Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұстазы Арлан Бауыржанұлы «Алюминстрой» мекемесінің ұжымы және Шоқан Уәлиханов атындағы №1 мектеп мұғалімдерімен жат ағымның алдын алу мақсатында кездесу өткізді.
Жүздесу барысында түрлі сұрақтар қойылып, оларға тұшымды да нақты жауап берілді. Жиын соңында қатысушылар мешіт ұстазына мағыналы да мәнді әңгімелері үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Ардақ Нүсіпханұлы Оразбаев және «Qamqor-Sharapat» орталығы директоры Рысымов Мирамбек Қаблбекұлы Қостанай облысына сапарында қала, аудан Бас иамдарымен кездесу өткізді.
Жиында қордың және орталықтың жұмысын жандандырудың маңыздылығы, атқаратын істері жайлы мағлұмат берді. Облыстағы жаңа бағытта жұмыс жасау туралы және алдағы жоспарлары бойнша айтып өтті.
Еске сала кетер бір жай, өткен жылы ҚМДБ жанынан «Уақып» қоры – қайырымдылық ұйымы құрылған болатын. Оның қызметі-әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, діни ағартушылық саладағы іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін Бас мүфти Қостанай облыстық орталық мешітінде «Таза бұлақ» медиа орталығының ашылуына қатысты.
«Діни басқарманың ақпарат алаңындағы жұмысын жандандыру мақсатында «Мұнара ТВ» арнасын аштық. Өйткені, телеарна – үлкен тәрбие, насихат құралы. Сондықтан оны дұрыс бағытта қолданып, эфир уақытын ізгілік пен имандылыққа арнау қажет. «Таза бұлақ» медиа орталығы осы мақсатымызға үлес қосады деп сенемін. Қостанай жамағаты «Таза бұлақтан» рухани сусындай берсін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында орталық мешітте «Қарыз беру мен қайтару әдептері» тақырыбында жұма уағызын айтты.
«Қарыз беру мен оны қайтаруға қатысты әдептерді білмегендіктен, кейде білсе де дұрыс амалға асырмағандықтан адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жатады. Осыны терең түсінген ата-бабаларымыз: «Қарыз беру уайым емес, қайтарып алу – уайым», «Көшуден бұрын керуен басыңды сайла, қарыз алудан бұрын, береріңді ойла», «Қарыз қатынас бұзады» делінген даналық сөздерді айтқан.
Қасиетті Құранның ең ұзақ аяты болып табылатын «Бақара» сүресінің 282-аятының қарыз аяты болуы тегін емес. Бұл мұсылман адамның қарыз әдептеріне өте мұқият болып, оған бей-жай қарауына болмайтындығын білдіреді» деді.
Бас мүфти уағыз барысында қарыз алу мен берудің әдептерін егжей-тегжейлі айтып, ел игілігі мен бірлігі үшін дұға жасады.
Бүгін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай қаласында осы аймақтағы дін қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында 5 имамға қызметтік пәтер кілтін табыстады.
«Біз имамдарымызға барынша әлеуметтік қолдау көрсетіп келеміз. Үй алу – адам өміріндегі үлкен қуанышты оқиғаның бірі. Өйткені, адам баласы үйінде отбасымен қауышып, жүрегі тыныштық табады. Үйде уақытын құлшылықпен, қонақ күтумен, жалпы айтқанда, сауап істермен өткізеді. Сонымен қатар үйде Құран оқып, береке мен нұрға толтырады. Ендеше, үйлеріңіз берекеге толсын. Қоныстарыңыз құтты болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, Діни басқарма осыған дейін баспанаға аса мұқтаж 600-ге жуық отбасыға демеушілердің қолдауымен пәтер сыйлады.
Бүгін, қасиетті жұма күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облыстық орталық мешітінде өткен қайырымдылық іс-шарасына қатысты.
Игі іс-шарада ҚМДБ Төрағасы көмекке аса мұқтаж 20 отбасыға жомарт жандардың тарапынан ұйымдастырылған қаражатты табыстап, қуанышқа бөледі.
«Біздің бабаларымыз ұрпақтарын әрдайым жақсылық жасауға, өзгеге қол ұшын беруге үйреткен. Көршіге көмектесу, жетімге қарайласу, мұқтаж болған кісілерге жәрдем беру, жолда қалғандарға пана болу секілді қайырымды істер халқымызда өмірлік дәстүрге айналған.
Сондықтан халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»; «Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі» деп, жақсылық жасауға, басқаларға көмек беруге үндеген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің жеті бағыт бойынша жұмыстарында қайырымдылыққа басымдық беріп келеді. Бұл бағыт бойынша іс-шараларымыз жалғасын таба береді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жасаған жұмыс сапарында өңір имамдарымен кездесті.
Кездесуде Наурызбай қажы Тағанұлы: «Діни қызмет – Алланың сіз бен бізге берген ұлы нығметі. Мешіттегі мінбер – Пайғамбарымыздан қалған мирас әрі аманат. Былайша айтқанда, діни қызмет – Пайғамбарлардың атқарған ұлы миссиясы. Бүгінгі таңда бұл миссияны жалғастыру сіз бен бізге бұйырған екен. Сондықтан баршаңызды ыждаһаттылықпен жұмыс істеуге шақырамын» деді.
Басқосуда аудан имамдары Бас мүфтиге көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Сонымен қатар, имамдар сауалына ҚМДБ бөлім меңгерушілері де жауап берді.
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай қаласында «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен келісім – қастерлі ұғым» республикалық конференциясына қатысты.
Алқалы жиында баяндама жасаған Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазіргі әлемдегі күн сайын құбылған ұстанымдар мен тұрақсыздық қазақ халқының «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді» деген мақалының өміршеңдігін дәлелдеді. Расында, халқымыз айтқандай, «бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас».
Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Бүгінде «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақалдың мәнін терең түсінетін кез жетті», – деді.
Конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары мен ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің осы осы өңірдегі мүшелері татулық жайлы тағылымды баяндама жасады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына барған сапарында Ыбырай Алтынсарин кесенесіне барып, ағартушы ұстаз рухына Құран аяттарын бағыштады.
«Алла Тағала ағартушы ұстаздың рухын пейіште шалқытып, ұлт болашағы үшін жасаған ерен еңбегіне мол сауаптан жазғай!» деп дұға етті Бас мүфти.
Айта кетсек, кесене-кешенде ағартушы ашқан мектептердің картасы көрсетілген, мектептер тізімі ойып жазылған мәрмәр тақта бар. Осы жерде тек Ыбырайдың бейіті ғана емес, атасы Балғожа, әкесі Алтынсары жатқан үлкен қорымның болғаны жөніндегі ақпарат жазылған қара гранит тас орнатылған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына барған сапарында Діни басқарманың халал сертификатын алған құс фабрикасында болды.
Бас мүфти бастаған делегация Рудный қаласында Діни басқарма жанындағы «Халал Даму» ЖШС сертификатын алған құс фабрикасын аралап, жұмысымен танысты.
«Аллаға шүкір, қазір халық тарапынан халал өнімдерге деген сұраныс күн санап артуда. Діни басқарма өз мүмкіндігі аясында халықтың халал өнімді тұтынуына қолайлы жағдай жасауда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды ұдайы жалғастыра береміз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.