Рудный шаһарында сүйікті Мұхаммед (с.ғ.у) туған айы құрметіне Мәуліт мерекесі кеңінен аталып өтілді. Мұндай маңызды шара «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы және қалалық әкімшіліктің ұйымдастыруымен «Горняк» мәдениет үйінде аталып өтті.
Айтулы мерекеге Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Икрам Бақытжан сөз бастап, пайғамбарымыз туралы өнегелі өсиет айтып шараны ашып берді.
Онан соң қонақтар қаланың өнер жолындағы жастар және мешіт шәкірттерінің өнегелі қойылымдарына куә болды.
Мәуліт мерекесі бұл – Пайғамбарымыздың Мұхаммедтің (с.ғ.у) өмірбаянын, тұлғасын, Алла тағала әлемге рахмет етіп жіберген қияметке дейінгі үмметке елші екендігін еске алу сәті болса, мұндай мерекені тойлап өтудің өзі үлкен сауапты шара болып табылады.
Соңынан осы шараға ат салысып, Мәуліт мерекесіне келген барша жиналған жамағатқа Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы өз алғысын білдіріп, дән ризалығын жеткізді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялануына байланысты, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде 2019 жылы 19 ақпанда «Дін және ғылымның сабақтастығы. Жастарымыздың діни сауатты, дүниеуи білімді болуы заман талабы» атты семинар ұйымдастырылды.
А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы Азамат Жақсыбекұлы Исабаевтың қолдауымен арнайы жетекшілерімен бірге 50 шақты студент осындай маңызы зор мәдени шараның куәгері болды.
Семинар барысында «Мемлекет басшысы өз Жолдауында саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізумен қатар, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берді. 30 озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым емес пе? Елбасымыз міне, осыны, яғни ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске апару мәселесін баса айтты. Бұл салаға тек ғалымдардың ғана емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің күш-қайраты керек. Олар да ғылымға қарай қадам жасауы тиіс» - деп Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Дүйсен Сәрінжіпұлы тақырыпты кеңінен ашып, толығырақ тоқтала кетті.
Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің информатика кафедрасының оқытушысы, жаралыстану ғылымдарының магистрі Қалыбек Сапарұлы Мауленов мырза «Ғылымның дінмен қатынасы» туралы сөз қозғады.
Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Қостанай облыстық "Аймағамбет қажы Спанұлы" мешітінде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» тақырыбында облыстық мешіт жанындағы молдаларға семинар өткізілді.
Онда Құран, Тәджуид және де Фикһ ілімдері бойынша дәрістер ұйымдастырылды. Наиб имам Тимур Туребаев жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты жайттарды қоғамға дұрыс жеткізу, түсіндіру, насихаттау жұмыстары жайлы баяндады.
Осы тәріздес діни семинар мешіт моладаларыныңдіни сауаттылығын арттыру үшін жыл сайын өтіп тұрады. Жиынның мақсаты -діни сауаттылықты арттырумен қатар діни рәсімдерді бір ізге келтіру, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу болып табылады.
Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің ұйымдастырумен футболдан мектеп аралық жарыс өткізілді. Жарысқа аудан бойынша 10 команда қатысты.
Ойын тартымды да қызықты өтті. Жарысты өткізудегі мақсат- жастарды салауатты өмірге баулу. Биылғы жастар жылы аясында өткен жарыста I- орынды № 3 қазақ орта мектебі, II- орынды «Наука» орта мектебі, III- орынды № 2 мектеп командалары жеңіп алды.
Жүлдегерлерге ауданның найб имам Толыбай Сембиев мешіттің атынан арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Мәуліт – араб сөзі, қазақша "туған күн" деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне осы атау берілген.
Осы қасиетті Мәуліт мерекесінің қадірменді қонақтары Қостанай облысының өкілі Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған қала, аудандардың бас имамдары және мұғалімдер мен оқушылар ауыл тұрғындары қатысты.
Осы ізгі шараны «Түркебай» мешітінің найб имамы Әлфараби Ерболұлы қасиетті Құран кәрімді оқудан бастады.
Бұл мерекені атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
Қостанай облысының өкілі Тәжімбет Бахытбек жиылған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Бас имам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мейірімді мінезің, адалдығын, сабырлы мінезі жайында және де бала тәрбиесіндегі теріс тәрбие мен оң тәрбиенің ара-жігін айта кетті.
Әсерлі уағыздан кейін көпшілік ойына тағылым аларлық ой сала білді. Өз кезегінді өкіл имам Науырзым жеріндегі «Түркебай» мешітінің құрылыс жұмыстары үшін, қаржылай демеушік жасаған ауданымыздың азаматтары Сағындық Ғалымжанұлы, Қуаныш Дулатұлы және Жұмақан Табаұлын алғыс хатпен марапаттады.
Жалпы, мәуліт шарасы барысында иләһи әндер айтылып, жыр- термеден шашу шашылды.
Сондай-ақ, биылғы мәуліт шарасының басты ерекшелігінің бірі - мешіт жамағаты жерлесеміз Динара Иманбаеваның еміне қаражат жинап әкесі Талғат Иманбаевқа табыстады.
Алаштың ақтаңгер ақыны атанған Айбек Қалиев пен жерлесіміз Салтанат Өтелбаева айтысымен рухани кеш шарықтау шегіне жетті. Имандылыққа толы тағылымды тәлімдер айта білген қос ақынға көрермендер ыстық ықыласын білдірді.
Иә, түйіндей айтқанда, аудан бойынша Мәуліт шарасы жоғары деңгейде өтті. Әрине, барлығының да діттегені – Алланың разылығын алу, Пайғамбардың (с.а.с) шапағатына бөлену еді.Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін.
Өңіріміздің Алтынсарин ауданы Обаған ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушылары сабақтан бос уақытында көмекке мұқтаж қарт кісілерді қамқарлыққа алып, олардың үйінің алдын қардан тазартып, үй шаруаларына қолғабыс етеді.
Сол сияқта аудан орталығындағы мешітке келіп, киелі орынның сыртындағы қарды да тазартып, іштегі кілемдерді далаға қағып, шаңсорғышпен тазалауға да өздерінің үлестерін қосуда.
Бұл қайырымдылық шаралары биылғы жастар жылының аясында ұйымдастырылып, ұл мен қыздарды еңбек сүйгіштікке баулып жатқаны белгілі.
Мешіт ұжымы жастардың мұндай игілікті іспен айналысуларына шынайы алғыстарын білдірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялануына байланысты жақында Қостанай құрылыс колледжінің базасында Қостанай облыстық «Марал ишан» және қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің мұрындық болуымен сауат ашу курсының шәкірттері арасында волейболдан өзара жарыс өткізілді.
Іс-шараның негізгі міндеті - мешіт жамағатының ауызбірлігін, татулығын арттыру, бос уақытын тиімді өткізу болатын.
Аталмыш жарыс өз мәресіне жетті. Әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша І орынды Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің шәкірттері құрамынан жасақталған І команда алса, ІІ орынды Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жамағатынан құралған команда иеленді. Ал ІІІ орынды облыстық «Марал ишан» мешітінің ІІ командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздарға арнайы кубок пен дипломдар табысталды. Ойын барысында белсенділік танытқан ойыншыларға арнайы мақтау қағазы берілді.
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев ҚР Ұлттық Ұлан 6697-ші әскери бөлімінде «Суицид» тақырыбында басқосуға қатысты.
Кездесудің басты мақсаты - әскери қызметкерлердің арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу.
Осы мәжіліске 140 қызметкер қатысты. Олардың ішінде офицерлік құрам, шекара қызметкерлері, әуе қорғаныс қызметкерлері бар. Маңызы зор жиынға арнайы шақырылған психолог маман және наиб имам Нұрлан Сейдагалиев те өздерінің пікірлерін ортаға салып, «Өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә» деген тақырыпта уағыз айтып, жиналған көпшілікке ой салды.
Онан соң наиб имам УК-161/2 түзету мекемесінде 25 офицер қатысқан кездесуге қатысты.
Сол кездесуде түрме қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары өткізілді. Абу Ханифа мазхабы туралы мәлімет беріліп, діни жат ағымдардағы адамдарды қалай тануға болатыны жайлы және де Ханафи мазһаб бойынша намаздың үлгісі көрсетіп, ағымдағы кісілермен қалай мәміле жасау керектігі туралы айтты.
Өткен жұма күні Қостанай облысының барлық қалалық және аудандық мешіттерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан берілген тапсырмаға сәйкес «Сириядан оралғандар» бейне баян көрсетіп, сілтемесі жазылған парақшаларды келушілерге таратты.
Сонымен қатар жат ағымдардың алдын алып, оларға тосқауыл қою қажеттілігі сөз етіліп, қоғамда өз орнымызды тауып, халық арасында бүлік шығарушы емес, бірлікке шақырушы болу қажеттілігі туралы уағыз-насихат айтылды.
Ата-бабамыздан үлгі болған салт-дәстүрімізді берік ұстанып, Құран –хадистерімізді ардақтау, дәстүрлі дінімізді қадірлеп-қастерлеу жайы да әңгіме арқауына айналды.