Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Понедельник, 04 Май 2020 16:42

Рудный: Ағаш көшеттері отырғызылды

Қар еріп, шуақты көктем келісімен елімізде абаттандыру, айналамызға көгалдандыру жұмыстары жандана түсетіндігі белгілі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына арналған «30 игі шара» жобасы және «Бір тал кессең, он тал ек» көгалдандыру шарасы аясында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ауласына 30 түп қайың, қарағай ағаш көшеттері отырғызылды.

Бұл маңызды шараға аталмышмешіттің қызметкерлерібелсене қатысты. Олар биылғы көктемнің алғашқы күндерінен кеншілер қаласының гүлденуі мен Алланың үйінің көріктеуіне лайықты үлестерін қосып келеді.

Дін жолын ұстанған барша қызметкерлер дана халқымыздың «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Понедельник, 27 Апрель 2020 13:14

Қостанай: Блок бекетте қызмет қауырт

Қостанай қаласында бұл күндері әлемді жайлаған жұқпалы індетке байланысты уақытша жабылған блок бекетіндегі 65 қызметкерге «БІЗ БІРГЕМІЗ!» қайырымдылық акциясы аясында түскі ас таратылды.

Оның ішінде полиция мен әскери қызметкерлер, дәрігерлер де бар. Бұл қайырымдылық шарасына Қостанай қаласы бойынша «Зекет» қоры және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал даму» серификатына ие болған «Арзу» дәмханасының басшылығы мұрындық болды.

Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы және «Жастар ісі секторының» жауапты өкілі Әлішер қажы Ертайұлы блок бекетіндетұрған қызметкерлерге шын жүректен алғыс білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі. Мұндай қайырымдылық шарасы әр аптада ұйымдастырылатынын болып шешілді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

– Рамазан айы құтты болсын! Діни басқарманың ұстанып келе жатқан төрт бағытының бірі – қайырымдылық. Елімізде төтенше жағдай басталысымен сіз басқаратын Қайырымдылық және уахып істері бөлімі бірқатар сауапты істерге белсене кірісті. Қайырымдылық шаралары қандай бағыттар бойынша жүріп жатыр?

– Иә, ҚМДБ-ның ұстанып келе жатқан төрт бағытының бірі – қайырымдылық. Елімізде төтенше жағдай жарияламастан бұрын да мүфтияттың осы бағыты өз жұмысын жүйелі жүргізіп келді. Олай дейтініміз жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы, «Берекелі Рамазан», «Раббың үшін құрбан шал», «Балаларға базарлық» сияқты қайырымдылық түрлері дәстүрлі жалғасын табуда.
Елімізде індеттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде бас мүфтиіміз бастаған дін жаншырлары «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасын жүргізу арқылы халықтың қасынан табыла білді. Айта кететін бір нәрсе осы уақытта жүргізілген қайырымдылық тек бір бағытта ғана жүзеге асқан жоқ. Яғни демеуші азаматтардың көмегімен азық-түлік, қаржылай қолдау, бетперде, дәрі-дәрмек, тіпті ерікті жамағаттардың көмегімен қандай да бір көмекке зәру отбасыларының түрлі қажеттіліктерін жеткізіп беру жұмыстары сияқты істер кеңінен атқарылуда. Алдағы уақытта да шамамыз келгенше атқара береміз. Осы бағыт бойынша қазіргі таңда имамдар қарқынды жұмыс жасап келеді.

– Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасының нәтижесі қандай? Қанша отбасы алақан жылуын сезінді?

– Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет облыстың бас имамдарына «Жүрек жылуы» акциясын ұйымдастыру арқылы халыққа қызмет етуді тапсырды. Аллаға шүкір, акция аясында мүфтият 26 610 отбасыға азық-түлік тарату арқылы қайырымдылық көмек көрсетті. Вирустан сақтану үшін 54 271 бетперде таратты. 264 адамға түрлі дәрі-дәрмек үлестірілді. 400-ге жуық ерікті жұмысқа жұмылдырылды. Бәріміз бір нәрсені жақсы түсінуміз керек. Қазіргі таңда карантинге байланысты мешіттеріміз жабық. Осы атқарылған шаруалардың барлығы имамдарымыздың қажырлы табандылы мен қайырымды жандардың қолдауы арқылы іске асып отыр.

– Былайғы жұрт ҚМДБ-ның екі құрылымы Қайырымдылық және уақып істері бөлімі мен «Зекет» қорының қызметін ажырата алмайды. Екі бөлімнің айырмашылығы қандай?

– Бөлімнің аты айтып тұрғандай, Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің негізгі бағыты – қайырымдылық жұмыстарын бірізділікке түсіріп, дұрыс жолға қою. Ал «Зекет» қорының алға қойған өз мақсат-жоспары бар. Дүниесі мен дәулеті нисап мөлшерінен асқан азаматтар мал-мүлкін арамнан сақтау үшін қаражатын осы «Зекет» қорына аудару арқылы сауапты іске қолдау көрсетіп жатады. Айланып келгенде екеуі де мүфтияттың бір-бір бөлімі, атауы бөлек болғанмен мақсаты ортақ. «Зекет» қоры «Ел үлесі пәтерге», «Тайқазан», тағы да сол сияқты ауқымды жобалары арқылы атсалысып келеді.
Біздің бөлімнің тағы бір бағыты – көпбалалы отбасы мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында жеке Қайырымдылық мекемелерін ашу. Қазіргі таңда мүфтияттың 18 қайырымдылық мекемесі арнайы тіркеуден өтті. Ол мекемелерге көбіне жоғарыда айтқан отбасының балалары, сонымен қоса жатақхана тимеген студенттер қабылданады. Оларға сапалы білім, дұрыс тәрбие алуына барлық мүмкіндік жасалған.

– Қайырымдылық мекемелерін құрудағы негізгі мақсат қандай?

– Еліміз бойынша қазір 18 мекеме тұрақты жұмыс жасап келеді. Мақсатымыз – қоғамда қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылығын қалыптастыру, қолдау және нығайту, өскелең ұрпақты жат ағымның шырмауына түсуден сақтау. Олардың санасына бейбітшілік, отансүйгіштік сезімін сіңдіру, достық пен қоғамдық келісім, халық бірлігі, дінаралық татулық, адамның рухани тұрғыда жетілуі, отбасының қоғамдағы беделі мен рөлін нығайту, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету. Қайырымдылық мекемелерін көптеп ашудағы тағы бір мақсат – балалар мен жастарды патриоттық тәрбие беруге баулып, рухани жетілуіне жәрдем беру. Қазір бұл мекемелерде 500-ге жуық бала қайырымдылық көмек алуда.

– Діни басқарманың биылғы 30 жылдық мерейтойына орай бірқатар қайырымдылық шарасы қолға алынғаны белгілі. 30 көпір салу, 30 құдық қазу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Дұрыс айтасыз, ҚМДБ-ның 30 жылдығы аясында елдімекендерде 30 көпір салу, 30 құдық қазу, Қазақстан бойынша қайырымдылық керуенін жүзеге асыру секілді шаралар қолға алынды. Алғашқы көпір Алматы облысы Жамбыл ауданында ел игілігіне берілді.
Алдағы уақытта мұсылман зиратын бір ізге түсіру, жерлеу рәсімін шариғат талабына сай етіп, халықтың қалтасын қақпайтындай жағдайға жеткізу секілді жұмыстар атқарсақ деген жоспарымыз бар. Одан бөлек еліміздегі киелі орындарға рухани сапар ұйымдастыру, зиярат әдебін түсіндіру, сауапты шараның мәдениетін қалыптастыру секілді жобаларды жүзеге асыру арқылы халыққа қызмет етпек ниетіміз бар.

– Қайырымдылық бағытындағы жұмыстарыңыз жайлы жақсы мәлімет алдық. Ал уақыптың қайырымдылықтан айырмашылығы қандай?

– Ханафи ғалымдарының сөзіне сүйенсек, уақып жасау сүннет болып саналады. Уақып деген – шариғатта істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Мүлікті Алла жолында уақып етуге нұсқайтын әрі уақып құрудың қажетті нәрсе екенін дәлелдейтін, тура болмаса да соған жақын келетін аяттар бар. Мысалы «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» деген Құран аяты бар. Жәбір (р.а) сахаба: «Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған» деген. Ал Омардың (р.а) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын ғұламалар «Ислам тарихындағы ең алғаш уақып» деп бағалаған. Сонымен қатар қазақ мәдениетінде де уақып атауы кең қолданыста болғанын, сонымен амал еткенін байқауға болады.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,

Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,

Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,

Байларымыз жиналып уақып қылсақ, – дейді.

Қорыта айтқанда, зекет, садақа, қоғам үшін пайдалы нәрселердің барлығы уақып жұмысына жатады. Одан бөлек Ақсақ Темір салдырған Яссауи кесенесі, Құнанбай салдырған Меккедегі тәкия (қонақ үй) уақып ретінде пайдаланып келгені белгілі.

– Бүгін Рамазан айының бірінші күні. Биыл пітір садақа берудің цифрлы жүйесі қолға алынды. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер, атап айтқанда Каспи және Халық банк қосымшалары арқылы пітір беру мүмкіндігі іске қосылды. Мұның нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?

– Пітір садақасы – оразаның қате-кемшілігін толтыратын, Аллаға шүкіршілік ету үшін берілетін және әлеуметтік ахуалы төмен адамдарды қолдауға бағытталған садақа түрі. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 127 мың теңге деп бекітілді. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес. 

Пітір садақаны Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға беруе болады. 

Ал бұл тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасын әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, кембағалдарға мешіт арқылы жетуін, таратылуын қалап, сауапты істерге ат салысамын деген адамдар үшін қосымша жағдай ғана жасап отыр. Дінімізде кез-келген сауапты, игі амал Аллаға деген махаббатпен, Алланың разылығын табу үшін ғана жасалады. Ары қарай пітірді кімге, қалай беруі – патша көңіл жамағаттың өз ықтиярындағы амал. Алла ниеттерімізді қабыл етсін!

Асыл дініміздің адамзаттың көш ілгері дамып, ғылым мен технологияларды кеңінен қолдануын шектемейді. Олай болса осы нығметтерді сауапты шараға неге пайдаланбасқа? Рамазанға байланысты баспасөз мәслихатын өткізген еліміздің Бас мүфтиі «мешіттердің есігі уақытша жабық тұрғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды» деген тұспалды сөз айтты. Сондықтан біздің де мақсатымыз – сауапқа ниеттенген халыққа шамамыз келгенінше оңтайлы жағдай жасау.

– Білуімізше, пітір садақа – мұқтаж адамдардың ақысы. Пітірден түскен қаражат мұқтаж адамдардың жоғын түгендеуге жұмсалуы қажет. Жалпы, пітірден түскен қаражат қайда жұмсалады?

– Пітір садақасын кімдерге жинауға болатынын асыл дініміз көрсетіп қойған. Мешіттер мемлекет қамқорлығындағы, не болмаса қаржылық мекеме емес. Оның үстіне түскен садақа есебінен мұқтаж жандарға қайырымдылық беріліп келе жатқаны жасырын емес. Қаншама мұқтаж отбасы мешіт арқылы көмек алып келеді. Жолда қалғандар мен түрлі себептермен көмек сұрап келушілер қаншама. Одан бөлек ораза кезіндегі жамағатқа берілетін ауызашарларды қосыңыз. Мешіттердің коммуналдық және қысы-жазы ұстап тұру шығыны тағы бар. Бұл бір реттік қана дүние емес, жыл сайын қайталанып, жалғасып келе жатқан мәселе.

– Байқасаңыз, әлеуметтік желіде әртүрлі топтар «пітірді мешіттерге бермеу керек» дегендей жағымсыз пікірлер жазып жатыр. Олардың бұлай ойлауының себебі неде?

– Қазақта «мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» деген сөз бар. Мешіт айналасында жүрген жамағат біледі. Қанша ақша түсіп жатыр, қайда кетіп жатыр, барлығы ашық. Түскен қаражат мешіттің алқа мүшелерімен ашылып, саналады. Оның үстіне бір жылдан бері мешіттерге электронды садақа терминалдары іске қосылды. Кейбір адамдар пітірін өздері білетін мұқтаж отбасыларға апарып беріп жатады. Алла қабыл етсін! Жоғарыда атап өткенімдей, бұл тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасын әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, кембағалдарға мешіт арқылы жетуін, таратылуын қалап, өзге де сауапты істерге атсалысамын деген адамдар үшін қосымша қолайлы жағдай ұсынып отыр.

– Алла разы болсын! Еңбектеріңіз берекелі болғай!

– Қазақта «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген қанатты сөз бар. Қайырымдылық жұмыстарының бәріне қолдау көрсетіп отырған әрине халық. Елімізде тынышық болып, жаман індет іргесін алыстатсын! Алла ауызбіршілігімізді мықты етіп, дінімізді, елімізді көркейтсін!

Сұхбаттасқан Әбу НАЗАР 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қазіргі қиын сәтте қайырымдылық көрсету жөніндегі үндеуін өңіріміздегі дін қайраткерлері де қолдау көрсетті.

Бұл орайда облысымыздағы Әулиекөл ауданының имамдары белсенділік танытып жатқандықтарын тілге тиек еткеніміз абзал. Олар «Біз біргеміз» деп аталатын қайырымдылық акциясына лайықты үлестерін қосуда.

Мысалы, Қасиетті Шағбан айында Құсмұрын кентіндегі «Хақ» мешітінің имамы Омар Закарин жалғызбасты анаға қамқорлық жасады. Оны күнделікті тұтынатын азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Омар имамның қайырымдылық ісіне дән риза болған ардақты ана шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдіріп, қызметінде табыс, тіршілікте мәртебесі биік бола беруіне тілектестігін жеткізді.

Қайырымдылық-асыл қасиет. Мүмкіндігіңіз болса, айналаңыздағы жұртшылыққа қуаныш сыйлағанға не жетсін.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Қостанай облысының орталығымен іргелес жатқан Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы қайырымдылық мақсатта қыруар істер тындырып, көпшіліктің ризашылығына бөленуде.

Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын киелі орын қызметкерлері әрдайым «Алтын алма, алғыс ал» деген аталы сөзді үнемі басшылыққа алып отырады.

Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде жуырда аталмыш мешітте «Біз біргеміз» атты акция бойынша 30 мүгедек отбасыға азық-түлік таратып мақалға сай әрекет жасады.

Сөйтіп, олар қайырымдылықтың нағыз жарқын үлгісін көрсетті. Ал көмек алған отбасылар мешіттердің бұл шараларына алғыстарын айтты.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Жақында Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің бас имамы Есет Ғабдімәліковтың ұйытқы болуымен «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында есте қаларлық шара ұйымдастырылды.

Бұл игілікті шара барысында қазақ күресінен әлем чемпионы Ерлан Омаров әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы 20 отбасына көмек көрсетті. Сондай-ақ Науырзым қорығының қызметкерлері мен мешіт жамағаты 10 отбасына азық-түлік тапсырды.

Осы бас қосуда жалпы 30 отбасына қайырымдылық жасалып, жүрегі жомарт жандар шынайы алғысқа бөленді. Онда бас имам мен мейірімді жандардың атына жылы лебіздер айтылды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы сәуірдің 24-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет. Пайғамбарымыз да (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари). Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз адамдардың бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтау, шариғатымызда құпталған амал екендігіне негіз болмақ. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңдастырды. Бұл айда үлкенді кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау – басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан, соның алатындай сауабына ие болады»,- деді. Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер адам баласы Рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді»,-деген.

Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.

Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам - сенімнің жартысы»-деген. Оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткім келеді.

Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммедтың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да үмбетіне, яғни біздерге де Рамазан айында бір ай ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етілді. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).

Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ қарап, соның себебінен ғибадаттан, Раббымыздың рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.

Ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың – хижра жыл санауы бастау алады. Сол хижраның 2 жылы Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап, барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазанда бір ай бойы ораза тұтып келеді.

Ораза тұтатын айды толық түсіндіріп, баяндау үшін, Алла Тағаладан мына аят нәзіл болды: «/Сендерге/ санаулы күндерде /ораза тұту міндеттелді/. Ал сендерден кім ауырып қалса не жолаушы болса, онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Ораза тұтуға қиналатындар /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ фидия ретінде бір міскінді тамақтандырсын. Ал кім /өз еркімен/ қосымша бір жақсы іс жасаса, ол өзі үшін хайырлы. Егер білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін қайырлы. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратудың анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал кім ауырып қалса немесе жолаушы болса онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Алланы ұлықтаңдар – сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің үшін». ( Бақара сүресі, 184 аят)

Оразаны парыз ететін шарттар:

Рамазан айындағы оразаның үкімі - парыз айн (адамның жеке өзіне міндет болған парыз).

  1. Мұсылман болу. Ораза ұстау – мұсылман болған әрбір ер мен әйел кісіге парыз.
  2. Балиғатқа толу. Балиғат жасына толмаған сәбиге оразаның парыздығы міндеттелмейді.
  3. Ақыл-естілік. Есі оралмайынша, жындыға, жарымеске, мас адамға, комадағы кісіге ораза парыз емес.

Оразаны атқаруға қабілетті қылатын шарттар:

  1. Денсаулық. Науқас кісіге ауырған күндері, ораза кезінде жүкті немес емізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер және жолаушыға сапар күндері ораза ұстамаулары рұқсат етіліп, кейін жағдайлары жеңілдегенде сол күндердің қазасын өтеулері – парыз. Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар – ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былай деп баян етілген: «Шамасы келмейтіндер /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» (Бақара сүресі, 184 аят).

Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».

  1. Тұрғылықты болу.
  2. Әйел кісінің хайыз бен нифастан тазаруы. Бұл күндері атқарылмаған намаз бен оразаның айырмашылығы – намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаны өтеулері – парыз.

Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар

  1. Ниет.
  2. Оразаның бұзылмауы. Біле тұра жеп-ішпеу. Ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды. Біле тұра жұбайына жақындаспау. Кім бұны ұмытып істеп қойса, оразасы бұзылмайды. Өзін-өзі құстырмау. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, мысалы, адамдардан ұялғанынан жұтса және құсық ауыз толтырарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.
  3. Негізсіз болмауы. Кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз. Етеккір не нифас күйдегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.

Оразаның мұстахабтары (әдептері)

Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:

  1. Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты: түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар»-дегн, яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.
  2. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.
  3. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі»-деген.

Оразаны бұзатын істер

  1. Күндіз ораза ұстап жұргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп, жеу.
  2. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім, ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру не екі ай бойы ораза тұту қажет.

Ал кімде-кім, ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім, ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.

Егер кімде-кім, жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.

Рамазан айының артықшылығы

  1. Рамазан – сынақ айы. Адам баласы бұл айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөйлеуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, яғни өзін сабырлыққа, шыдамдылыққа, тақуалыққа тәрбиелеуі керек. Ораза адам баласы мен Ұлы жаратушының арасындағы сыр. Кісінің ораз тұтып жүргені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Исламда иманның, сенімнің жоғары тұратындығы осыған дәлел. Әлдебіреу ораза тұтқан адамның көңіліне тиіп, балағаттаса, ауыр сөз айтып, қол жұмсағысы келсе, әлгі аузы берік кісі: «Мен оразамын»,-деп үш мәрте айтуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)! Маған айтыңызшы, қай амалды істесем, жұмаққа кіремін?»-деп сұрапты. Сонда Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оразаң сені алып кіреді»-деп жауап береді. Әлгі кісі Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, тағы да әлгі сұрақты қойған уақытта жоғарыдағы жауабын қайталапты.
  2. Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді»-деген. Сондықтан да Алла Тағала бұл айдың бір түнін қасиетті де қадірлі етті. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Алла Тағаладан алғаш рет Құран аяттары түсті. Сол себепті бұл түн «Қадір түні» деп аталады. Ол түннің игілігі мың айдан да артық. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі. Ораза тұтып, Жаратушы Жаббар Иесін еске алғандардың барлығының тілектерін Алла Тағала қабыл етіп, сол түні таң атқанша Алланың пенделеріне сыйлаған сәлемі, бибітшілігі, тыныштығы жалғасады. Бұл жайт Құран Кәрімнің Қадір сүресінде кеңінен баяндалған.
  3. Рамазан – тақуалық айы. Оразада адам тән қалауларын тәрбиелеп, нәфсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. Сондықтан, ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын! Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын болып кіруді нәсіп еткей!

Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат! Алла Тағала алдымызда келе жатқан мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!

Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша бас имамы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником