Сауаттылық-уақыт талабы
«Мирас» мәдениет үйінде өзекті мәселе талқыланды
Қазіргі таңда кімнің де болсын уақыт талабына сай жан – жақты сауатты болуы қажет. Себебі, арамызда жүрген жігіттер мен қыздар кез-келген ортада, әсіресе, маңызды мәселелер әңгімеге арқау болған сәттерде өздерінің пікірлерін жеткізе білгендері жөн. әр түрлі жағдай болады.
Қазіргі таңда дін саласында да білімді де білікті болғанға не жетсін. Өйткені тәуелсіздіктің арқасында ислам діні өркендеп, жастарымыз имандылыққа бет бұрыс жасап жатқандары бәрімізді де қуантады.
Жуырда «Мирас» мәдениет үйінде Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалалар мен аудандардағы жастар бастамалары орталықтарының басшылары, ақпараттық түсіндіру жұмыстарының мүшелері «Дін және адамгершілік» тақырыбында бас қосып, оны жан-жақты талқылады.
Жиынға облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзаканов қатысып, дін мен адамгершіліктің Ислам дінінде егіз ұғым екендігін тілге тиек етті.
Басқосудан жастар ұмытылмас тағылым алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Облысымыздың Қарасу ауданы Октябрь кентінде орналасқан «Қарамырза» мешітін өңір жұртшылығы жақсы біледі. Онда бас имам болып өз саласының білікті маманы Серік Салих біраз уақыттан бері қызмет атқарады.
Осынау халықты имандылыққа ұйытып келе жатқан мешітке де жуырда 10 жыл толды. Соған орай мерейтой ойдағыдай аталып өтті. Қуанышқа ортақтасу үшін жан-жақтан қонақтар бас қосты.
Оған Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрам, Қарасу аудандық мешітінің бас имамы Халық қажы Әбсаттар қатысып, өздерінің шын көңілден шыққан шынайы лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиында киелі орынға тұрақты демеушілер мен жанашыр азаматтарға Алғыс хаттар тапсырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Оқырманның есінде болар, осыдан біраз уақыт бұрын облыстық «Марал ишан» мешітінде Рамазан айының айт намазынан соң жастар бөлімі және намазхан әйелдер жамағатының ұйымдастыруымен қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілген болатын.
Сол жәрмеңкеден түскен қаражат есебінен мешіттің жастар ісі бойынша өкілі Ғұмар Жұмағұлов бастаған намазхандар облыстық балалар үйіндегі 30 тәрбиеленушіге түрлі тәттілер мен жемістер салынған пакеттерді табыс етті.
Сонымен қатар намазхан әйелдер Қостанай балалар психо-неврологиялық интернат үйінде болып, ондағы қамқорлыққа алынған ұлдар мен қыздардың ой-өрісін дамытуға ықпалын тигізетін кітаптар мен басқа да қажетті заттарды тарту етті.
Олар да өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, өздері қолдан жасаған бұйымдарын естелікке тапсырды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Оған белгілі дін қайраткері Бақытбек Тәжімбет бастаған облыс делегациясы да қатысты
Өткен аптадағы қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлының тапсырмасы негізінде көрші Ресей Федерациясының Троицк қаласында «Расулевские чтения: Ислам в истории и жизни России» ғылыми-практикалық конференциясының «Мусульмане и православные в России: 1000 лет вместе» атты форумы болып өтті. Аталмыш маңызды конференцияға Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский, ұлттар жөніндегі Федералдық агенттігі директорының орынбасары Андрей Меженько, Челябі облысының бас федералдық инспекторы Артем Пушкин, Ислам өркениеті университетінің директоры (Мәскеу), профессор, Ислам-ой Иордания Корольдік Академиясының толық мүшесі (Амман), Білім,ғылым және мәдениет (ИСЕСКО- ISESKO, Рабат) жөніндегі Ислам Ұйымының Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Ресейдегі ИСЕСКО өкілі Саид Кямилев , Қырғызстан Республикасының ақпарат және туризм, мәдениет министрінің орынбасары Азамат Жаманқұлов, Татарстан Республикасының Президенттік департаментінің ішкі саясат мәселелері бойынша діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жөніндегі басшысы Альберт Гарипов және басқа да есімдері көпке танымал азаматтар қатысты.
Осы форумда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет бастаған делегацияның құрамында Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы болды.
Басқосуда өзекті мәселелер қозғалып, Христианның православиясы мен Ислам діні қоғамдағы бірліктің, екі дін арасындағы ауызбірліктің, ынтымақтың ұйтқысы болып отырғандығы айтылды. Бұл форумда сөз алған Қостанай облысының бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы әлемде орын алған теріс ағымдар мен терроризм және экстремизмге ең әділетшіл де бейбітшілікті қолдайтын исламның ешқандай қатысы жоқтығын нақты мысалдар арқылы жеткізді.
Сондай-ақ жиында әңгімеге арқау болған қос діннің алдағы уақытта да тек ынтымақты насихаттап, халықтар арасындағы достықты нығайтуға лайықты үлес қоса беретіндігін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жүрекке жылу орнатқан Қасиетті Рамазан айы да өтіп, мұсылмандар үшін қуаныш сыйлар Ораза айт мейрамы да келіп жетті. Осы орайда Рудный қалалық «Нұр» мешітіне қала тұрғындары көтеріңкі көңіл-күймен таң атысымен ағыла жиналды. Жиналған барша жамағатқа Бас имам Сейіт Темірбекұлы құтты болған Ораза айты туралы уағыз айтып, баршаны мейраммен құттықтап еліміз бен жеріміз аман болуын тіледі. Содан соң жиналған қала тұрғындары қала әкімі Бақытжан Темірұлының құттықтауларымен тілектеріне көміліп, айт намазы оқылды.
Жылдағы дәстүр бойынша мешітке келген жамағатқа айт намазынан соң айт шайы мен ас берілді. Мешітке ағыла келген жамағат бір-бірлерлерін мейраммен құттықтап, аса көтеріңкі көңілмен тарасты.
Жүрекке жылу орнатар осынау ұлы мейрамда Рудный қалалық «Нұр» мешіті «Балаларға шаттық» атты акциясын ұйымдастырып, балақайлардың да көңілін көтерді. Бас мүфтиіміздің бастамасымен басталған бұл игі іс шара, Рудный қалалық «Нұр»мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлының ұйымдастыруымен болған шара қаламыздың ірі ауласының бірінде жоғары деңгейде аталып өтті. Шараға қатысқан балаларға мешіт атынан сусындар мен тәттілер үлестіріліп берілді. Бұл мейрамның қуанышын сезінген балалардың жүздеріне күлкі орнап, мешіт қызметкерлеріне бал тілдерімен рахметтерін жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Облыстық «Марал ишан» мешітінің ұжымы тек ислам дінін насихаттап, қалың жұртшылықты имандылыққа баулып қана жүрген жоқ. Дін қайраткерлері салауатты өмір салтын қалыптастыруға да өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Мәселен, аталған мешіт қызметкерллері, облыстық әкімдіктің дін істері жөніндегі басқармасы және «Социум & Я» қоғамдық бірлестігі дін жолында жүрген жастар арасында қазақша күрестің мәртебесін көтеру мақсатында өзіндік ерекшеліктерін насихаттау мақсатында біріншілік ұйымдастырып отыр.
Бұл жарыстың негізгі алдына қойған мақсаты-ұлттық күресті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың патриоттық сезімін ояту, балуандардың спорттық дәрежелерін жетілдіру.
Аталған біріншілік үстіміздегі жылы 23 шілдесінде облыс орталығының 9-шы шағын ауданындағы Қостанай қалалық мешітінің алаңында өткізіледі. Оған салмағы 70- тен жоғары жастар (кәсіби спортшылар емес) қатыса алады.
Түйе балуандық сайыс деңгейінде ұйымдастырылатын жарысқа өз саласының білгірі Қазтай Ысмағұлов бас төрешілік етеді.
Сайыс жеңімпаздарына берілетін сыйлықтар да белгіленді. Біріншілік қорытындысы бойынша:
- Бірінші орынға – Умра қажылығы;
- Екінші орынға – Ірі қара;
- Үшінші орынға – Марқа қой.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні, Қостанай облысы бойынша 7 жерде қасиетті Құран аяқталып хатым етілді.
Атап айтқанда Қостанай облыстық «Марал ишан», Арқалық, Рудный, Қостанай қалалары мен Әулиекөл, Жітіқара, Қостанай аудандарының мешіттерінде Құран тәмамдалды.
Аталмыш мешіттердің Бас имамдары жиналған жамағатпен хатым дұғасын оқып, еліміз бен халқымызға береке бірлік тіледі.
Бұл түні жиналған жамағатқа Қадір түнінің қасиеті турасында Құран аяттары мен хадистерді негізге ала отырып уағыздар айтылды.
Сондай-ақ, мешітімізде Алланың кәламын оқып, бір айлық сауат ашу курсын бітірген шәкірттерге Бас имам Сейіт Темірбекұлы мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыстап, оларға алдағы уақытта ілімдерінің арта түсуін тіледі.
Сонымен қатар, мешітке жиналған жамағатқа сәресі беріліп, құлшылық жасауға жиналған халық таң намазын оқып тарасты.
Мың айдан қайырлы болған Қадір түнінде тілеген дұға тілектеріміз бен жасаған құлшылықтарымызды Алла қабыл етіп, баршамызды осы Қасиетті Рамазан айының шарапаттарына ие болуымызды нәсіп еткей!
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша сейсенбі күні таңертең сағат 7-де облыстық «Марал ишан» мешітіне халық көп жиналды. Олардың қатарында жастардың да болуы жұртшылықты қуантты.
Басқосқан мұсылман қауымның алдында Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов сөз сөйлеп, жиналған ағайындарды ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Олардың деніне саулық, отбастарына шадыман-шаттық тіледі.
Содан кейін облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет ораза айт мейрамының ерекшелігіне тоқталып, жерлестерімізге өзінің ең ізгі тілегін білдірді. Үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айы өз деңгейінде өткендігін де тілге тиек етті.
Құтпа оқылды. Сондай-ақ өмірден өткен ата-бабаларымыздың әруағына Құран бағышталды.
Жалпы, үстіміздегі жылғы ораза айт намазы бір уақытта өңірдегі барлық 36 мешітте өткізілді.
Биылғы жылдың бір ерекшелігі, мешіттегі айт намазынан соң киелі орынның жанында 350 адамға арналып, айттың құрметіне дастарқан жайылды. Сөйтіп, жиналған ағайындар дәм татып, шынайы алғыстарын жаудырды.
Сонымен қатар облыстық мешіттің жанындағы жастар бөлімі және намазхан әйелдер жамағатының ұйымдастыруымен көп балалы отбасыларға арналған жәрмеңке де үлкенді-кішілі қауымның көңілінен шықты.
Олар осы жәрмеңкеге өз қолдарымен жасалған тағамдары мен түрлі азық-түлік төмен бағамен келушілерге ұсынды. Осы игі істен түскен қаражат жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, көмекке мұқтаж отбасыларының қажетіне жұмсалмақ.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі