Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Интервью

Жауапкершілік жүгі қашан да ауыр Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиевпен сыр-сұхбат

Өткен тамыз айында қырық алты жастағы Бектұрсын Торғайбайұлы Уәлиев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Қостанай облысының Бас имамы болып тағайындалды.

Оның аты-жөні мұсылман қауымына жақсы таныс. Өйткені, бұдан бұрын өңіріміздің Бейімбет Майлин ауданы мен Арқалық, Рудный, Қостанай шаһарларындағы мешіттерді басқарып, өзінің іскерлік қырларымен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Жуырда оған арнайы жолығып, өзімізді толғандырған бірқатар сауалдарға нақты жауап алған едік. Төменде осы сұхбатты жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.

Қарты бар елдің қазынасы бар

- БектұрсынТорғайұлы, сіздің есіміңізге Тобыл-Торғай өңіріндегі бауырларыңыз әбден қанық. Себебі, өзіңіз жаңа қызметке бекітілер алдында да дін қайраткері ретінде қажырлы еңбегіңізбен халықтың шынайы алғысына ие болдыңыз. Ерекше атап өтер жай, қашан да өмір белестерінен өткен аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесіне сүйендіңіз.

Осы киелі орынға келгелі алғашқы кездесуіңізді «Аталар сөзі- ақылдың көзі» деген тақырыпта ел ардақтысы абыз ақсақалдармен өткіздіңіз. Әңгімемізді осыдан бастағанымыз жөн секілді.

-Иә, сөзіңіз өте орынды. Біздің ұлтымыз «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп босқа айтпайды. Қай жерде қызмет атқарсам да әрқашан да ауызы дуалы, сөзі уәлі аталардың құнды лебізіне жүгінемін. Өйткені, олардың өмірден көргені мен түйгені өте мол. Шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелерді «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей олардың түйінді пікірлеріне арқа сүйеп, күнделікті жұмыста басшылыққа алып отырғанды жөн деп есептеймін.

Өзіңіз де болдыңыз ғой. Сол жүздесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов бастаған ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қаншама ойларын ортаға салды. Онда тіл, дін, жастар тәрбиесі және басқа да өзекті мәселелер қамтылды. Алдағы уақытта да осындай пайдалы басқосуларды жиі ұйымдастыруға келістік.

-Сізді бетіңізге мақтағаным емес, руханиятқа жаныңыз жақын азаматсыз. Қаламгерлік қырыңызды да білемін. Сондықтан да шығар, өңірдегі белгілі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен арадағы дөңгелек үстел басындағы әңгімеңіз де қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.

-Жастайымыздан газет-журнал оқып, теледидардан маңызды хабарларды көріп өстік. Журналистер қауымы билік пен халықтың арасындағы алтын көпір емес пе. Олардың қоғамдық пікірді тудыруда да алар орны бөлек.

Жалпы, облыстық мешіт қызметкерлері мемлекеттік тілдегі баспасөздің қарашаңырағы болып табылатын «Қостанай таңы», аймаққа тарайтын «Костанайские новости», қалалық қос тілді «Наш Костанай», «Қазақстан-Қостанай», «Алау» телеарналарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар да қолдан келгенше мешіттердің тыныс -тіршілігі жайлы мақалалар мен хабарлар беріп отырады.

Аталмыш редакция ұжымдарымен кездесуде де бірқатар өзекті тақырыптар қозғалды. Ортақ мүдде жолында келешекте де келелі жүздесулер жалғасын табады деген үміттемін.

Имамдарға жан -жақтылық қажет

-Әдетте жаңадан тағайындалған басшылар кадрлық өзгерістер жасап жатады немесе өздерінің сенімді адамдарын бірге алып келеді. Бұл жайлы не айтар едіңіз?

-Мен осы өңірдің тумасымын. Облыстағы аудандар мен қалаларда, кенттерде қызмет атқаратын әріптестерімнің қайраткерлік және басқа да қырларын жетік білемін десем артық айтпаған болармын. Олармен қоян-қолтық араласа жұмыс істедім. Сондықтан әзірге кадрлық өзгерістер жасау ойымда жоқ.

Бас мүфти жаңа лауазымға тағайындағанда менің алдыма үлкен міндеттер қойды. Сондықтан мақсат - жұмысты барынша жандандыру. Түсінген адамға имам болу қарамағындағыларға құрғақ ақыл айту емес. Елдің айнасы әрі тұлғалы азамат деңгейіне көтерілу. Мұндай биікке жету үшін оның тұла бойыңда терең біліммен қатар парасаттылық, өзгелерді нақты ісіңмен соңыңнан ерте білу, айналаңдағы адамдарға үлгі болу, қызметтік этиканы қатаң сақтау. Көркем мінезіңмен баршаны имандылыққа ұйыту секілді асыл қасиеттер керек деп түсінемін.

Заң мен жауапкершілік ханға да, қараға да ортақ. Сондықтан өз қызметіне жүрдім-бардым қарайтын, халықтың сеніміне ие болмаған дін қызметкерлеріне біздің арамызда ешқашан орын жоқ.

-Қазіргі таңда облыстағы мешіттерге қысқаша тоқталып өтсеңіз. Білікті мамандар жағы жеткілікті ме? Осы жөнінде де нақты деректер келтіре кетсеңіз?

-Оқырмандарға айтарым, жылдан-жылға өңірде имандылық ордаларының саны артып, білікті мамандарға сұраныс та айқын байқалады. Мәселен, бұл күндері облыста 6 қалалық, 16 аудандық, 4 ауылдық мешіттер жұмыс істейді. Сонымен қатар елді-мекендерде 38 намазхана жамағатқа қызмет көрсетеді.

Әрине, қазір дін қызметкерлеріне қойылар талап та өте жоғары. Жыл сайын имамдар аттестациядан өтіп, республикалық білімін көтеру институтында тәлім алады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейінгілерге үлгі болар мақтаулы имамдарымыз да баршылық. Көпшілік олардың аты-жөнін жақсы біледі. Сондықтан оған тоқталып отырған жоқпын. Түрлі семинарларда тәжірибелі мамандар ойларын ортаға салады. Өңір бойынша әлі де болса оннан астам кадрлар зәрулігі бар. Бұл орайда жоғары білімді, үнемі тың ізденіс үстінде жүретін білікті мамандар жайында тілге тиек етіп отырмын.

Жаназа рәсімдерінде ысырапшылдыққа жол бермейік

-Сіз үнемі қала және аудандық мешіттердегі әріптестеріңізбен өткізген жиындарда жалпы ысырапшылдыққа жол бермеу жөнінде мәселе көтеріп келесіз. Осы жайды таратыңқырап айтудың да сәті келген секілді.

- Бұл мәселе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан да әрдайым қозғалып, баспасөздерде өзіміз секілді дін қайраткерлері жұртшылық назарына ұдайы салып келе жатқандығы жасырын емес.

Жан бар жерде қаза бар, ешкім де мәңгілік емес. Бәріміз де мына пәниге қонақпыз. «Өлім - бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» демей ме. Қымбатты адамын жоғалтып, қайғы жамылып отырған үйде қазан көтерілмейді. Жаназа шығарған кездегі рәсімдерде де орынсыз ысырапшылдыққа жол бермеген жөн. Зираттарда марқұмға үй тұрғызу да бәсекеге айналғаны шындық. Бұл да көп болып ойланарлық жай.

-Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барлық мешіттерде күнделікті жұмыс барысында негізі бес бағытты ұстану жөнінде нақты тапсырма бергенінен хабардармын. Сол жайлы да тоқталып өтсеңіз?

-Бұл бес бағыт біздің барша дін қызметкерлерінің басты міндеттеріне жатады. Таратып айтатын болсам, олар – дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу- ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру. Осы аталғандардың қай-қайсысы да бүгінгі таңда аса маңызды.

Өз басым бас имам ретінде күнделікті қызметімде аталған өзекті тақырыптардың орындалуын әріптестерімнен талап етемін. Оларды жамағаттардың жүрегіне жеткізе білуге жан-жақты көңіл бөлемін. Түрлі басқосулардағы әңгімелердің алтын арқауына айналып келеді.

-Естуімше, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы кезінде облыс бойынша балаларға оқу құралдары мен сөмке, киім-кешек және басқа да зәру заттарды тапсырыпсыздар?

-Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша биыл жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі барша мешіттердің қызметкерлері мың балаға сөмке, оқу құралдары және өзге де аса қажетті заттар алып берді. Әрине, бұл орайда «Қолы ашықтың, жолы ашық» дегендей, демеушілік жасаған жомарт азаматтардың қамқорлығын ерекше атап өтер едім.

-Өзіңіз жақсы білесіз, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы рухани байлық – кітап оқуға бетбұрыс жасау жөнінде мәселе көтерді. Осы маңызды жай өзіңіз басқаратын облыстық мешітте қалай жүзеге асып жатыр?

-Президентіміздің бұл сөзі еліміздегі күллі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға үлкен ой салды. Шынында да кітап – білімнің нағыз қайнар көзі, оны қолға алатын кез әбден жетті. Облыстық мешіттің кітап қорын барынша нығайтуға айрықша назар аударып жатырмын. Онда тек діни оқулықтар ғана емес. Өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді, ұлы тұлғаларымызды дәріптейтін тың дүниелермен толықтыра береміз. Сөйтіп, жастарымызды отан сүйгіштікке, яғни патриоттыққа тәрбиелеуге өзіміздің қомақты үлесімізді қоссақ дейміз.

-Сіздің сөз саптауыңыздан бала кезіңізде отбасыңызда тағылымды тәрбие алғандыңыз, дін қайраткері ретінде қалыптасуыңызда ғұлама ұстаздардан жолыңыз болғандығы айқын көрініп тұрады. Әңгіменің орайы келгенде осы жөнінде де баяндап берсеңіз?

-Әр азамат үшін ата-ананың орны бөлек. Өзім әлі күнге дейін әулетіміздің тірегі болып отырған асқар таудай әкем Торғайбай мен ардақты анам Тойғанның алдында мәңгілік қарыздармын. Оларсыз өмірімді көзіме елестете алмаймын. Ал, ұстаз ретінде дін жолына түсуіме көрнекті дін қайраткері, әмбебап тұлға Шоқан қажы Әмірхановтың тигізген ықпалы ерекше дер едім.

Сонан соң әрбір іскер азаматтың артында ақылды да парасатты жары тұратындығы белгілі. Көңіліміз жарасып, отау көтергеннен бері келіншегім Динара Бақытжанқызы өзімнің сенімді серігім, тіршіліктегі қолдаушым әрі жанашырым. Екеуміз төрт перзентімізге тәлімді тәрбие бердік.

- Сөз соңында өзіңіздің алда тұрған жұмыс жоспарыңызбен таныстырып өтсеңіз? Сізді қандай мәселелер жиі толғандырады?

-Бас имам ретінде ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жыл басындағы алдымызға қойған нақты міндеттерін сапалы әрі дер кезінде мүлтіксіз жүзеге асыру. Қазіргі таңда облыстағы Федоров, Қарасу аудандық, Заречный кентіндегі, Қостанай ауданы Озерный ауылындағы мешіттерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы нысандар менің тұрақты назарымда.

Алдағы уақытта өңірдегі мешіттердің жанынан мәйітхана, асхана салуды одан әрі жалғастыру. Ондағы мақсат - жергілікті мұсылман бауырларымызға қолайлы жағдай туғызу. Сондай-ақ, осындай имандылық орны жанынан имамдарға баспана тұрғызып, олардың алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасау.

Қазақ елінің болашағы әрі тірегі жастар. Оларға рухани терең білім мен ұлағатты тәрбие беру. Сонымен қатар жұртшылықты алаңдатып отырған өз-өзіне қол жұмсау яғни суицидке жол бермеу, халықты толғандыратын неке мәселесінде жауапкершілікті барынша арттыру. Міне, осыған дін саласының қызметкерлері белсене атсалысса, мемлекеттің мәртебесі өсіп, абырой- беделі бұдан да асқақтай түсер еді деген ойдамын.

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

предыдущая статья
Жить достойно – это, прежде всего, жить духовно

Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником