Ислам дінін қабылдады
Сарыкөл ауданында тұратын орыс келіншегі Оля Александровна жергілікті «Аққозы қажы» мешітінде ислам дінін қабылдады. Ол мұсылман болып, басына орамал тақты. Бес уақыт намазға жығылудың сабақтарын алуда.
Имандылық ордасының ұстазы Фатима оған дәріс беріп, әйел адамның өмірдегі алатын орны және міндеті туралы үнемі айтып отырады. Зейінді шәкірт әрбір сабаққа ерекше құштарлық танытуда.
Ұлттық мерекемен құттықтады
Сарыкөл ауданындағы ауылшаруашылығы колледжінің басшылары студенттер арасында Әз Наурыз мерекесіне арналған кеш өткізді. Онда ынтымағы жарасқан ұлттардың ұл мен қыздары қазақтың көз тартар киімдерін киіп, дәмді тағамдар дайындады.
Олардың таудай талабына сүйсінген ауданның Бас имамы Асылхан Түсіпбек алдағы ұлы мерекемен құттықтап, жастарға батасын берді.
Бата беру сайысы
Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде аға буын өкілдері арасында бата беруден сайыс ұйымдастырылды. Оған ауылдардан батагөй ақсақалдар қатысып, бақтарын сынады.
Жарыстың соңында жүлдегерлерге ауданның Бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы құрмет көрсетіп, шынайы алғысын білдірді.
Мешіттегі жиын
Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешіт қызметкерлері және ауыл молдаларының қатысуымен жиын болып өтті. Онда Рамазан айын ұйымшылдықпен өткізіп, халыққа лайықты қызмет көрсету жайы жан-жақты сөз болды.
Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, оларға Ораза кестесі таратылды. Имандылық ордасында Ораза айы белсенділікпен өтетініне сеніміміз мол.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі