуы керек. Сонымен қатар Құран мен хадистерде келген араб тіліндегі дұғаларды дұға ету ниетімен оқи алады.
- Сенімділігі әлсіз хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні Бақый қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмас Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.
Жоғарыда атап айтылғандай Бараат түні – мұсылмандар үшін ерекеше түн. Сондықтан да осы түнді Аллаға толықтай мойұсынған күйде өткізу қажет. Әрі Алланың алдында ұнамсыз амалдардан тиылу қажет. Дегенмен әрбір мұсылман әр кезде күнәлі істерден аулақ болуы қажет. Осындай түндері күнәлі іс жасау үлкен қылмыс әрі Алла Тағалаға бойұсынудан бас тартқандық болып саналады. Мұндай амал Алланың қаһарына ұшыратады. Сондықтан да барынша күнәлі істерден тиылуымыз қажет, асылында осы түнгі жасалған күнәлар бұл түннің барлық нығыметінен құр қалдырады.
Шағбан айының (13, 14, 15) күндері ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндер «Аямул байд» яғни ақ күндер деп аталады. Хижри жыл санау бойынша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау қажет. Себебі бұл күннің түндерінде ай толықсып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Алла Тағала дүние қараңғылығынан ағартады. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасының түні болғанда күндізінде ораза болып, түнінде намазға тұрыңдар»,-деді.
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан Мүбарак Шағбан айын және ұлық Барағат түндерін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Шағбан айындағы нәпіл ораза ұстайтын күндердің сәресі және ауыз ашар уақыттарының кестесі:
Мезгілі | 20.05.2016 | 21.05.2016 | 22.05.2016 |
Сәресінің аяқталуы | 03:27 | 03:25 | 03:25 |
Ауыз ашар уақыты | 21:55 | 21:57 | 21:57 |
Ескерту: Аталмыш уақыттар Қостанай қаласының координаттары бойынша берілді.
Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Бар мақтау әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға тән, және ардықты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына, және соларға ізгілкте ерген кейінгі ізбасарларына Алланың игілігі мен рахымы болғай! Асыл дінімізде мүбәрак саналған үш айға да келіп жеттік. Олар «Режеп», «Шағбан», «Рамазан» айлары. Алла Тағала жыл он екі ай ішінде қасиетке толы айларды, күндерді және түндерді айқындап көрсетіп берді. Сондықтан, бүкіл мұсылман қауымы осы құрметті айлардың сауабынан құр қалмас үшін шама келгенше ораза, намаз, зекет сияқты құлшылық-ғибадатты көбірек орындаған жөн. Адам баласы пенде, яғни қателесуші. Сондықтан үлкен-кіші күнә–қателіктерін кетіру үшін Аллаға көп тәубе-истиғфар жасап, қоғамдағы мұқтаж жандардың игілігіне орай, садақа беру арқылы қайырымдылық іс-шараларын жасау нұр үстіне нұр болар еді.
Ережеп сөзі «бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді құрметтілігіне қарай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп айы харам айы болғандықтан бұл айда Алла Тағаланың тыйым салған харам нәрселерінен барынша алыс болу қажет. Бұлай аталуының бірден-бір себебі – арабтар Исламнан бұрын осы айды ерекше ұлықтап, қадір тұтып барлық жағымсыз істерден іргесін аулақ салған. Ал, Ислам келгеннен кейін ережеп айының мәртебесі тіпті өсті. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайтын. Бұл айда тәубә етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі.
Сондықтан, бұл айлардың қадірін біліп, босқа өткізіп алмай, Алланы көбірек еске алып, біліп-білмей істеген қателеріміз үшін кешірім сұрап, тәубеге келіп, Құран оқып, ілім үйренумен өткізгеніміз жөн. Төрт халифаның бірі Омар (р.а.) әр күні кешке өзінен: «Бүгін Алла үшін не істедім?» - деп сұрайтын. Яғни, әрбір адам күнде кешкісін Алла үшін не істегені жөнінде өзінен-өзі есеп алып отыруы керек. Осылай өзімізден есеп алу арқылы, қысқа өмірімізді мәнді өткіземіз. Бұл айда ерекше істеген игі істерімізді тек бір Алланың разылығын табу мақсатында ғана жүзеге асырған дұрыс.
Мұсылман күнтізбесіндегі он екі айдың төртеуі қасиетті айлар болса, соның бірі – ережеп айы. Бұл жөнінде Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында былай дейді:
إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ۚ ذَٰلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ ۚ فَلَا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ ۚ
«Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны он екі, олардың төртеуі (зулқағда, зүлхиджа, мухаррам, ережеп) харам айлар. Міне, ең дұрыс үкім, әрі мінсіз жүйе (есеп) – осы. Ендеше бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар».
Сондай-ақ, тағы бір аятта Алла Тағала:
(يَسْأَلُونَكَ عَنِ الشَّهْرِ الْحَرَامِ قِتَالٍ فِيهِ ۖ قُلْ قِتَالٌ فِيهِ كَبِيرٌ ۖ وَصَدٌّ عَنْ سَبِيلِ اللَّهِ وَكُفْرٌ بِهِ وَالْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِخْرَاجُ أَهْلِهِ مِنْهُ أَكْبَرُ عِنْدَ اللَّهِ ۚ وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ ۗ وَلَا يَزَالُونَ يُقَاتِلُونَكُمْ حَتَّىٰ يَرُدُّوكُمْ عَنْ دِينِكُمْ إِنِ اسْتَطَاعُوا ۚ وَمَنْ يَرْتَدِدْ مِنْكُمْ عَنْ دِينِهِ فَيَمُتْ وَهُوَ كَافِرٌ فَأُولَٰئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ ۖ وَأُولَٰئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ ۖ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ)
«Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? - деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу - үлкен күнә», - де. Ал, адамдарды Құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-Харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару - Құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау - кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшірік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны - тозақ, онда олар мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 217-аят), - дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Сондай-ақ, ережеп айы кіргенде:
اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ
«Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі етіп, бізді рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) - деген дұғамен мүбәрәк айларға (ережеп, шағбан, рамазан) қадам басатын. Иә, ережеп, шағбан айларында түрлі құлшылық пен игі істерді молайтып сауапқа кенелсек, екінші жағынан солар арқылы алдымыздағы айлардың төресі рамазанға дайындық жасаған боламыз.
Ережеп айында қасиетті бір түн бар. Бұл айдың жиырма жетінші түні (мамыр айының 3-нен, 4-не қараған түн) миғраж түніне дөп келеді. Дұшпандармен табанды күрес жүргізіп, әбден қажыған шағында, Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қасиетті исра және миғражды (түнгі серуен және көкке көтерілу) нәсіп еткен еді. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп Алланың құзырына барғандай әсерленеді.
Міне, ережеп айы осындай қасиетті түнмен де құнды. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.
Сауабы мол ораза
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқаны бар: «Ақиқатында, кейбір күндерде Алланың сыйы бар (жасырылған), сондықтан оны іздеңдер!», Алла Өз Кемелділігімен кейбір айларды зерек құлдарының пайдасына қарай басқасынан артық қылып жаратты. Сол бір ерекше айлардың бірі – Ережеп айы.
Ханафи, шафиғи және мәлики мазхабтарының ғұламарының басым көпшілігі, сонымен қатар кейбір ханбалилер, Режеп айын толығымен оразамен өткізген абзал деп санайды.
Ережеп айында ұсталатын ораза жөнінде ханафи мазһабы ғұламаларының атақты пәтуалар жинағы «Фәтауә әл-Хиндийя» (1\202) кітабында былай делінген: «Ұсталуы абзал болған оразалардың бірнеше түрі бар: солардың алғашқысы – Мұхаррам айындағы, екіншісі – Режеп айындағы, үшіншісі – Шағбан айындағы мен Ашура күнінде ұсталатын оразалар».
Сонымен қатар шафиғи мазһабының атақты ғұламасы, шейхул-Ислам Закария әл-Ансари «Асна әл-Маталиб» атты еңбегінде былай деген: «Рамазаннан кейін ораза ұстауға абзал болған «харам» айындағы оразалар, олар: Зүл-Қаада, Зүл-Хиджа, Мұхаррам және Ережеп. Олардың арасынан абзал болғаны Мұхаррам, Муслимнің риуаятына сай: «Рамазаннан кейінгі абзал болған ораза, ол Мұхаррам айындағы, одан кейінгісі қалған басқа «харам» айларындағы, бұдан аларымыз басқа айдағылардың барлығы өзара тең, сондықтан Режеп «харам» айындағы ең абзалы деген сөзден, алауыздықтан арылу үшін Режепті қоса белгілегеніміз абзал»».
Ережеп айындағы нәпіл ораза ұстайтын күндердің сәресі және ауыз ашар уақыттарының кестесі:
Мезгілі | Басы | Ортасы | Соңы | ||||||
08.04. 2016 ж. | 09.04. 2016 ж. | 10.04. 2016 ж. | 21.04. 2016 ж. | 22.04. 2016 ж. | 23.04. 2016 ж. | 05.05. 2016 ж. | 06.05. 2016 ж. | 07.05. 2016 ж. | |
Сәресінің аяқталуы | 04:54 | 04:49 | 04:47 | 04:21 | 04:19 | 04:17 | 03:52 | 03:50 | 03:48 |
Ауыз ашар уақыты | 20:40 | 20:43 | 20:45 | 21:05 | 21:07 | 21:09 | 21:30 | 21:32 | 21:34 |
Ескерту: Аталмыш уақыттар Қостанай қаласының координаттары бойынша берілді.
Бахытбек қажы Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.
Ислам әлемінде бұл күнді, Мәулид ән-Нәби (с.ғ.с.), яғни Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) туылған күні деп атайды. Жалпы әлем мұсылмандары көбінесе Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туылған күнін бір ай көлемінде атап өтеді. Осы мәуліт айының басы, биылғы жылы желтоқсан айының 22-нен 23-не қараған күнге сәйкес келіп отыр.
Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік»,-деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрған уақытта, барша ғалам қараңғылықта тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір меңіреу пұттарды Құдай деп танып, ес-түссіз құлшылық етті. Ақ, қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы түнекте Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.) дүниеге келді.
Жалпы алғанда, мәулітті ең алғаш атап өткен адамзаттың ардақты тұлғасы – хазреті Мұхаммадтің (с.ғ.с.) өзі десек, ақиқатты айналып өткендік болмайды. Өйткені, имам Муслимнің хадистер жинағында, Әбу Қатададан риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісінен (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», - деп жауап берген. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылда бір рет емес, әр дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы туылған күнін атап өткен. Хадисте Расулулланың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған.
Мәулітті атап өтудің мән-маңызы мен негізінде, Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббат жатыр. Алғашқы үш ғасырда (сахаба, табиғин, әтбағут-табиғин) мәулітті ресми түрде атап өту әдеті болмаған. Дегенмен, сахабалардың заманында жыл санауды белгілеуге қатысты айтылған ұсыныстардың ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнінің де ескеріліп аталуы, ардақты сахабалардың арасында осы күннің ерекше мәңге ие екендігін көрсетсе керек.
Кейбір ғалымдардың айтуынша, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін атап өту рәсімі, һиджри жыл санауы бойынша VI ғасырда (миләди XIII ғ.) пайда болған. Десек те, кейбір тарихи деректерде, мәулітті атап өту, һиджри ІІІ ғасырдан бастау алғандығын көреміз. Сол кезге дейін бірде-бір мұсылман ел басшысы немесе мұсылман қара халқы мәулітті атап өтпетін-ді.
Әйгілі мұсылман ғалымы әс-Сахауидің бұған қатысты: «Мәуліт һижри жыл санағымен ІІІ ғасырдан соң пайда болды. Содан бастап әлемде мұсылмандар мәулітті садақа берумен және «мәуліт қасидаларын» оқумен атап өтетін болды», - деген сөзі бар («Мұхаммад», Мұхаммад Риза).
Фатимиліктер үш ғасыр бойы (һиджри 296-567 ж.ж.) Мысырды билеп, сонда халифат (мемлекет) құрған болатын. Мәселен, әйгілі тарихшы Макризи өзінің «әл-Хутат» атты еңбегінде фатимиліктер жайында былай деген: «Фатимиліктер көптеген мейрамды заңдастырып, жыл бойы барлығын атап өтетін. Сол мейрамдардың ішінде мәуліт те болды...».
Мысырлық мүфти, шейх Мұхаммед Бұхайт әл-Мутыи келтірген деректерге сүйенсек, мәулітті ең бірінші болып фатимилік патша әл-Муиз атап өткен. Тарихтағы алғашқы мәуліт қуаңшылық пен аштық кезеңіне сай келгендіктен әл-Муиз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнінің құрметіне салтанатты түрде, мәуліт мейрамын ұйымдастырып, аталмыш мерекелік жиын барысында адамдарға сыйлықтар мен садақалар үлестірген. Сондықтан, әл-Муиз өткізген мәуліт жиынындағы таратылып берілген сыйлықтар мен садақалар, қалың жұрттың бір қажетін өтеген болатын («Ахсану әл-калям фима йата`алләку биссуннати мин әл-ахкам»).
Уақыт өте кресшілермен болған күрестің қаһарманы сұлтан Салахуддин әл-Айюби фатимиліктерді талқандап, оларды Мысырдан тықсыра қуды. Онымен шектелмей, сұлтан Салахуддин фатимиліктердің мейрамдарының барлығына тыйым салды. Өйткені, бастапқы кезеңдерде мәуліт тек фатимиліктердің халифатында ғана аталып өтілетін еді.
Жоғарыда айтылған оқиғалардан соң һижра күнтізбесінің VI ғасырында Ибрил қаласының (Ирак) әкімі, сұлтан Салахуддин әл-Айюбидің күйеу баласы сұлтан Әл-Музаффар Әбу Саид Көкбөрі, халықтың кейбірі мәулітті үйлерінде жасырын түрде атап өтетінін байқаған. Нәтижесінде, Әл-Музаффар мәулітке рұқсат беріп, бұқара халықтың мейрамы ретінде аталып өтілуін ұйғарған. Сонымен қатар, ол шатырлар тіккізіп, рабиғул-әууәл айы бойы азық-түлік пен сыйлықтар таратылуын бұйырған. Осыдан соң мәуліт мейрамы жыл сайын аталып өтілетін халықтық мерекеге айналды. Имам Ибн Кәсир өзінің «Әл-Бидая уан-ниһайа» кітабында былай деген: «Әл-Музаффар Әбу Саид Көкбөрі өте қырағы, жаужүрек және әділ болумен қатар, ғалым болатын» («Әл-Бидая уан-ниһайа», «Әл-Музаффар Әбу Са`ид Көкбөрінің басқаруы»).
Әлемді мекендеуші екі миллиардтан астам мұсылман қауымының сүйікті Пайғамбары (с.ғ.с.), екі дүние бақытының жолбасшысы, әлемнің жарық нұры, Пайғамбарлардың ең абзалы – Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с.) милади 571 жылдың 20-шы сәуір, рәбиғул-әууәл (ай күнтізбесі бойынша) айының 12-ші түні, дүйсенбінің таң-сәресі уақытында Мекке мүкаррамадағы Абдулмутталиб шаңырағында дүниеге келді. Сондықтан да әр жылы осы күнді құрметтеп, Алла Тағаланың бізді ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) сүйікті үмметі қылып жаратқандығына шүкіршілігімізді білдіріп, салауат-сәлемдер айтамыз.
Жер жаһан мұсылмандары осынау мүбарак түнді жыл сайын Мәуліт мерекесі ретінде атап өтеді. Пайғамбарымыздың ұлты – араб, Құрайыш тайпасының Хашимұлдары әулетінен шыққан. Әкесі - Абдолла, анасы - Әмина еді.
Дүниеге келген шағында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелдер: Шифа, Фатима, оларға Үммү Әйман да қолғабыс жасаған. Олардың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыларда үй іші нұрға толып кеткен. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ИбраҺимнің (ғ.с.) дұғасын алған, Иса (ғ.с.) Пайғамбар оның келетіндігін алдын ала сүйіншілеген, анасы Әмина оны түсінде көрген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылмай тұрып, әкесі ауырып көз жұмып, Мәдинада жерленген. Сондықтан ол әкесін көре алмады. Төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің қабірін зиярат етіп қайту үшін Мәдинаға апарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы Абдулмұтталибтың шешесі Сәлма мәдиналық болғандықтан, сол жақта туыстары тұратын. Әкесінің қабірі нағашы ағасы Нәбиғаның ауласында еді. Хазреті Әмина баласымен бірге күйеуі Абдуллаһтың қабірін зиярат етті. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыстарымен танысып қайтты. Қайтып келе жатып Әбуа атты жерге жеткенде Әмина анамыз ауырып қайтыс болады. Сүйегі сонда қойылды. Осы сапарға бірге шыққан Үммү Әйман пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Меккеге әкеліп, атасының қолына табыстайды.
Алты жасынан сегіз жасқа дейін атасы Абдумұтталибтың тәрбиесінде болды. Атасы өлер алдында әкесінің бауыры Әбу Тәліптің үйін паналауды өсиет етеді. Көкесінің қойларын бағып, үйдегі жұмыстарға да қолғабыс тигізеді. Он үш жасынан бастап саудаға араласып, ерекше адалдығымен көзге түседі.
Жиырма бес жасқа келгенде хазреті Хадиша (р.а.) анамызға үйленді. Ол кезде Хадишаның жасы қырықта еді. Оған үйленерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ел ішінде сенімділігі мен танымалдығы үлкен рөл ойнайды.
Отыз бес жасында Қағбаға тасты қоюға таласқан тайпалар арасын татуластырып, әділ төрелік етті де олардың арасында тұтанғалы тұрған қақтығысты болдырмады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырық жасқа жақындағанда елден жырақ кетіп, жаратылыстың тылсым құпияларына оңашада ой жіберуге құмартты. Ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Қырық жасқа толған 610 жылдың Рамазан айында Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы уахи жолымен ең алғашқы «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен оқы!» деген аяттар түсті. Осыдан барып Жаратушы тарапынан оған «Пайғамбарлық» міндет жүктелді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шақыруымен Ислам дінін алғашқылардың бірі болып хазреті Хадиша (р.а.), Әли (р.а.), Харисұлы Зәйд (р.а.) және Әбу Бәкір (р.а.) қабылдады. Артынша хазреті Осман (р.а.), Ауфұлы Абдуррахман (р.а.), Әбууаққасұлы Саад (р.а.), Талха (р.а.) мен Зүбәйрлер (р.а.) тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болды. Алғашында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оған ергендер пұтқа табынушылар тарапынан көп қиындық көрді. Тіпті хазреті Ясир мен әйелі Сүмәйя Алла жолында жанын қиып, алғашқы шейіт болды. Біләл (р.а.), Әбу Фуқаһа (р.а.), Әратұлы Хаббаб (р.а.) секілді ер кісілер мен қатар Үммі Абис ( р.а.), Нәхдия (р.а.) мен Зиннира (р.а.) секілді әйел мұсылмандардың да басына қайғы бұлты үйірілді.
Пайғамбарлықтың алтыншы жылы Хамза (р.а.) мен Омар (р.а.) сияқты нағыз қаһарман ер жүрек кісілер Исламды қабылдады. Сол жылдары кейбір мұсылмандар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) рұқсатымен Эфиопияға көшті. Пұтқа табынатындар мұсылмандарды оқшаулап жұртпен араласуға шектеу қойып, құртып жіберудің айла-шарасын жасап бақты. Олармен сауда жасауға, араласуға қатаң тыйым салды. Бұл үш жылға созылды. Пайғамбарлықтың оныншы жылы хазреті Хадиша (р.а.) мен Әбу Тәліп қатар көз жұмды. Дін дұшпандарының зорлық-зомбылығы тіптен арта түсті. Өйткені, олар беделді де, абыройлы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп қолдау көрсеткен жақындары еді. Қатты қайғырған Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) өзіне қолдау іздеп Тайыф қаласына барды. Бірақ, тайыфтықтар оны келеке етіп таспен атқылап, үсті-басын қан-жоса етті. Шаһар сыртындағы тауды паналап, әрең аман қалды.
Осындай аса қиын-қыстау кезеңде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінде «Миғраж» оқиғасы орын алды. Алла Тағаланың құзырына барып, оның бірқатар бұйрықтарын тікелей Өзінен естіп-біліп қайтты. «Исра» сүресінің 22-39 аяттарында айтылатын 12 бұйрық та осы түні түскен болатын.
Қиындықтардың ешқайсысына мойымай Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Исламды уағыздауды жалғастыра берді. Арада бір-екі жыл өткенде «Ақаба анттары» қабылданды. Артынша-ақ, Алла Тағаланың аян беруімен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауымен мұсылмандар Меккеден Мәдинаға көшті. Хижра жыл санауы осылай басталған болатын. Жұрттың соңында Расулымыз (с.ғ.с.) қасына Әбу Бәкірді (р.а.) ертіп, Меккеге жол тартады. Пұтқа табынушылар олардың ізін өкшелеп Сәуір үңгіріне дейін қуып барады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен мұсылмандарды – мұһажирлар, ал, оларға қол ұшын берген мәдиналықтарды – ансарлар (бауыр) деп жариялады. Мүшріктер мен мұсылмандар арасында Бәдір, Ұхуд, Хандақ, секілді бірнеше соғыстар болды. Мәдина маңайын бұрыннан мекен етіп келе жатқан иаһудилер бар еді. Қайнұқа, Нәдір мен Құрайза деп аталатын бұл иаһуди тайпалары мұсылмандармен тістесіп, тіресуін қоймады. Үнемі арадағы келісімдерді орындамай, бұзып отырғандықтан, олар ол маңнан қуылды.
630 жылы Меккені азат етті. Кезінде өзі қуылған Меккеге қайта басып кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне жаманшылық жасағандардың барлығын кешірді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) 632 жылы қажылық кезінде Арафатта жүз мыңнан аса мұсылмандарға арнап сөз сөйледі. Исламның қысқаша түсінігі, адам құқықтары жөнінен өте үлкен мәнге ие бұл сөзі, Ислам тарихында қоштасу хұтпасы деп аталды.
Ислам дінін асқан сабырлылықпен, үлкен ыждағаттылықпен адамзат баласына жеткізген сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 632 жылы дүйсенбі күні бақилыққа аттанды. Жаназа намазы өз үйінде оқылып, сол жерге арулап жерленді.
Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қиямет қайымға дейінгі болашақ нәсілдерге теңдесіз үлгі-өнеге болатын ең ұлы тұлға. Оның кемелдігі мен ұлы тұлға болуының іргесі – көркем мінез-құлқының арқасы. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінген: «Сөзсіз, сен ұлы (көркем) мінезге иесің» (Қалам сүресі 4-аят). Ол тек сөз жағынан Құранды үйреткен мұғалім емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз өміріне енгізіп, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан. Сахаба Жәбир (р.а.) келтірген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді»-деген. ( Муатта 904; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра Х, 192)
Нұрлы келбетінен тартымдылық пен шешендігі байқалатын. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек, яки, бос сөз шыққан емес-ті. Қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Ол әрқашанда сыпайы, кішіпейілді және жайдары болатын. Тіпті оның қатты дауыстап күлгенін көрген жан жоқ еді. Зиялы қауым өкілдеріне де, олардың мәртебелеріне де үлкен құрмет көрсететін. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Қол астындағы қызметшілеріне де жылы шыраймен қарап, олардың ризашылығына бөленіп, өзі не ішіп-жесе, не кисе, соны оларға да ішкізіп-жегізіп, киіндіретін. Қашанда мейірімі мол ерекше қамқоршы еді. Кезі келсе батылдылық танытып, кейде жұмсақ мінезін көрсететін. Берген уәдесіне берік, сөзіне шыншыл еді. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық болатын. Қысқаша айтар болсақ, дене бітімі әдемі, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ киелі жан болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) қажет деп тапқан кезде ғана сөйлеп, көбінесе үнсіз әрдайым терең ойларда жүретін. Бір сөзді бастағанда, әңгімесін толығымен жеткізіп, әрбір айтқан сөзінің астында астарлы мағына жататын. Жаратылысы жұмсақ болғанымен, асқан дәрежеде берік те айбатты еді.
Ол ешкімнің үйіне иесі рұқсат бермейінше кірмейтін. Өз үйіне келгенде де үйде өткізетін уақытын үшке бөлетін: Бір бөлігін – Аллаға құлшылық жасауға, екінші бөлігін – отбасына, үшінші бөлігін – өзіне. Адамдарды ақ-қара деп бөлмей, барлығына бірдей қарап, оларды риза ететін. Сондай-ақ әрбір іс-қимылын зікірмен орындайтын.
Кімде-кім одан қажет бір нәрсе сұраса, сұраған нәрсесі маңызды ма жоқ па, оны бермейінше көңілі тыныштық таппайтын. Егер сұраған нәрсесі табылмаса, ол мұқтаж адамның көңілін қалдырмай, жылы сөздермен шығарып салатын. Әркімнің қайғы-қамына да ортақтасатын. Адамдарды бай немесе кедей, ғалым, яки, надан деп қарамайтын. Бәріне бірдей адамзат баласы ретінде мәміле жасайтын. Мәжіліс жасағанда сыпайы, ғылыми және сабырлылықпен өткізетін. Қателігі мен кемшілігіне бола ешкімді кекетпейтін. Ескерту жасағанның өзінде де қасындағы адамды ренжітпей, сыпайы түрде ымдап қана қоятын. Өзгелерге жаман ойда болу, олардың артына түсіп аңду, Алла Тағала тарапынан рұқсат етілмегендіктен, ешкімнің айып-қателіктерінің соңына түсіп аңдымайтын және бұлай істейтіндерге тыйым салатын.
Олай болса екі дүние жақсылығына жеткіміз келсе, құрметті Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзімізге үлгі тұтып, көркем мінезін басшылыққа ала отырып, әрдайым сүннетімен жүруге тырысуымыз қажет. Желтоқсан айының 22-нен бастау алып, бір ай бойы мәуліт айының қадір-қасиетін ұғынып, мәуліт қасидаларын оқып, Пайғамбарымызға салауат-сәлемдер жолдап, Құран Кәрімді көбірек оқуға ынталанайық. Мәуліт күндері мештерімізде айтылатын уағыз-насихаттарға құлақ асып, Алладан күналарымыздың кешірілуін тілейік. Мәуліт айының шарапатымен жүрегіміздегі дақтарды кетіріп, Аллаға деген сенімімізді кемелдендіріп, Пайғамбарымызға деген махаббатымызды арттырайық.
Ислам ғұламаларының мәуліт айын мерекелеуге қатысты айтқан сөздері мен берген бағалары орасан зор.
«Сахих Муслим» түсініктемесінің авторы имам Науауидің ұстазы шейх Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара қуанышты көңіл-күймен өткізу. Осының бәрі Нәбиге (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі».
Имам Суютый, тәпсір саласында беделді «Әл-Жәмиу ли ахкамиль-Қуран» атты еңбектің авторы: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш»,- деген.
Ас-Сахауи айтқан: «Исламның алғашқы үш ғасырында саләф салихтардың еш бірі мәулітті атап өтпеген. Себебі бұл мәулітті атап өту үрдісі кейіннен пайда болған. Бұл күні Ислам әлемінің түкбір-түкбіріндегі мұсылмандар садақалар үлестіріп, мәуліт қасидаларын оқиды және сол күнді дәл осылай өткізгендері үшін оларға Алла Тағаланың берекеті жайылады» (Әли ибн Бурһануддин әл-Хәләби «әс-Сира әл-Хәләбийя» 1-том, 83-84 беттер).
Ибн Джаузи айтқан: «Бұл мейрамның ерекшеліктерінің бірі – тыныштық, қуаныш және мақсаттардың орындалуы» (Әли ибн Бурһануддин әл-Хәләби «әс-Сира әл-Хәләбийя» 1-том, 83-84 беттер).
Ибн әл-Хадж айтқан: «Алла Тағаланың бізге сондай керемет нығметті – Пайғамбарды (с.ғ.с.) нәсіп еткендігі үшін, рабиғул-әууәл айының 12-сі, дүйсенбі күні барлығымыз көп құлшылық жасап, шүкіршілік қылуымыз қажет» («әл-Мадхал илә ат-Тасаууф» 1-том, 361-бет).
Ибн Абидин айтқан: «Рұқсат етілген бидғаттардың бірі – Пайғамбарымыздың туылған күнін атап өту екендігін, әрдайым білім жүрген ләзім». Сол сияқты ол былай деп те айтқан: «Бұл күні Пайғамбарымыздың өмір жолы мен мұғжизаларын танып білу үшін жиналу – мустахаб (ұнамды іс). Себебі осылай жасау, Алла Тағалаға жақындаудың ең дұрыс тәсілі».
Шейх Мұхаммад Мутауәлли аш-Шағрауи айтқан: «Біздің, жыл сайын осынау ұлық оқиғаны, Мәуліт мейрамын атап өтуге, қуануға хаққымыз бар».
Сонау замандарда, Түркістанның «шейхул-исләм» атағына ие болған ғалым, Әл-Мубашшир ат-Тарази мәуліт мейрамына қатысты былай деп айтқан: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін атап өту міндет (уәжіп). Себебі бұл мейрам, біздің заманымызда ойлап табылған түрлі зиянды мерекелерге қарсы тұруға, септігін тигізеді».
Мұсылман әлемі мәулітті қалай атап өтеді?
Мәуліт бүкіл мұсылман әлемінде мейрам түрінде өткізіледі. Мәселен, Сирия, Мысыр, Ливия, Иордания, Тунис, БАӘ-де мәуліт мемлекеттік мейрам ретінде бекітіліп, бұл күні ресми демалыс болып есептеледі. Ал Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күні үш күн бойы тойланады.
Көптеген мемлекеттерде рабиғул-әууәл айы бойы мәуліт тақырыбында уағыз-насихат жүргізіліп, барлық мешіттерде Құран, мәуліт қасидалары оқылып және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы жайында уағыздар айтылады.
Сонымен қатар бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы тақырыпта мақалалар жарияланып, теледидар мен радиоларда арнайы бағдарламалар жүргізіледі. Кейбір мұсылман мемлекеттерінде жоғары лауазымды тұлғалар, мереке тойланатын жерлерге барып, мұсылмандарға құттықтау жолдайды.
Ендеше, еліміздің барша мұсылман жұртын осы қасиетті Мәуліт айының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!
Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауын ерекше ықыласпен оқып шықтым. Әрине, бұл жолғы маңызды құжаттың да өзіндік айрықша мәні бар.
Онда қазіргі дағдарыс жағдайында кездесетін қиындықтан шығудың нақты жолдары және алдағы келелі міндеттер айқындалған. Осынау Жолдау мемлекетіміздің жарқын болашағының бағдары десем орынды болар.
Мемлекет басшысы ерекше тоқталғандай, тәуелсіз алған өткен жылдары еліміз қиындықты бастан аз өткерген жоқ. Осы арада өткен кезеңдерге бір сәт көз жіберіп көрелікші. Сонау 1991 жылғы экономикалық ауыр шақтар мен қазіргі уақытты мүлдем салыстыруға келмейді.
Кешегі алып Одақ ыдырап, бауырлас республикалар өз алдына егемендік алған кезде бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді. Соған қарамастан Елбасының көреген саясаты арқасында осы кездескен қиындықтарды да артқа тастадық.
Қазақ елін бүкіл әлем таныды. Біздің көпұлтты мемлекетіміз ешқашан да қазіргідей бақытты шақты бастан кешкен жоқ. Бұл күндері жалқау емес адамға барлық жағдай жасалған. Жылдан-жылға жұмыссыздық азайып, бос жүрген адамдарды басқа кәсіптерге бейімдеу, оқыту қолға алынды.
Осындай табыстарға біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп, ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Қазір де бұл Жолдауда, «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздің әрбір азаматы өздері атқаратын жұмыс орындарында ұйымшылдықтың нағыз жарқын үлгісін көрсетулері тиіс.
Сөйтіп, «Мәңгілік ел» атану үшін бәріміз ғұмыр кешіп жатқан Отанымызды барынша гүлдендіріп, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына енуіміз қажет.
Әрине, бізге бақытты өмір мен жарқын болашақты ешкім де басқа жақтан келіп жасап бермейді. Қазір «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес. Дүние жүзін жайлаған дағдарыстан аман-есен шығу үшін барымызды бағалап, еліміздің экономикасын нығайтуға әркім өз үлестерін қосулары керек дер едім.
Елбасының кезекті осы Жолдауында мемлекетіміздің алдында тұрған үлкен міндеттер мен оларды жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген. Бұған осы құжатты оқып шыққан әр адамның көзі айқын жетеді.
Біздің елімізде халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Бұл күндері қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жақындағаны көпке мәлім.
Мемлекетімізде кездесіп жатқан қиындықтарға қарамастан, келесі жылдан бастап, бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға көбейгелі отыр. Міне, бұл да болса халқымызға деген қамқорлық емес пе?
Біз енді масылдық психологиядан мүлдем арылуға тиіспіз. Мемлекет бізге не береді деп емес, керісінше елімізді өркендетуге қандай ықпалымызды тигіземін деп өмір сүруіміз керек.
Тәуелсіздік алған өткен жылдар еліміздің мәртебесін барынша асқақтатып ,өзгелер бізден үлгі алып, үйренетін жағдайға жеттік. Қазақстан достықтың мекеніне айналды. Бұған елордамыз Астанада өткізілген қаншама дүниежүзілік маңызы бар басқосулар айғақ.
Мәселен, бұрын жүзеге аспастай көрінетін таңғажайып өзгерістердің куәсі болдық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен Астана шаһары бой түзеді.
Экономикамыз дамып, өзге мемлекеттерге тәуелділіктен арыламыз десек, республикамызда өндірілетін тауарларды барынша арттыра түсуіміз қажет. Бұл орайда «Қазақстанда жасалған» деген атаумен шығарылатын заттардың сапасына, тартымдылығы және арзан болуына назар аударғанымыз абзал.
Қазіргі таңда елімізде осындай атпен өндірілетін өнімдер мен киім түрлері де көбейіп келе жатқандығы қуантады. Бұл мәселеде алдағы уақытта қазақ еліндегі кәсіпкерлер намысқа тырысып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетеді деген ойдамыз.
Осы арада үкілі үмітіміз болып табылатын жастарға да айтар өзіндік пікірім бар. Қазір білектің емес, білімнің заманы. Атамыз қазақ «білімді мыңды жығар» деп босқа айтпаған. Бұл орайда мемлекет басшысының қамқорлығының арқасында шет елде оқып, туған жерін гүлдентуге үлестерін қосып келе жатқан дарынды жастарымыз да аз емес.
Сондықтан еліміздің жарқын болашағы – жігіттерміз бен қыздарымыз техникалық мамандықтарға да бетбұрыс жасағандары жөн. Ғылым мен инновацияның күні туғанын да ешқашан ұмытуға болмайды.
Мамандықтың қайсысы болсын абыройлы да қадірлі. Әңгіме өз кәсібіңді шеберлікпен меңгеріп, оның нағыз бесаспап білгірі болуда жатыр. Бұл күндері «Еңбек бәрін де жеңбек» деген ұғым қанатты сөзге айналды. Өйткені, барлық бақыт пен табысқа жетудің сыры осы адал еңбек пен мандай терде жатыр.
Қазіргі елімізде жүзеге асырылып келе жатқан реформалар мен ғылыми жетістіктер сайып келгенде, кейінгі ұрпақтың нұрлы келешегі үшін жасалатындығы да ешкімнен жасырын емес.
Өмірден көріп, түйіп жүргеніміздей, қиындықтардың бәрі де өткінші жаңбыр секілді. Ол да уақытша. Бірақ біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді баянды етуді бір сәт те ұмытпауға тиіспіз. Ол үшін бізде барлық жағдай да, мүмкіндік те бар.
Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауын Қостанай облысындағы барлық мешіттердің имамдары да бір ауыздан қолдады. Осыған байланысты жиын өткізіліп, олар өздерінің ойларын ортаға салды.
Ислам діні де бейбітшілікті, ауызбірлікті, халықтар арасындағы достықты ту етіп ұстайды. Өңірдегі барлық дін қайраткерлері күнделікті жұмыстарында ұйымшылдық пен белсенділік танытып, елімізді көркейтуге өздерінің нақты үлестерін қоса беретіндігіне кәміл сенімдімін.
Бахытбек Тәжімбет,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Қостанай облысындағы өкіл имамы