Жақында Қостанай қалалық мешітінде еліміздің жарқын болашағы жастарды бәсекеге қабілетті мамандыққа баулып жатқан Қостанай экономикалық колледжінің студенттерімен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған кездесу өткізілді.
Мұндағы мақсат-бүгінгі жігіттер мен қыздарды отансүйгіштікке, тәуелсіздігіміздің қадірін білуге, әлемге танылған мемлекетімізді одан әрі өркендетуге өз үлестерін қосуға баулу.
Басқосуда осы маңызды жайлар негізінен әңгімеге арқау болды. Онда жиналғандарға арнайы дайындалған бейне баяндар, слайдтар ұсынылды.
Сондай-ақ «Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» деп аталатын көрме де әзірленді. Тақырыбы айтып тұрғандай, онда қатысушылардың ой-өрісін кеңейтер маңызды жайлар кеңінен қамтылды.
Кешті Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов ашып, барша қауымды ұлы мерекемен құттықтап, оларға ізгілік әрі толағай табыс тіледі.
Содан кейін «Тәуелсіздік шежіресі» деп аталатын бейне ролик те көрсетілді. Оны тамашалаған соң Салтанат Серікова, Махаббат Жарбосина, Әйгерім Төлепова, Кәмшат Сабыржан секілді студенттер Тәуелсіздікке арналған өздерінің арнау өлеңдерін оқыды.
Жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Тәуелсіздік белестері» кітабымен де танысып, көп жайды көңілдеріне түйді.
Сондай-ақ қалалық Н.Островский атындағы кітапхананың қызметкері Ботагөз Дүйсенбаеваның, наиб имам Дүйсен Дайырұлының сөздерін де ұйып тыңдады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Құрметті қостанайлықтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің Жастар және әйелдер секторы Мәуліт айының құрметіне «Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың еңбек сүйгіштігі» тақырыбында шығарма жазуға бәйге жариялайды!
Сараптау нәтижесі бойынша жақсы жазылған шығармалар арнайы сыйлықтармен Қостанай облысы өкілдігі өткізетін Мәуліт кешінде марапатталады.
Қосымша ақпаратты: Жастар секторының өкілі Жұмағұлов Омар тел: +7 707 729 7445, Әйелдер секторының өкілі Халим Жансая +7 702 319 00 93 арқылы біле аласыздар.
Жастар - халықтың ертеңі, болашаққа апаратын алтын көпірі дейді керегесі кең, төрт құбыласы түгел қазақ халқымыз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Осыған байланысты бүгінде Рудный қаласында бетке ұстар азаматтардың қатысуымен Егемен Қазақ еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап Рудный индустриалық институтында «Ұлы дала – Мәңгілік ел жастарының әлеуеті»: даму қағидалары және болашағы» халықаралық жастар ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.
Аталмыш конференцияға Ресей Федерациясының білім саласының құрметті қызметкері, Липецк мемлекеттік техникалық университетінің профессоры И. Мазур, Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі Д. Гусак, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының аға оқытушысы М. Тұйғанов, Г. Носов атындағы Магнитогорск мемлекеттік техникалық институтының Механика, металургия, көлікқұрылыс және шикізат өңдеу кафедрасының ассистенті Б. Зарицкий, Рудный индустриялық институтының ректоры техника ғылымдарының докторы, профессор Ә. Найзабеков, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы және басқа да жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.
Қазақ жастарының еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін, ұлттық намысын оятып, тәуелсіз елдің жастарын жігерлендіру мақсатында сөз сөйлеген Сейіт қажы Темірбекұлы осы күнге жеткеніміз бірінші Алланың, одан кейін бірлік пен ынтымақтың арқасында деп баяндамасын қорыта келіп, жиналған қауымды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтады.
Алла тағала тәуелсіздігімізді, бірлігіміз бен ынтымағымызды мәңгілік еткей! Жаратушы Иеміз жеткен жетістіктерімізге береке беріп, алар асуымыз бен бағындырар белесіміз көп болғай! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Облыс орталығымен іргелес жатқан Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы жуырда мүгедектер үйінде болып, ондағы мемлекет қамқорлығындағы кісілердің жағдайымен танысты.
Бас имам онда «Ислам- бейбітшілік діні» деген тақырыпта әңгіме өрбітіп, дініміздің кімді де болсын, ізгілікке, қайырымдылыққа, үлкен мен кішіні сыйлауға баулитындығын жеткізді.
Мүгедек үйіндегілер оның сөзін ұйып тыңдап, көп жайларға қанығып,өздеріне көңіл бөліп келгені үшін алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар Сейіт қажы Ыбырай Алтынсарин атындағы гуманитарлық-әлеуметтік колледжінде «Болашақ сенен басталады» деген тақырыпта студенттермен семинар өткізді.
Қай халықта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры және болашағы деп есептеген. Сондықтан осы тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданған.
Кездесуде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - дегендей еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек екендігін. Сондай-ақ ол Елбасының жастарға үлкен сенім артып отырғандығын да айта келіп, егеменді мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін барша жігіттер мен қыздар аянбай еңбек етулері қажеттігі айтылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай Таран ауданындағы «Әйет» мешітінің Бас имамы Хамзин Ислам жуырда Тобыл орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Басқосуда бейбітшілік заманымыз үшін әуелі Аллаға онан соң Елбасының жасап жатқан еңбегіне рахмет айтса артық болмайтынын айтып өтті. Сонымен қатар білім ордасында оқып жатқан шәкірттердің заманға сай нағыз азамат атанулары үшін көп ізденулері қажет екендігіне тоқталды.
Сондай-ақ адам баласының ажарын ашатын асыл қасиеттер – сыпайылық, көркем мінез, адамгершілік әрі кішіпейілдік екендігі де айтылды.
Бас имамның ұлағатты сөзін кездесуге қатысқан ұстаздар мен шәкірттер зейін қоя тындады. Олар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын да қойып, нақты жауап алды.
Ұзын сөздің қысқасы, мектеп қабырғасындағы басқосу жиналғандар көпке дейін ұмытпайтындай тартымды әрі тағылымды өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық мешітінде Қазақстан мемлекетінің жарқын болашағы жастармен яғни ұстаз мамандығын таңдаған студенттермен «Ішімдік пен есірткі жаһанды жаулаған індет» және «Суицид – өз-өзіне қол жұмсау-тығырықтан шығатын жол емес» атты тақырыпта кездесу болып өтті.
Бұл іс-шара үкілі үмітіміз жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу әрі жаһанды жаулаған індет әрі бүгінгі таңдағы зардабын тигізер дерттің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Осы тағылымды кешті Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан Әмірханов жүргізіп, келген қонақтарды студент жастарға таныстырып, басқосудың мәні мен маңызына тоқталды.
Содан кейін Қостанай қалалық прокурорының орынбасары Тұрар Жүсіпов ішімдіктің адамға тигізер зиянын медициналық және ғылыми тұрғыдан айта келе, жиналғандарға бейнеролик көрсетті.
Осы өзекті мәселеге байланысты Қостанай қалалық мешітінің наиб имамы Дайыр Сарінжіпұлы Исламдағы аят-хадиске сүйене отырып, әсерлі насихат айтты.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасының оқытушысы, магистр Гүлзат Ибраева «Суицид» тақырыбына орай жан-жақты баяндама жасады. Арнайы дайындалған бейне баянды да жұртшылық назарына ұсынды.
Осы кеште Қостанай қалалық мешітінің найб имамы Дархан Қосылбаев «Өз-өзіне қол жұмсау» деген тақырыпты Ислам діні тұрғысынан түсіндіріп өтті.
Тәрбиелік мәні зор басқосудан кейін барша қатысқан студенттерге арнайы дастархан жайылды.
Қорыта айтқанда, осынау іс-шарада жастарды сақтандырар ішімдік және суицид секілді өзекті мәселе жайлы ой салар пікірлер айтылды.
Бұл ұйымдастырылған кешке бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Кәсіпкер Руслан және Раушан Шакаровтардың есімі облыс өңіріне жақсы танымал. Олар бүгінгі уақыт талабына сай жеке бизнестерімен айналысады. Сөйтіп, туған жері мен еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетуде.
Ерлі-зайыптылар тек өзімізге ғана болсын деген кісілердің санатына жатпайды. Табыстарынан демеушілік жасауды да азаматтық парызымыз деп есептейді.
Олар Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітін тұрақты қамқорлыққа алған. Басқаларын айтпағанның өзінде, осы өңірдегі 50 кісіні елімізге танымал діни-танымдық «Ислам және өркениет» газетіне тегін жаздырып, барша әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетті.
Қазақ «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Руслан мен Раушанның бойындағы мұндай жомарттық, қайырымдылық және адамгершілік қасиеттер олардың ата-аналарынан жұққандығы да даусыз.
-Өз басым бұл кәсіпкерлердің адами қасиеттеріне шексіз ризамын. Қашан да бір сөзімді екі еткен емес. Рухани байлықтың қайнар көзі болып табылатын «Ислам және өркениет» газетіне аудандағы 50 адамды жаздырып берулерінің өзі олардың қандай қолы ашық әрі жаны игі кісілер екендігін көрсетеді емес пе,- дейді «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешіті және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Аққарға және Степной елді мекендерінде орналасқан мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті.
Осы шара барысында жиналған жас буын өкілдеріне асыл дініміздің құндылықтары насихаттап, теріс ағымдардың қоғамға, отбасы мен жалпы адам өміріне әкелер зияны жан-жақты түсіндірілді. Жастардың болашақтағы өмірлеріне игі әсер ететін ғибратты уағыз-насихат айтылды.
Мұндай тағылымды кездесулердің мақсаты - жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, патриотизмге, қоғамға пайдалы қызмет етуге, мәдениеттілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Сонымен қатар ата бабамыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, исламның баға жетпес рухани құндылықтарын насихаттау.
Жоғарыда аталған жүздесулерде жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Жалпы, кездесулер өте әсерлі өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Міне, 2016 жыл да аяқталуға жақындады. Осы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Бұл маңызды сұраққа биыл 22 және 29 қараша күндері өткен Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы Жастар ісі бөлімінің, сондай-ақ түзету мекемелерінің жылдық қорытынды жиналыстарында нақты жауап берілді.
Баршаға мәлім, қазіргі таңда барлық өкілдіктерде жастар ісі бөлімі жемісті еңбек етіп, егеменді еліміздің ертеңі болатын жастар тәрбиесіне айтарлықтай ықпалдарын тигізіп келеді.
Олар жастар арасында имандылықты насихаттап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған түрлі кездесулер мен спорттық сайыстар ұйымдастырып келеді.
Сондай-ақ білім ордаларындағы өткізіліп келе жатқан дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстардың сапасын арттыруға да айрықша көңіл бөледі.
Сонымен бірге әр өкілдіктің қызметтеріндегі басты бағыттарының бірі – түзету мекемелеріндегі діни экстремизм бойынша сотталып, жазасын өтеп жатқан азаматтармен жұмыс істеу. Бұл жұмыстар үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Елордамыз Астанада өткен түзету мекемелеріндегі атқарылған істердің жылдық қорытындысына Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет пен найб имам Азамат Мурзаканов қатысты.
Аталған басқосуда барлық облыстағы өкілдіктердің, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі мен ҰҚК өкілдері болды.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қостанай өкілдігінің қызметкері Ғұмар Нәбиұлы және наиб имам Азамат Серікбайұлына арнайы Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырылды.
Бұл марапат тек дін саласында келе жатқан қос азамат ғана емес, облыстағы барша мешіттердің имамдары және дін қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп түсінгеніміз абзал.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Дана халқымыз қашанда отбасыдағы ауызбіршілікке, тәртібі мен тәрбиесіне ерекше мән беріп келген. Өзектілігі мен құндылығын жоғалтпайтын, қанша айтса да шегіне жете алмайтын осы мәселе жайында бүгінде Рудный қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығында ЗОЖ меңгерушісі Ф.Мырзаева басшылығымен және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Нұрқанов Сейіт Темірбекұлының қатысуымен «Нет насилию в семье!» атты тақырыбына дөңгелек үстел болып өтті. Ол жиынға білікті мамандары ЗОЖ психологы Л.А. Артамонова, Рудный қалалық психиатриялық емхананың психологы В.А. Зинич, кәмелетке толмаған балалардың істері бойынша инспекторы А. Культасовалар да қатысты.
Өз ісінің мамандары атаулы тақырыпқа өзінің көзқарастарын білдіріп, отбасыда зорлық-зомбылықтың алдын алу, одан құтылу жолдарын айтқан болатын.
Бас имам Сейіт қажы Темірбекұлы отбасы мүшелерінің бір-бірінің алдындағы міндеттері бар екенін әрі оны орындау арқылы адам тыныштыққа, берекеге және екі дүние бақытына кенелетіні жайлы діннің көзқарасын тілге тиек ете отырып, ұнамды әрі әсерлі етіп баяндады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі