Жақында Ұзынкөл ауданының «Балықты» мешіті Қазақстан мұсылмандарн діни басқармасының тапсырмасы бойынша «Жастар» жылына байланысты «Қайырымдылық керуені» акциясы Пресногорьков орта мектебінде ұйымдастырылды. Негізінде мұндай шара мешіттің атсалысуымен ауданымыздың барлық өңірінде өткізілуде.
Бұл маңызды шараға бас имам Есенгелді қажы Сақтағанұлы, алқа төрағасы Рамазан қажы Иржанов пен Кенесары Мырзахметов, әйелдер қоғамының төрайымы Күлтәй Қапезқызы, мешіттің жанынан құрылған жастар алқасының басшысы Төрехан Мұқашев, салауатты өмір салтын қалыптастыру алқасының жетекшісі Ильяс Елемисов, сонымен қатар «Нұрлы жол» газетінің тілшілері қатысты.
Қайырымдылық акциясы аясында мешіт ұжымы Пресногорьков орта мектебіндегі екі мектеп оқушысына әлеуметтік көмек ретінде спорттық киім, осы білім ордасында орналасқан «Солнышко» бала бақшасына кілем тарту етті.
Сонымен қатар мектеп балаларына денешынықтыруға керекті спортық 2 доп сыйлады. Одан соң осы мектептің ұстаздарымен «Қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысынан моральдық және рухани білім берудің тиімді механизмдері» , «Аға буын өкілдері – ел беріктігінің кепілі», «Жастар жылы» тақырыптары аясында сөз қозғап, өз ойларын ортаға салды.
Аталған білім ордасында жасөспірімдер арасында спартакиадалық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді.
Жастарды ауыз бірлікке үндеуде спорттық шаралардың алатын орны ерекше екендігі көпке белгілі.
Шара соңында «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Сақтағанұлы Пресногорьков селосының жастарымен кездесу өткізді. Аталмыш акция шеңберінде осынау білім ордасының асханасында 178 балаға түскі ас берілді.
ҚМДБ-ның Қостанайц облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласына қарасты Үштөбе ауылының молдасы Айтмағанбет Жолдыбаев ағамыз бірнеше жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Ол кісі ауылда мешіт болмаса да, қолынан келгенше Алла разылығы үшін асыл дінімізді насихаттаудан шаршаған емес.
Қазіргі кезде 65 жасқа келген ағамыз ауыл халқының ынтымағы мен бірлігіне зор үлес қосып, ауыл ішінде орын алған жағдайларды ақылмен, сабырмен шешуге тырысады.
Оны ауыл халқы Айтан молла деп атап кеткен. Ол арнайы дін оқуын тәмамдамаса да, Арқалық қалалық мешітіне келіп үнемі дәріс-семинарларға қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Осынау ел арасында сыйлы ақсақалды ауыл әкімі Аман Ермағанов марапатқа ұсынды. Сөйтіп, Айтмағанбет ағамыз қала әкімі Эльдар Қонысбайұлының қолынан «Құрмет грамотасын» алды.
Әлбетте бұл ең алдымен дініміздің сондай-ақ дін қызметкерлерінің абыройы, еңбектерінің еленгені деп білгеніміз жөн.
Біз де өз тарапымыздан Айтан ағаға Алла разы болсын дей отырып, келешекте де дін қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, абыройлары асқақтай берсін деген игі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай ауылындағы қазақ орта мектебінде «Әмит ишан» мешітінің имамдарымен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге мектеп ұстаздары және жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Мешіттің наиб имамы Нұрсұлтан Жаңаберген оқушыларға Ислам дініндегі теріс ағымдар туралы және шииіттік ағымдар туралы мәліметті келтіре отырып, ұлағатты сөз айтты.
Осынау басқосуда мешіттің бас имамы Нұрбол Балахметов және әйелдер - қыздар секторының меңгеруші Гаухар Аязбаева аталмыш мектептің жүрегі нәзік, мейірімді ұстаздарына және қыз балаларға «Адалдық пен арамдық қасиеттері» жайлы баяндады.
Сонымен қатар бойжеткен қыз балаларға ұлттық қазақи тәлім тәрбие беру туралы ой-тұжымдарын ортаға салды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгінгі жас – ертеңгі кәсіби маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез-келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды.
Осындай рухани тәлім-тәрбиені насихаттауды мақсат тұтқан Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіт қызметкерлері қалалық спорт бөлімімен бірлесе отырып, жастар жылы аясында тоғызқұмалақ және шахматтан «Жігерлі жастар» атты жарыс өткізді.
Жарысқа 18 бен 35 жас аралығындағы 65 адам қатысты. Сайыстың арнайы ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары мен ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жарыстың басында өңіріміздің дін жанашыры Мираш қажы ақ батасын берді.
Келесі күні 5-ші сынып оқушылары арасында «Қыс қызығы – сырғанақ» деп аталатын сырғанақтан жарыс та ұйымдастырылып, оған 85 оқушы қатысты.
Балалар қуанышты көңіл-күйге еніп, аталмыш жарысты дәстүрге айналғанын қалайтындықтарын білдірді. Бірге келген ата-аналар да мешіт ұжымына шынайы алғыстарын білдірді. Жарыс соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жастар жылы аясындағы мұндай іс-шараларды өткізудің мақсатын мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы былайша түсіндірді: Балалардың қыстық ойын түрлеріне қызығушылықтарын ояту, ынталандыру, ойын ойнату арқылы әр мектептің оқушыларын достыққа, бір-біріне деген мейірімділікке, имандылық пен кішіпейілдікке тәрбиелеу. Сондай-ақ үйде телефонға телміріп отырмастан, сыртқа шығып шынығып, ептілік пен жылдамдыққа машықтандыру. Қосымша сайтымыздың ФОТОГАЛЕРЕЯ айдарында қараңыздар.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Бұл күндері еліміз бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қажылық» қоры Бас мүфтидің бастамасымен жергілікті жердегі діни қызметкерлерге қаржылай көмек көрсете бастады.
Осы орайда бұл бастама аясында қаржылай көмекке Қостанай облысында үш ауыл молдасына нәсіп болды.
Олар Қостанай облысының Денис ауданы Фрунзе ауылының «Аят» намазханасының молдасы Куандыков Болат, Жангелдин ауданы Көкалат ауылы, «Таласбай молда» намазханасының молдасы Абишов Асылхан және сол ауданның Жаркөл ауылының молдасы Байшин Досым.
Қостанай облысының өкілі Тәжімбет Нұрғабылұлы «Мүфтият тарапынан қазіргі таңда имам-молдалар мен діни қызметкерлерге қаржылай көмек көрсетіліп жатқаны бәрімізді қуантады. Себебі елді мекендерде діни қызмет атқаратын қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы дұрыс болса ол халықпен, жастармен жұмысын жүргізуіне үлкен әсері бар. Өйткені молда болып бірақ тіршіліктің қамымен бала шағасын асырау үшін такси немесе басқа жұмыс іздеп кетіп жатады. Ал бұл қаржыландыру аз болса да үлкен көмек» екендігін айтып өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Бұл – бар үмметінің тілеуін тілеген пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) туылған күні, Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған шараның атауы еді.
Осынау шараға жиналған көпшілікке аудан әкімі Амантай Балғарин жүрек жарды ақ тілегін білдірді. Адамзаттың асылы жайлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысын бойынша өкіл, бас имам Бақытбек Нұрғабылұлы уағызда «Сүйікті пайғамбарымыздың (ﷺ) дүниеге келуі Алла Тағаланың ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік»,-деп осы ақиқатты меңзегендін айтып өтті.
Мешіт жамағаты дайындаған илахи әндер мен салауатты Ибраһим Махмут, Каралина Дәндібаева және Райхан Болат «Толағал бадру ғалайна», Алланың 99 есімін айтты.
Ал, белгілі айтыскер ақын Тоба Өтепбаевтың Мәулітке арнауы, Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы орта мектебінің оқушылары мен «Аққозы қажы» мешіті жамағатының «Салауат-шәриф» оқуы жиналғандардың жүрегін елжіретті.
Жас талант Нағашыбай Ыбырайдың орындаған «Ата-ананың қадірі» атты термесі мен нақышына келтіре оқыған «Уақыт» деген өлеңі ата-ана мен уақыттың қадірін білуге үндеді.
Көптің назарына ұсынылған ғибратты көрініс мәдени-танымдық іс-шараның шарықтау шегі болды. Сонымен қатар, ардақты Пайғамбар ғалейһи уассаламның қасиеттерін белгілі өнерпаз Есен Шәкібай өлең-жырмен өрнектесе, жас дарын Нұрахмет Махмут та «Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат» әнін ерекше ықласпен орындады.
Мерекелік шара соңында ауданымыздың бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық сөз алып, демеушілер тарапынан жиналған ақшалай қаражатты аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Алтынсарин аудандық жастар ресурстары орталығының ұйымдастыруымен Обаған ауылы орта мектепбінің 10-11 сынып оқушыларымен «Жастар арасында үш індетің алдын алу» деп аталатын тақырыпта кездесу өткізілді.
Оған жергілікті полицияның учаскелік инспекторы, сол мектептің психолог ұстазы, Орталықтың директоры, «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы қатысты.
Жастар туралы өзекті мәселені жастар ресурстары орталығының директоры баяндап, жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ Исламдағы теріс ағымдар хақында «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы Ерік Ыбырай айтып берді.
Сонымен қатар жастар арасындағы қылмыс жөнінде жергілікті учаскелік инспектор кеңінен тоқталды. Қазіргі таңдағы көпшіліктің көкейінде жүрген жастар өміріндегі өз-өзіне қол жұмасу туралы мектептің психолог мұғалімі әңгімеледі.
Бұл жүздесуде маңыздың тақырыптарға байланысты бейне роликтер көрсетілді. Оқушылар мен шәкірттердің сұрақтарына нақты жауап берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі