Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітіне келетін жамағат жуынып, дәрет алатын орындар ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Оған ауданымыздың тумасы, іскер азамат Еркін Бұқанов демеушілік етті. Жанашырлық танытқан кәсіпкерге мешіттің бас имамы Еркебұлан Жаңбырбайұлы мен алқа мүшелері алғыстарын жеткізді.
Имандылық ордасының ұжымы жерлесіміз Еркін Сайранұлына алдағы уақытта мықты денсаулық, жауапты қызметінде табыс тілейді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айы басталғалы бері көктемнің шуағын аямай төгіп жатқаны белгілі. Адамдардың да пейілдері бұрынғыдан да кеңейе түсіп, бойларындағы мейірімділік қырлары жарқырап көріне бастады.
Ал Оразаның сауабы мүлдем бөлек. Мұны өңіріміздегі мешіттерде жасалып жатқан түрлі деңгейдегі қайырымдылық акциялары дәлелдей түскендей. Мысалы, жуырда Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің ұжымы да сол төңіректегі он отбасына азық-түлік қоржынын табыс етті.
Мешіттің бас имамы Ерлан Тілегеновтің азаматтығына жұртшылық дән риза. Әлгі көмекке кенелген жанұялар шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Рамазан айында осындай игі мақсаттағы жарқын істер жалғасын таба береді деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық "Жұма" мешітінің бас имамы Руслан Маратұлы Денисов ауданы әкімдігіңің ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып аудандық ішкі істер бөлімінде деструктивті діни ағымдарға тарту әдістері тақырыбында семинар жүргізді. Онда деструктивті және жалған діни ағымдар деген не ?, діни ағымдардың белгілелері жайында сөз қозғалды. Интернетті пайдалана отырып, экстеремистік ағымдардың алдын алу жолдары жайында сөз етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңіріміздегі ұйымшылдық танытып, игілікті жұмыс істеп жатқан айтулы ұжымдарының бірі - Жітіқара ауданындағы «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамы екендігі белгілі.
Жуырда осы кәсіпорын басшылары жергілікті «Ержан Тәтішев» мешітінің ғимаратына өрт қауіпсіздігінің алдын-алу құрылғыларын орнатып, нағыз жанашырлықтарын көрсетті.
Әрине, имандылық ордасының қызметкерлері де олардың бұл қолдауларына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Қасиетті Рамазан айында жер-жерде осындай жағымды істер жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл аудандық мәденет үйінде Рамазан айының құрметіне «Қош келдің – Рамазан» атты рухани кеш ұйымдастырылды. Оған жан-жақты дайындық жасалды.
Бұл имандылық іс-шара Түркиядан келген қари Фатих Сарыташтың қасиетті Құран Кәрімді оқуымен басталды. Кешті иман жүзді азамат Ерлан Қасымов жүргізді.
Басқосуда сахнаға көтерілген облыстық мешіттің найб имамы Абдихахар Ерматов Ораза айының өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, жергілікті ағайындарға жүректен шыққан ең ізгі тілегін білдірді.
Содан кейін мәдениет үйінің қызметкерлері Нұржан Қуандық, Әсем Қажиева мен Самал Айса илләһи әндерді нәшіне келтіріп орындады. Кеш өте әсерлі де мазмұнды өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов руханиятқа, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге, ислам дініне құрметпен қарайтын азамат.
Өзінің мұндай өнегелі қырларын өңіріміздегі басты мешітті жөндеуде, басқа да имандылық ордасына зәру мәселелерде қол ұшын беріп, ел алғысына бөленді.
Биылғы Рамазан айының алғашқы күндері жылдағыдай ораза ұстаған үлкенді-кішілі қауымға жоғарыда аталған облыстық мешіттің асханасында ауызашар берді.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы берік ұстанған аймақ басшысына ақсақалдар батасын берді. Оның осы қасиетті Ораза кезіндегі ізгі ниеттері қабыл болып, оған Алланың нұры жауа берсін дейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы шаһардағы «Жайлаубай ата» мешітіндегі жұма намазына қатысып, жиналған жұртшылыққа «Рамазан – кешірім айы» тақырыптар бойынша уағыз-насихат айтты.
Сонымен қатар мешіт жанынан салынған «Қамқор-шарапат» салт-дәстүр қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Осы мақсатта салынған арнайы ғимараттың жабдығымен танысып, игілікті мақсат жолындағы қызметтерінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі