Өңірімізде «Бірлік түбі береке» қайырымдылық акциясы жалғасын тауып, жұртшылық тарапынан үлкен ілтипатқа ие болуда. Бұл ретте «Жақсылықта жарысыңдар» деген ұранмен жерлестеріміз күн сайын халлықа қызмет жасауда.
Таяуда Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінде құрбандыққа қара мал шалынып, оның көмекке мұқтаж отбасыларға таратылды. Осынау қасиетті Рамазан айындағы сауабы мол іс-шараға «Олжа Арыстан ПК» ЖШС-нің директоры Нұрсұлтан Тұрарұлы мұрындық болды.
Осылайша іскер бауырымыз сарыкөлдік ағайындардың шынайы алғысына бөленді. Қайырымдылық акциясының тиісті деңгейде өтуіне мешіт қызметкерлері мен жамағаттары да өздерінің үлестерін қосты.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген осы емес пе! Олардың осы ұйымшылдықтары барша мешіт ұжымдарына өнеге.
Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің Бас имамы Нұрбол Балахметов Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлының «Бірлік түбі береке» атты акциясын қолдап, қайырымдылық шараларын жүзеге асырып келеді.
Соның бір айғағы ретінде жақында Құсмұрын бекетінде орналасқан УК 161\4 түрмесінде жазасын өтеп жатқандардың арасында ораза тұтқан 50 адамға ауыз ашарға жасады.
Бас имам Нұрбол Исламұлының айтуына қарағанда, мұндай қайырымдылық акцияларының сауабы мол. Сондықтан болашақта да осындай ізгілік мақсатындағы жұмыстар жалғаса бермек.
Өзіміз күнделікті шаһарда көріп жүретін қарапайым аула сыпырушысы тек көшенi, ауланы тазалаушы ғана емес. Бұл мамандық иесі. Ол жалпы қала көркiн қалыптастыруға үлесін қосатын жан.
Кішкене ойланып көрелікші. Бір күн ауламыз тазаланбай қалса, қандай күйде боламыз? Күтусiз қалған көп қабатты үйдің маңы бiрнеше сағаттың iшiнде күл-қоқысқа толып қалады емес пе.
Рудный шаһарындағы «Нұр» мешітінің ұжымы «Тазалық – иманның жартысы» екендігін жете түсінеді. Сондықтан болар өзге әріптестеріне үлгі боларлық сауапты істі жүзеге асырды.
Кеншілер қаласындағы жыл он екі ай бойы уақытпен санаспай аулалардың тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген 160 қызметкерге палау мен ыстық нанды таратты.
Осынау қайырымдылық акциясы барысында мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев «Рахат» ЖШС қызметкерлерін қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық, жұмыстарында толағай табыстар тіледі.
Үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айы әлемді жайлаған дертке қарамастан ұйымшылдықпен өтуде. Саналы да парасатты азаматтар күн көрісі төмен отбасыларға өздеріндегі барымен бөлісіп, олардың шынайы алғысын алып жатыр.
Осы арада нақты мысалға жүгінелік. Мәселен, бұл орайда Меңдіқара ауданындағы "Олжа" Боровской жеке шаруашылық қожалығы басшыларының адамгершілік қасиеттерін айрықша атап өткен лазым.
Іскер азаматтар бір ірі қара малды шалып, құран оқытты. Мешіт қызметкерлерінің батасын алды. Сөйтіп, етті 22-кісіге таратып берді. Әрине, қуанышқа бөленген жерлестері кәсіпкерлерге шын жүректен шыққан ыстық ілтипатын білдірді.
Қайырымдылық – адамның бойындағы ізгі қасиеттерден тұрады. Айналаңдағы адамдарға мүмкіндігі болғанша ықылас танытып, көмек қолын созғанға не жетсін.
Қасиетті Рамазан айы - күллі мұсылман қауымы ерекше қадір тұтатын ай. Сол себептен ағайындар бір-біріне мейірімділік көрсетуге тырысады. Мұндай қайырымдылықтың әрқашанда шарапаты мол.
Жуырда Арқалық шаһарындағы МухтасибӘлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен «Рамазан айының қоржыны» атты қайырымдылық шарасы өтті.
Оған «Торғай Алюминқұрылыс» мекемесінің басшысы Абай Қоспанұлы және ТОО «Торғай ЕТ комбинаты» ЖШС директоры Расул Абайұлының отбасыларының атынан зекет ретінде 50 және қаладағы азық- түлік дүкендерінің демеушілігімен 50 қоржын жасалды.
Сөйтіп, арнайы жасалған қоржындар қалада орналасақан № 12 жатақхананың тұрғындары яғни 100 отбасына үлестірілді.
Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толды. Осы мерейтойға байланысты өңірімізде бірқатар игі істер жүзеге асырылуда.
Осы орайда Қостанай облыстық орталық мешіті бастап өңірдегі Рундвй қаласының «Нұр», Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы», Денис ауданындағы «Жұма» мешітінің ұжымы абаттандыруды бастады.
Осылайша үстіміздегі жылы облыс бойынша 30 мешіт тарапынан мерейтойға сый ретінде 30 түптен 900 ағаш отырғызылатын болады.
Мұндай ігі шаралар аясында алдағы уақытта Әулиекөл ауданында халық қатынасы үшін кұрделі жөндеуді қажет етіп тұрған көпір де ел игілігіне ҚМДБ тарапына ұсынылатын болады.
Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің Бас имамы Есет Сейтқалиұлы қасиетті Рамазан айы тиісті деңгейде өткізілуін басты назарда ұстауда. Сондықтан да болар бас имам «Ішімдіксіз Рамазан» деген тақырыпта жергілікті халыққа үндеу жариялаған болатын.
Дін қайраткерінің бұл бастамасы аудан жұртшылығы тарапынан қолдау тапты. Бұл айда мұсылман бауырларымыз дастарқандарына арақ шарап қоймайды. Өздерін одан аулақ ұстайды.
Жергілікті азаматтар мен азық түлік дүкен иелері де «Арақ атадан қалған ас емес» деген қағиданы берік ұстануда. Оның орнына жүрегі жомарт жандар ауыз ашар кезінде мейірімділік пен қайырымдылық танытуды өздерінің басты парызы санайды.
Науырзымдықтардың осынау игі бастамасы барлық жерде қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді.
Бас имам «Осынау жылына бір рет келетін қасиетті айда жат қылықтан аулақ болайық дегіміз келеді. Сауапты істеріңіз көп болсын» деген тілегін білдірді.
Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде көмекке мұқтаж кісілерге қол ұшын беруге ниет еткен азаматтардың, жамағаттардың және «Елорда» қайырымдылық қорының қолдауымен ізгілікті шара өткізілді.
Жиналған қаржыға көп балалы ана Гүлмира Мұхамбетжановаға Арқалық қаласы, Баймағамбетов көшесінде орналасқан 30-шы үйден төрт бөлмелі пәтер берілді.
Бұл баспананың кілтін аталған мешіттің найб имамы Балғабай Шәйкемелов табыс етті. Киелі Рамазан айының басында үлкен қуанышқа кенелген алты баланың анасы шынайы алғысын жаудырды.
Осылайша жүрегі мейірімді жандар үлкен сауапқа бөленді. Олардың жолы қашанда ашық болсын!
Халықтың ыстық ықыласына ие болған Шоқан қажы Әмірханов басқаратын «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы да «Біз біргеміз» акциясының аясында қайырымдылық шараларын өткізуде өзгелерге өнеге көрсетуде.
Мәселен, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында үстіміздегі жылдың 27 сәуірі мен 6 мамыр аралығында 1 355 720 теңге қаржы жиналды.
Ең алғашқы екі рет ұйымдастырылған акцияға 631 127 теңге қаржыға70 қапшықтан тұратын азық-түлік алынды. Жиналған қаржының қалған бөлігі де мамыр айындағы мерекелерге дейін қайырымдылық шараларына жұмсалды.
Жалпы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 70 отбасыға көмек көрсетілді. Осылайша мешіт қызметкерлері қаншама жандарға қол ұшын созып, олардың қуанышына ортақтасты.
Бақытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша бас имамы болып қызмет атқарып келе жатқанына көп уақыт өтпесе де өңір жұртшылығының құрметіне бөленді.
Жан-жақты білімді азамат облыстағы аудандар мен қалалардың мешіттерінде болып, жергілікті халықпен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жақында ғана Алтынсарин ауданына ат басын бұрды. Мұндағы Алдиярұлы Жанұзақ мешітінің жағдайымен танысты.
Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы еліміздегі діни басқармаға 30 жыл толды. Соған орай мерейтойдың құрметіне 30 игі шара өткізіліп жатқаны баршаға аян.
Бас имам аталмыш мешіттегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудандағы дін қызметкерлері және жамағатпен жүздесіп, алда тұрған өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
-Дін қызметкерлерінің басты міндеті-қазіргі қиын кезде халықтың жанынан табылу, қасиетті Рамазан айында көп балалы, әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасыларға қолдан келгенше қайырымдылық көмегін жасау, -деді Бақытбек Нұрғабылұлы.