Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының имамдарымен кездесті.
Институт директоры Кенжеәлі қажы Мырзабай қәдірменді қонаққа оқу ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Институт жұмысымен танысқаннан кейін ұлағатты ұстаз Рәтбек қажы Нысанбайұлы: «Бұл оқу ордасы еліміздің түпкір-түкпірінен келген имамдардың бас қосар үлкен шаңырағы. Сондықтан мұндағы мәселелерге барынша жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Имамдарымыз күнделікті тіршілігіміздегі маңызды нәрселерге жауап бере алатындай білім иесі болуы тиіс. Бір-біріңмен танысып, тәжірибе алмасып, дінді жетік меңгере беріңіздер. Мұның бәрі Алланың берген сыйы деп ұғуымыз керек», – деді.
Институт директоры Кенжеәлі қажы Мырзабай басқаруындағы институттың оқушы имамдарға барлық жағдайдың жасалғанын көріп, еңбегіне ризалығын білдіріп, ісіне береке тілеп, ақ батасын берді.
Қонақтарға халқымыздың ата дәстүріне сай, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан шапан жауып, институт туралы мәлімет беретін кітап, күнтізбелер сыйға берілді.
Бүгінгі таңда діни экстремизм бүкіл адамзат қауымының басты мәселесіне айналып отыр. Бұл жат ағымның жетегінде кетушілердің басым көпшілігі – жастар. Ал жастарымыз ел болашағы саналатындықтан олардың тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес.
25.02.2015 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенттері қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт қажы Нұрқановпен кездесті. «Діни экстремизм және терроризм» тақырыбында өрбіген келелі жиында дін өкілі жастарға ислам жөнінде жалпы түсінік беріп, ілімсіздік, діни экстремизмнің бүгінгі бет-бейнесі туралы, өмірімізде белең алып отырған лаңкестік әрекеттер жөнінде әңгімеледі. Сейіт Темірбекұлының айтуынша, қазіргі кезде дәстүрлі діндердің атын жамылып, ел арасына іріткі салып жүрген теріс діни ағымдар адамзат қоғамына қауіп төндіруде.
Жастардың осы жолға бой алдыруының негізгі себебі - діни сауатсыздық, ақпараттың жетіспеушілігі және көп нәрсеге немқұрайлы қарауы. Сондықтан жаһандану жағдайында оларға ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсіндіріп, жол көрсетіп, жөн сілтеу – қоғамның ең маңызды міндеті, - дей келе өзге елдердегі саяси жағдайларға, діни экстемизммен күрестің тиімді тетіктеріне тереңірек тоқталып, рухани әңгіменің түймесін ағытты. Жастар да уағызға шөліркеп қалса керек, бас имамның сөзін ұйып тыңдады. Көкейін дүдәмәл ойлар мазалағандар аз емес екен. Сұрақ-жауап бөлімінде студенттердің дін мәселесіне қатысты қойылған сауалдарында Сейіт Темірбекұлы байыппен, тұщымды жауап берді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ