Қадір түні мың айдан қайырлы. Мұны Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күнінің тақ түндерінен іздеңдер деген. Соның ішінде 26- нан 27-не қараған түні қадір түні болу ықтималдығы жоғары екенін айтқан ишараттар бар.
Сол мақсатта жылдағы үрдіске сәйкес барлық мешіттерде осы түнді жоспар бойынша өткізу қалыптасқан. Сондықтан облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде халық көп жиналып, қасиетті түн өз деңгейінде ұйымдастырылды.
Алдымен Құранды осы имандылық ордасына жақында ұстаздық қызметке кіріскен қари Мұртаза Ертайұлы мен республикалық қарилар медресесінің ұстазы Мұхаммедали Садуақасұлы оқыды. Содан кейін тарауық намазындағы хатым Құранның аяқталғандығына байланысты батаны Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы жасады. Ол Рамазан айында жамағаттың көңілінен шығып, бойларындағы білім-біліктерін Құранды толық оқып, қажыр-қайраттарын аямай жұмсаған Қариларға ілтипат ретінде иықтарына шапан жауып, көпшіліктің атынан ақшалай сыйлықты тарту етті.
Бектұрсын қажы Уәлиев бастаған имамдар Қадір түнінінің қадір -қасиеті жайлы жиналғандарға мазмұны терең, тыңдауға ұғынықты уағыз айтты.
Сондай-ақ жиналған қауымның діни білімін шыңдау мақсатында танымдық викториналық сұрақ-жауап ойындары өткізілді. Жеңімпаздарға, мешіттің бес уақыт намазына тұрақты қатысқан жамағатқа және ауызашар барысында белсенді қызмет көрсеткен шәкірттерге Құран және діни кітаптар табыс етілді. Тәсбих намазы оқылып, еркін құлшылық жасауға мүмкіндік берілді.
Қадір түнінің құрметіне мешіттің асханасында сәресіге арналған дастархан жайылды. Содан кейін таң намазы оқылып, жұртшылық жоғары көңіл-күймен тарасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.