Қазіргі таңда елімізге ана мен баланың денсаулығына, оларды толғандыратын мәселелерге айрықша назар аударылып жатқандығы ешкімнен де жасырын емес.
Сондықтан да бұл маңызды жайларға өңіріміздегі мешіт қызметкерлері де айрықша назар аударуда. Соның жарқын мысалы ретінде Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев пен Қыздар және әйелдер секторының ұстазы Диана Қайырбекқызы Қасиетті Рамазан айында қалалық перзентханада болып, осы Оразаның алғаш күні дүниеге келген Ризат есімді сәбиге азан шақырып, ат қойды. Мешіттің арнайы куәлігін табыс етті.
Сонымен қатар перзентхадан шығарып алып, қазіргі уақытша баспанасы яғни «Ана мен бала» орталығына келді. Мұнда сәбиге арнайы бесік сыйға тартылды. Нәрестенің анасына қажетті басқа да заттар тапсырылды.
Бұл күндері «Ана мен бала» үйіндегілер өздеріндегі уақытша мекендейтін өзге де аналар мен балаларға қолдан келген қамқорлықтарын жасауда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде тарауих намаздары басталды. Айтулы айдың айрықша құлшылығына жиылған жұртшылық жылдағыдан да еселене түскен. Оның айқын дәлелі – мешітте ине шаншар орынның болмауы.
Жиналған жамағатты мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Ораза мен тарауих намазы жайлы мағұлмат беріп, уағыз айтты.
Сонымен қатар ай бойы мешіт жамағатын қасиетті Құран аяттарына ұйытып, тарауих намаздарына имамдық ететін сонау Түркия елінен келген қаримен таныстырды. Ол Ыстамбул қаласынан келген, 30 жастағы Муса Авджы бауырымыз.
Сондай-ақ намазхан қауымды қала әкімі Амантай Балғарин да берекелі Рамазан айымен құттықтап, әрбір отбасына ырыс – береке және молшылық тіледі.
Үстіміздегі жылғы Рамазанның алғашқы күнгі ауыз ашар рәсімін де қала басшысы Амантай Кәкімбекұлы бастаған әкімдік қызметкерлері бастады.
Сансыз сауапқа кенелтуші Рамазанның екінші күнгі ауыз ашарын Бас имам бастаған мешіт қызметкерлері жасады.
Мешітте ауыз аштыру да жылма-жыл үрдіске айналған. Мешіт жанынан арнайы шатыр құрылып 150-160 адамға ауыз ашар дастарханы жайылуда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысы орталығында биыл ораза ұстаушылар қатары жылдағыдан да арта түскен. Олардың арасынан жасы келген кісілерді де, жастарды да көресіз.
Үстіміздегі жылы оразаның алғашқы күні облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов азаматтық танытып, өз атынан 450 адамға ауыз ашар берді.
Халық өте көп жиналды. Көпшіліктің алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы сөз сөйлеп, биылғы Рамазан айы жайлы әңгімеледі. Мұсылман бауырларымызға уағыз айтып, оразаларыңыз қабыл болсын деген ең ізгі ниетін білдірді.
Сондай-ақ осы басқосуда облыс әкімдігі дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов барша қауымды Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына ізгілік, ырыс-ынтымақ тіледі.
Ауызашарға қатысқан жерлестеріміз облыс басшысына дән ризашылықтарын айтты.
Сонымен қатар осы Рамазан айында оқылатын «Тарауиқ» намазында толық бастан аяқ қасиетті Құранды оқу үшін арнайы екі хафиз сонау Түркия елінен арнайы шақыртылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Әлемдердің Раббысы, Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар болғай! Әуелгілер мен соңғылардың мырзасы Пайғамбарымыз Мұхаммадке (ﷺ) оның отбасы мен сахабаларының барлығына және қиямет күніне дейін игілікте оларға ергендерге Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болсын!
Бұл шағын зерттеу жұмысында дұға жасағаннан кейін екі қолмен бет сипаудың үкімі төрт мазһаб ғалымдарының сөздері мен дәлелдеріне сүйене отырып келтірілген.
Жалпы төрт мәзһаб ғұламалары дұғаның соңында екі қолмен бет сипаудың мұстахаб амал екендігіне бір ауыздан келіскен. Алайда ханбали мәзһабы және де басқа кейбір ғалымдар шафиғи мазһабының пікіріне қарама-қайшы көзқарас білдіріп, намаздың ішінде «құныт» дұғасынан кейін екі қолмен бет сипауды да шариғат құптайтындығын жеткізген.
Тек шафиғи мәзһабының ұстанымында намаз барысында оқылатын «құныт» дұғасынан кейін ғана бет сипауды құптамаған.
Шафиғи мәзһабының ғалымы әл-Из ибн Абдуссәләм мен ханбали мазһабының өкілі Тақиюддин ибн Таймия секілді жекелеген ғалымдар дұғадан кейін екі қолмен бет сипау амалы шариғатта жоқ деген пікірді ұстанған. Алайда бұл екі ғұламаның көзқарасы әлсіз саналады.
Осы мәселеге қатысты ғалымдардың көзқарастарын кеңірек баяндайтын болсақ:
Ханафи мазһабының пікірі:
في شرح الحصكفي 1/507 :(و) أما (عند الصفا والمروة وعرفات) ف (يرفعهما كالدعاء) و الرفع فيه, و في الاستسقاء مستحب (فيبسط يديه) حذاء صدره (نحو السماء) لأنها قبلة الدعاء و يكون بينهما فرجة و الإشارة بمسبحته لعذر كبرد يكفي والمسح بعده على وجهه سنة في الأصح شرنبلالية). اه
Имам Хаскафидің түсіндірмесінде (шархында): «Сафа, Маруа және Арафатта әдеттегі дұғадан соң істелгендей екі қол көтеріліп дұға жасалады. Сол сияқты жаңбыр тілеу дұғасында да екі қол көкірек тұсына дейін көтеріліп, екі қолдың арасы алшақ ұсталады да алақандар аспанға қаратылып жайылады. Себебі аспан дұғаның құбласы. Сонымен қатар салқын күндері үзір ретінде сұқ саусақпен ишарат етудің өзі де жеткілікті. Дұға жасалып болған соң екі қолмен бет сипау имам Шурунбулалидің ең дұрыс пікірі бойынша сүннет болып табылады»,- деп келген.
وفي الفتاوى الهندية 5/318 : (مسح الوجه باليدين إذا فرغ من الدعاء قيل : ليس بشيء, وكثير من مشايخنا - رحمه الله تعالى - اعتبروا ذلك وهو الصحيح وبه ورد الخبر, كذا في الغياثية.) اه
«Әл-Фатауа әл-Һиндия» атты ханафи мазһабы ғұламаларының пәтуалар жинағында: «Дұға жасалып болған соң екі қолмен бет сипауда тұрған еш ағаттық жоқ. Ұстаздардың (р.а.) (шейхтер) көбі бұл пікірдің дұрыс болғандығы үшін, оған басымдық берген. Себебі дұғадан кейін екі қолмен бет сипауды растайтын нақты деректер жеткен. Сонымен қатар «әл-Ғиясия» еңбегінде де дәл осылай айтылған».
Мәлики мазһабының пікірі:
في الفواكه الدواني 2/330: (واختلف هل يرفع يديه عند الدعاء أو لا؟ و على الرفع فهل يمسح و جهه بهما عقبه أم لا؟ و الذي في الترمذي عن عمر بن الخطاب رضي الله عنه: (كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ فِي الدُّعَاءِ، لَمْ يَحُطَّهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ) .فيفيد أنه كان يرفعهما ويمسح بهما وجهه) اه.
«Әл-Фауакиһу әд-Дауани» атты еңбекте: «Дұға жасаған уақытта қол көтеріле ме әлде жоқ па? деген мәселеге қатысты қарама-қайшы көзқарастар бар. Дұғада екі қол көтерілсе, кейін сол екі қолмен дұғаның соңында бет сипау дұрыс па жоқ па? деген сұрақ туындайды. Бұған қатысты имам Тирмизидің хадис жинағында Омар ибн Хаттабтан (р.а.) келген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға жасаған уақытта екі қолын көтеретін және сол екі қолдың алақандарымен бетін сипамайынша қолдарын түсірмейтін еді» деп келген. Осы хадистен Алла Елшісінің (ﷺ) дұға жасаған уақытта, екі қолын көтеріп, дұғаның соңында алақандарымен бетін де сипағандығы түсініледі».
وفي الفواكه الدواني أيضا 2/335 : ( واختلف في بسط اليد ولا بأس منه لانه أمارة الذل والسكينة ويستحب أن يمسح وجهه بيديه عقبه كما كان يفعله عليه الصلاة والسلام ) اه
Сол секілді аталған еңбекте: «Дұға жасаған кезде екі қолды жайып тұру мәселесіне де қатысты қарама-қайшылық туындаған. Алайда олай істеудің де еш әбестігі жоқ. Себебі дұға жасаған уақытта қолды жаю, бойұсынушылық пен жан тыныштығының белгісі. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) жасағандай, дұғаның соңында алақандарымен бетті сипау мустахаб амалға жатады».
وفي الفواكه الدواني أيضا 1/281 : ( ويرفع يديه في حال الدعاء وبطونهما إلى الأرض وقيل إلى السماء وورد أنه بعد الدعاء يضع يديه على وجهه ويمسحه بهما لكن من غير تقبيل ) اه
Еңбектің басқа бір жерінде: «Дұға жасалғанда екі қол көтеріледі де алақандардың ішкі жағы жерге қаратылады, сол секілді аспанға да қаратылады деп айтылған. Дұға жасалған соң, екі қолмен бет сипалып, алақанды сүйместен бет сипалады».
Шафиғи мазһабының пікірі:
فتاوى ابن حجر 1/137 : ( وسئل- رضي الله عنه) وحشرني في زمرته - عن تقبيل اليدين بعد كل دعاء خارج الصلاة هل له أصل كمسح الوجه بهما أم لا ؟ وإذا كان له أصل فهل هو صحيح , أو خبره ضعيف؟( (فأجاب - فسح الله في مدته - : بأني لم أر له أصلا صحيحا ولا ضعيفا بعد مزيد البحث والتفتيش ; فلا ينبغي فعله) اه.
Хафиз Ибн Хажардың пәтуалар жинағында: «Хафиз Ибн Хажарға (р.а.): «Намаздан тыс бетті сипау мәселесі сияқты, барлық дұғадан кейін екі қолмен бетті сипамастан бұрын, алақанды сүюге де негіз, дәлел бар ма, әлде жоқ па? Ал егер алақандарды сүюге қатысты негіз бар болса, онда ол дұрыс (сахих) па, әлде әлсіз (дағиф) дерек пе?» – деп сұрақ қойылған. Бұл сұраққа Ибн Хажар (Алла одан разы болсын): «Бұл мәселеге қатысты толыққанды зерттеу жұмысын жүргізген соң, оған дұрыс (сахих) та әлсіз (дағиф) де негіз, дәйек таппадым. Сол үшін дұға жасағаннан кейін екі алақанды сүймеген жақсы», –деп жауап берген.
و في مغني المحتاج 1/370: (و أما مسح غير الوجه كالصدر فلا يسن مسحه قطعا بل نص جماعة على كراهته. و أما مسح الوجه عقب الدعاء خارج الصلاة, فقال ابن عبد السلام بعد نهيه عنه لا يفعله إلا جاهل ا هـ. و قد ورد في المسح بهما أخبار بعضها غريب و بعضها ضعيف, و مع هذا جزم في التحقيق باستحبابه) اه.
Бұл мәселеге қатысты «Муғни әл-мухтаж» кітабында: «Дұға жасаған соң екі қолды жүзден басқа, кеуде сияқты дененің басқа жерлерін сипау кесімді түрде сүннет амалына жатпайды, керісінше олай істеу шафиғи мазһабының көпшілік ғалымдарының айтуы бойынша макруһ амалына жатады. Ал енді намаздың сыртында дұға жасағаннан кейін бет сипау мәселесіне тоқталар болсақ, Ибн Абдуссалам: «Олай (дұғадан соң бет сипау) тек надан адам ғана жасайды» деп, одан тыйған. Алайда дұға жасағаннан кейін екі қолдың алақандарымен бет сипауға қатысты, кейбірі ғариб (сирек), ал кейбірі әлсіз хабарлардың келіп жеткендігі анық. Сондықтан шафиғи мәзһабының ғұламалары бұл мәселеге қатысты терең зерттеу жасай отырып, дұғадан кейін бет сипау – мустахаб амал деп үкім берген».
وفي حاشية البجيرمي على شرح المنهج 1/208 : (قوله : (لا مسح) أي : في الصلاة أي : لا يندب فالأولى تركه ح ل و يسن خارجها م ر أي : يسن أن يمسح وجهه بيديه بعده) اه.
«Хашия Бужайрами ала шарх әл-Манһаж» 1/208 атты кітапта дұғадан кейін бет сипау мәселесіне қатысты былай делінген: «Намаздың ішінде дұға жасағаннан кейін екі қолдың алақандарымен бет сипау мандуб амалына жатпағандықтан оны тәрк еткен дұрыс. Ал намаздың сыртында жасалған дұғадан кейін екі қолдың алақандарымен бет сипау – сүннет.
Ханбали мазһабының пікірі:
في المغني لابن قدامة 1/449 : (ولنا, قول النبي صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : (إِذَا دَعَوْتَ اللَّهَ , فَادْعُ بِبُطُونِ كَفَّيْكَ, وَ لَا تَدْعُ بِظُهُورِهِمَا, فَإِذَا فَرَغْتَ, فَامْسَحْ بِهِمَا وَجْهَكَ) .رواه أبو داود, و ابن ماجه. و لأنه فعل من سمينا من الصحابة. و إذا فرغ من القنوت فهل يمسح وجهه بيده؟ فيه روايتان: إحداهما, لا يفعل; لأنه روي عن أحمد أنه قال: لم أسمع فيه بشيء. ولأنه دعاء في الصلاة, فلم يستحب مسح وجهه فيه, كسائر دعائها .الثانية: يستحب; للخبر الذي رويناه. و روى السائب بن يزيد ,(أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا دَعَا فَرَفَعَ يَدَيْهِ مَسَحَ وَجْهَهُ بِيَدَيْهِ) .و لأنه دعاء يرفع يديه فيه, فيمسح بهما وجهه, كما لو كان خارجا عن الصلاة) اه
Ибн Қудаманың «әл-Муғни» 1/449 кітабында: «Бізге Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Егер Алла Тағалаға дұға қылатын болсаң, екі қолдың сыртқы бетімен емес, алақаныңмен жаса. Ал енді дұғаны жасап болғаннан кейін, сол екі қолдың алақандарымен бетіңді сипа»,-дегені жеткен (Әбу Дауд пен Ибн Мәжә риуаят еткен). Себебі сахабалардың осылай жасағандығы жеткен. Ал енді құныт дұғасынан кейін де бет сипау қажет пе, әлде жоқ па деген мәселеге тоқталар болсақ, бұл мәселеге қатысты ханбали мәзһабында екі көзқарас бар. Бірінші көзқарас бойынша құныт дұғасы жасалған соң бет сипалмайды. Себебі имам Ахмадтан: «Бұл мәселеге қатысты бірде-бір риуаят естіген емеспін»,-дегені риуаят етілген. Сонымен қатар «құныт» – намаздың ішінде оқылатын дұға. Сондықтан намаздың ішінде оқылатын басқа да дұғалар секілді, құныт дұғасынан кейін де екі қолдың алақанымен бет сипау, ұнамды (мустахаб) істерден емес». Ал енді екінші көзқарас бойынша құныт дұғасынан кейін бет сипау – мустахаб. Бұл істің мустахаб болуының себебі, бізге әс-Сәйб ибн Язидтен жеткен мына деркете былай деп риуаят етілген: «Алланың Елшісі (ﷺ) дұға жасағанда екі қолын көтеретін және дұғасын аяқтағаннан кейін екі қолының алақандарымен бетін сипайтын». Ал енді намазда құныт дұғасы жасалғанда екі қолдың көтерілетіндігі белгілі. Сондықтан хадистің мәтініне сай, дұға жасаған кезде екі қол көтерілгеннен кейін, намаздың сыртында жасалатын дұғалардағы секілді соңында бет сипалады».
وفي غذاء الألباب 2/516: (و أن يسأل ما يصلح, و يمسح وجهه بيديه بعد فراغه) اه.
Сондай-ақ «Ғизаул-Әлбәб» 2/516 кітабында дұға жасау әдебіне қатысты: «Дұғада тек, жақсылық атаулы ғана сұралады. Ал дұға жасалып болған соң, екі қолдың алақандарымен бет сипалады»,-деп келген.
وفي الفتاوى الكبرى لابن تيمية 2/219: (وأما رفع النبي صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يديه في الدعاء: فقد جاء فيه أحاديث كثيرة صحيحة, و أما مسحه وجهه بيديه فليس عنه فيه إلا حديث, أو حديثان, لا يقوم بهما حجة, و الله أعلم) اه.
Ибн Таймияның «Фатауа әл-Кубра» 2/219 еңбегінде бұл мәселеге қатысты былай деп келген: «Пайғамбарымыз (ﷺ) дұға жасағанда қолдарын көтерген әрі бұл мәселеге қатысты көптеген сахих хадистер жеткен. Алайда дұғадан кейін бет сипау мәселесіне қатысты бір не екі хадис ғана жеткен. Сондықтан бұл бір-екі хадисті дәлел ретінде қолдану жеткіліксіз болып табылады. Дұрысын Алла біледі!»
Дұғадан кейін бет сипау мәселесіне байланысты дәлелдер:
Ғұламалардың көпшілігі дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта құпталғандығын, осы мәселеге қатысты негіз-дәйек болып келетін бірнеше хадистерге сүйене отырып дәлелдеген. Алайда бұл хадистердің әрқайсысын жеке алғанда әлсіз хадистер қатарына жатады. Бірақ олардың барлығы бір-бірін қуаттайды. Себебі бұл хадистер, көптеген жолдармен бір адамнан ғана емес, Омар (р.а.), Ибн Аббас (р.а.), Сәйб ибн Язид (р.а.) пен оның әкесінен (р.а.) және мурсәл түрінде Зухри (р.а.) сияқты бірнеше сахаба табиғиндерден жеткен. Сол сияқты ғұламалар хадистен бөлек кейінгі ғасырларда келген ғалымдардың сөздеріне жүгінген.
1-2- حديث عمر و ابن عباس رضى الله عنهما: قال الحافظ في بلوغ المرام: (عن عمر رضي الله تعالى عنه قال: (كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ إِذَا مَدَّ يَدَيهِ فِي الدُّعَاءِ لَمْ يَرُدَهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ). أخرجه الترمذي. وله شواهد منها عند أبي داود من حديث ابن عباس وغيره ومجموعها يقضي بأنه حديث حسن) اه. و حديث عمر صححه الترمذي 5/131 فقال : صحيح غريب.
1-2. Омар (р.а.) мен Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадис: Хафиз ибн Хажар өзінің «Булуғул-Марам» еңбегінде: «Бұл хадис Омардан (р.а) риуаят етілді. Ол: «Алланың Елшісі (ﷺ) дұға жасау үшін екі қолын жаятын және алақандарымен бетін сипамай түсірмейтін» деген. (Имам Тирмизи риуаят еткен). Аталмыш хадисті қуаттайтын имам Әбу Дауіттің хадис жинағында Ибн Аббастан (р.а.) және басқа да хадис ғалымдарының хадис жинақтарында т.б. сахабалардан бірнеше жолдармен жеткен қуаттаушы (шауаһид) хадистер бар. Сондықтан осы хадистер бір-бірін қуаттап «хасан» дәрежесіне жетеді. Жалпы имам Тирмизи өзінің «әс-Сунан» жинағында, Омардан (р.а.) жеткен хадистің дәрежесін «сахих ғариб» деген».
قال الصنعاني في سبل السلام 4/427: وفيه دليل على مشروعية مسح الوجه باليدين بعد الفراغ من الدعاء. قيل وكأن المناسبة أنه تعالى لما كان لا يردهما صفرا فكأن الرحمة أصابتهما فناسب إفاضة ذلك على الوجه الذي هو أشرف الأعضاء وأحقها بالتكريم) اه.
Мухаммад ибн Исмаиыл әс-Санғани «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың келтірілген сөздерінен кейін былай деген: «Бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта құпталғандығына дәлелдің бар екенін көреміз. Дұғадан кейін бет сипау мәселесіне қатысты былай деп те айтылған: «Жалпы осы дұға жасау мен бет сипаудың арасында ерекше бір байланыстың бар екендігі байқалады. Өйткені риуаяттардан Алла Тағаланың дұға жасаған пендесінің алақанын бос қайтармай, оны рақым-шарапатқа толтыратындығы белгілі. Олай болса бұндай мейрім-шарапатқа толы алақанды, адам баласы жүзіне төгіп сипаса ғана жарасады. Себебі адамның жүзі, дене мүшелердің ішіндегі ең шарапаттысы әрі құрметке ең лайықтысы».
3- حديث السائب بن يزيد عن أبيه: و في سنن أبي دواد 2/79: (حَدَّثَنَا قُتَيْبَةُ بْنُ سَعِيدٍ، حَدَّثَنَا ابْنُ لَهِيعَةَ، عَنْ حَفْصِ بْنِ هَاشِمِ بْنِ عُتْبَةَ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ، عَنِ السَّائِبِ بْنِ يَزِيدَ، عَنْ أَبِيهِ: أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، كَانَ إِذَا دَعَا فَرَفَعَ يَدَيْهِ مَسَحَ وَجْهَهُ بِيَدَيْهِ ) حكم العلامة شعيب الارنؤوط: إسناده قوي اه.
3. Сәйб ибн Язидтің әкесінен риуаят еткен хадисте: «Құтайба ибн Сағидтен, ол Ибн Лаһиғадан, ол Хафс ибн Һашим ибн Утайба ибн Әби Уаққастан, ол Сәйб ибн Язидтен, ол әкесінің былай деп айтқанын жеткізеді: «Пайғамбарымыз (ﷺ) егер дұға жасайтын болса, бірден екі қолын көтеретін, кейін алақандарымен жүзін сипайтын».
4-حديث ابن عمر رضي الله عنه :روى الطبراني 12/323 : عن ابن عمر قال : قال رسول الله صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ" :إن ربكم حَيّ كريم يستحي أَن يرفع العَبْد يَدَيْهِ فَيَرُدهُمَا صفراً لَا خير فيهمَا فَإِذا رفع أحدكُم يَدَيْهِ فَلْيقل: يَا حَيّ يَا قيوم لَا إِلَه إِلَّا أَنْت يَا أرْحم الرَّاحِمِينَ ثَلَاث مَرَّات ثمَّ إِذا أَرَادَ رد يَدَيْهِ فليفرغ الْخَيْر على وَجهه. ") اه. قال الهيثمي في مجمع الزوائد 10/263 : وفيه الجارود بن يزيد وهو متروك .
4. Ибн Омардан риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ): «Расында Раббыларың асқан жомарттық иесі болған соң, құлы екі қолын көтеріп жалбарынған уақытта, алақандарын қайыр-жақсылықсыз бос қайтарудан ұялады. Егер сендердің біреулерің қолдарын көтерсе, үш мәрте былай деп айтсын: «Я, Тірі әрі мәңгі Бар болушы! Сенен басқа Құдай жоқ. Ей, рақымдылардың Рақымдысы!». Ал аяқтаған соң, әлгі қайыр-жақсылықты жүзіне төксін».
Имам әл-Һайсами «Мажмағу әз-Зәуайд» еңбегінде жоғарда келтірілген хадистің тізбегіндегі Жаруд ибн Язид есімді кісіге қатысты: ол кісі «мәтрук» (тәрк етілген – тізбегінде жалғандықпен айыпталған рауиі бар хадис) деген пікір айтады.
5- مرسل الزهري :وفي مصنف عبد الرزاق 2/247: (عن معمر عن الزهري قال: كان رسول الله صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يرفع يديه عند صدره في الدعاء ثم يمسح بهما وجهه, قال عبد الرزاق: وربما رأيت معمرا يفعله وأنا أفعله) اه وهذا مرسل صحيح والمرسل حجة عند الجمهور وغير حجة عند الشافعي وبعض أهل الحديث إلا أن يعتضد به ما يقويه وهو هنا كذلك
5. Имам Абдурраззақтың «Мусаннаф» атты еңбегінде: Мағмардан ол әз-Зуһриден: «Алла Елшісі (ﷺ) екі қолын кеуде тұсына көтеріп, дұға жасайтын, кейін екі қолының алақандарымен бетін сипайтын»,-деп келеді. Имам Абдурраззақ: «Мағмардың жиі осылай жасағанын көргендіктен, мен де солай жасайтынмын»,– дейді. Бұл риуаят «мурсәл сахих» хадистердің қатарына жатады. Ал мурсәл хадис көпшілік ғұламалардың көзқарасы бойынша дәлел бола алады. Бірақ имам Шафиғидің және кейбір мухаддистердің көзқарасында, екінші бір мурсал хадиспен немесе пайғамбардан жеткен басқа хадистермен қуатталуы секілді бірқатар шарттармен ғана қабылданады. Алайда, жоғардағы келтірілген мурсәл хадис, пайғамбардан (ﷺ) жеткен басқа тізбекпен риуаят етілген бірнеше хадистермен қуатталғандықтан дәлел бола алады».
Сондай-ақ, егер де дұғадан кейін бет сипау мәселесіне қатысты бір ғана әлсіз хадис бар деп есептеген күннің өзінде де, жақсылыққа, тақуалыққа жетелейтін амалдарда әлсіз хадистерді қолдануға болатындығы белгілі мәселе.
Сахабалар (р.а.) мен имамдарымыздан (р.а.) жеткен руаяттар (әсәрлар):
روى البخاري في الأدب المفرد ص 214: (حَدَّثَنَا إِبْرَاهِيمُ بْنُ الْمُنْذِر، قَالَ: حَدَّثَنَا مُحَمَّدُ بْنُ فُلَيْحٍ، قَالَ : أَخْبَرَنِي أَبِي، عَنْ أَبِي نُعَيْمٍ وَهُوَ وَهْبٌ، قَالَ: رَأَيْتُ ابْنَ عُمَرَ، وَ ابْنَ الزُّبَيْرِ يَدْعُوَانِ، يُدِيرَانِ بِالرَّاحَتَيْنِ عَلَى الْوَجْهِ) وحسَّن إسناده الحافظ ابن حجر في أمالي الأذكار اه.
Имам Бухаридің «Әдәбул-Муфрад» атты еңбегінде: «Бізге Ибраһим ибн Мунзир, ол: бізге Мухаммад ибн Фулайх жеткізіп, маған әкем, Әбу Нуғаймнан, ол Уаһбтан, ол: «Мен Ибн Омар мен Ибн Зубайрдың дұға жасап болған соң, қолдарымен бет сипағандарын көрдім», – деген.
وفي مصنف عبد الرزاق 2/252: (باب مسح الرجل وجهه بيده إذا دعا: عن بن جريج عن يحيى بن سعيد: أن بن عمر كان يبسط يديه مع العاص, وذكروا أن من مضى كانوا يدعون ثم يردون أيديهم على وجوههم ليردوا الدعاء والبركة .قال عبد الرزاق: رأيت أنا معمرا يدعو بيديه عند صدره ثم يرد يديه فيمسح وجهه ) اه
Имам Абдурраззақтың «Мусаннаф» атты еңбегінде: «Ер кісінің дұғадан кейін қолымен бет сипау тақырыбында, ол Ибн Журейжден, ол Яхия ибн Сағидтен: Ибн Омар (р.а.) Аспен (р.а.) бірге қолдарын жаятын. Олар зікір етіп болған соң дұға жасайтын, кейін қолдарымен жүздеріне қайыратын. Яғни, дұға мен берекетті жүздеріне сипап қайтаратын». Имам Абдурраззақ айтты: «Мағмардың екі қолын кеуде тұсына ұстап, дұға қылғанын және кейін екі қолымен бетін сипап қайырғанын көрдім».
Бұл мәселеге қатысты сөзімізді аяқтай келе, Әлемдердің Раббысы, Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар болғай! Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (ﷺ) оның отбасы мен сахабаларының барлығына және оларға ергендерге Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі жаусын!
Сыздықов Дархан Манарбекұлы
Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің наиб имамы
Бүгін Қостанай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде алдағы қасиетті Рамазан айына байланысты брифинг жиыны болып өтті. Оған ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет, найб имам Дархан Сыздықов қазақ тілінде және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің найб имамы Саян Қосжан қатысып орыс тілінде ақпарат берді.
Алдымен облыстың бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы БАҚ өкілдеріне Рамазан айына дайындық және ораза туралы айтып берді. Онда алдағы Рамазан айының ерекшеліктері туралы баяндалып, ораза ұстау, пітір садақа, Қадір түнінің артықшылықтары жайлы да сөз қозғалды.
Биылғы Рамазан айы 27-мамыр күні басталып, 29 күнге созылады. Ал, қасиетті Қадір түні маусымның 21-інен 22-не қараған түні өткізіледі. Ораза айт мейрамы маусым айының 25-нен басталады.
Пітір садақа көлемі Республика бойынша жан басына шыққанда 300 тенге болып бекітілгенін де айтылды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің сауат ашу курсы өз жұмысын аяқтады. 2016 жылдың 15 қазаны мен 2017 жылдың 15 мамыр аралығында шәкірттерге «Фиқһ», «Ақида», «Құран» және «Тәжуид» пәндерінен дәріс берілді.
Шәкірттер мешіттегі өткізілген түрлі қоғамдық қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысып, жасы келген кісілердің үй шаруаларына (отын, су әкелу, ауласын қардан тазалау сияқты) көмектесті.
Сонымен қатар мешітте спорттық ойындар, діни ән-жырлар, Құран жарысын өткізу істерінде де ұйымшылдық танытты. Биылғы оқу жылында 30 шәкіртке арнайы сертификат табысталды.
Аталмыш мешіттің әйелдер тобы да өз дәрістерін қорытындылады. Олар «Ізгілік қалсын әр ізде» деп аталатын ақын-жыруларымыздың діни сарындағы өлеңдерін мәнерлеп, көркем оқу сайыстарын ойдағыдай өткізді. Жеңімпаздарға мешіт атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осы мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев барша шәкірттерге ізгілік тіледі.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша баспасөз қызметі
Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.
Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы мамырдың 27-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын.
Рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари).
Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз адамдардың бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтау, шариғатымызда құпталған амал екендігіне негіз болмақ. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады»,- деді.
Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді»,-деген.
Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді.
Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.
Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам - сенімнің жартысы»-деген. Оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткім келеді.
Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) да үмбетіне, яғни біздерге де рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).
Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ болып, соның себебінен ғибадаттан, Раббының рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.
Ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың – хижра жыл санауы бастау алады. Сол хижраның 2 жылы Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап, барша мұсылман қауымы жыл сайын Рамазанда бір ай бойы ораза тұтып келеді.
Ораза тұтатын айды толық түсіндіріп, баяндау үшін, Алла Тағаладан мына аят нәзіл болды: «/Сендерге/ санаулы күндерде /ораза тұту міндеттелді/. Ал сендерден кім ауырып қалса не жолаушы болса, онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Ораза тұтуға қиналатындар /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ фидия ретінде бір міскінді тамақтандырсын. Ал кім /өз еркімен/ қосымша бір жақсы іс жасаса, ол өзі үшін хайырлы. Егер білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін қайырлы. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратудың анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал кім ауырып қалса немесе жолаушы болса онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Алланы ұлықтаңдар – сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің үшін». ( Бақара сүресі, 184 аят)
Оразаны парыз ететін шарттар:
Рамазан айындағы оразаның үкімі - парыз айн (адамның жеке өзіне міндет болған парыз).
1. Мұсылман болу. Ораза ұстау – мұсылман болған әр ер адамға, әр әйел кісіге парыз.
2. Балиғатқа толу. Балиғат жасына толмаған сәбиге оразаның парыздығы міндеттелмейді.
3. Ақыл-естілік. Есі оралмайынша, жындыға, жарымеске, мас адамға, комадағы кісіге ораза парыз емес.
Оразаны атқаруға қабілетті қылатын шарттар:
1. Денсаулық. Науқас кісіге ауырған күндері, ораза кезінде жүкті немесе емізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер және жолаушыға сапар күндері ораза ұстамаулары рұқсат етіліп, кейін жағдайлары жеңілдегенде сол күндердің қазасын өтеулері – парыз. Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар – ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былай деп баян етілген: «Шамасы келмейтіндер /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» (Бақара сүресі, 184 аят).
Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».
2. Тұрғылықты болу.
3. Әйел кісінің хайыз бен нифастан тазаруы. Бұл күндері атқарылмаған намаз бен оразаның айырмашылығы – намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаны өтеулері – парыз.
Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар
1. Ниет.
2. Оразаның бұзылмауы.
Біле тұра жеп-ішпеу. Ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды.
Біле тұра жұбайына жақындаспау. Кім бұны ұмытып істеп қойса, оразасы бұзылмайды.
Өзін-өзі құстырмау. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, мысалы, адамдардан ұялғанынан жұтса және құсық ауыз толтырарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.
3. Негізсіз болмауы.
Кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз.
Етеккір не нифас күйдегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.
Оразаның мұстахабтары (әдептері)
Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:
1. Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты: түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында:
«Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар»-деген, яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.
2. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.
3. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі»-деген.
Оразаны бұзатын істер
1. Күндіз ораза ұстап жұргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп, жеу.
2. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім, ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру не екі ай бойы ораза тұту қажет.
Ал кімде-кім, ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім, ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.
Егер кімде-кім, жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.
Рамазан айының артықшылығы
1. Рамазан – сынақ айы. Адам баласы бұл айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөйлеуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, яғни өзін сабырлыққа, шыдамдылыққа, тақуалыққа тәрбиелеуі керек. Ораза адам баласы мен Ұлы жаратушының арасындағы сыр. Кісінің ораз тұтып жүргені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Исламда иманның, сенімнің жоғары тұратындығы осыған дәлел. Әлдебіреу ораза тұтқан адамның көңіліне тиіп, балағаттаса, ауыр сөз айтып, қол жұмсағысы келсе, әлгі аузы берік кісі: «Мен оразамын»,-деп үш мәрте айтуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Маған айтыңызшы, қай амалды істесем, жұмаққа кіремін?»-деп сұрапты. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Оразаң сені алып кіреді»-деп жауап береді. Әлгі кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, тағы да әлгі сұрақты қойған уақытта жоғарыдағы жауабын қайталапты.
2. Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді»-деген. Сондықтан да Алла Тағала бұл айдың бір түнін қасиетті де қадірлі етті. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Алла Тағаладан алғаш рет Құран аяттары түсті. Сол себепті бұл түн «Қадір түні» деп аталады. Ол түннің игілігі мың айдан да артық. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі. Ораза тұтып, Жаратушы Жаббар Иесін еске алғандардың барлығының тілектерін Алла Тағала қабыл етіп, сол түні таң атқанша Алланың пенделеріне сыйлаған сәлемі, бибітшілігі, тыныштығы жалғасады. Бұл жайт Құран Кәрімнің Қадір сүресінде кеңінен баяндалған.
3. Рамазан – тақуалық айы. Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәфсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. Сондықтан, ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын! Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей!
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Бүгін Алматыда Рамазан айына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы БАҚ өкілдеріне Рамазан айына дайындық барысы мен ораза туралы түсінік берді.
«Биылғы оразада күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр. Таңның атуы мен күннің батуы 18-19 сағатқа дейін созылады. Алайда күннің ұзақтығы мен күннің аптап ыстығы отандастарымыздың ораза ұстауына кедергі келтірмейді деп сенеміз. Өйткені, рамазан – жылына бір рет келетін, сауаптар еселеніп жазылатын берекелі, қасиетті ай. Мұсылман баласы мұндай мүмкіндіктер айын жіберіп алмауға тырысады», – деді Ержан қажы Малғажұлы.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ізгі айда жұрт болып жұмылып су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге үндеді.
«Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфти айтулы айдың қадір-қасиеті туралы айта келе, биылғы Рамазанда атқарылар шаралар жайында баяндады.
«Өткен жылғы дәстүрмен оразаның құрметі үшін «тегін такси», «тегін автобус», «қайырымдылық – қайырлы іс», «барыңмен бөліс» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі. Ораза айт күні мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады», – деп атап өтті Бас мүфти.
Биыл Рамазан айы 27-мамыр күні басталып, 29 күнге созылады. Ал, қасиетті қадір түні маусымның 21-інен 22-не қараған түні. Ораза айт мейрамы маусым айының 25 басталады.
ҚМДБ баспасөз қызметі
Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің кітапханасында баспасөз брифингі болып өтті. Оған аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин және наиб имамы Нұрлыбек Бикишев қатысты.
Дін қайраткерлері өңірдегі мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айына байланысты сұрақтарға нақты жауап берді.Онда Рамазан айының ерекшеліктері, ораза ұстау кестесі, ҚМДБ бекіткен пітір-садақа мөлшері және басқада маңызды жайлар айтылды.
Брифинг барысында «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің халыққа арнаған үндеуі жайлы әңгімеледі.
Сондай-ақ Рамазан айының шарттары, қайырымдылық шараларын өткізу, мешіттерде ауыз-ашар ұйымдастыру, зекет, пітір садақасы мен айт намазының оқу уақыттары жөнінде жан-жақты баяндады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі