Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай Қостанай облысы бойынша өкілдігі және “Нұр Мүбарак университеті түлектер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің директоры, PhD докторант Айдос Әсет Мәдениетұлы «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам университетінің түлектері, соның ішінде өңірімізде қызмет атқарып жатқан қала мен аудан имамдары, ұстаздармен кездесу өткізді.
Осы жүздесу барысында облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы аймақтағы қалыптасқан діни білімнің ахуалы, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің елімізге кадр дайындаудағы айрықша орнына тоқталды. Сондай-ақ, аталған жоғары оқу орнының жаңадан бой көтергелі отырған ғимаратының құрылысына әрбір азамат, жамағат, имам және түлектерге өз үлестерін қосуға шақырды.
Содан кейін Әсет Мәдениетұлы келгендегі басты мақсатын айта келіп, дін қызметкерлерінің айтулы білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Аталмыш университеттің проректоры Ершат Ағыбайұлының атынан Бас имам Бектұрсын Уәлиевке алғыс хат пен сыйлық тапсырылды. Осындай құрметке наиб имам Әлішер Ертайұлына да көрсетілді.
Жиын соңында университет түлегі, наиб имам Бақытжан Икрам өзінің ізгі тілегін білдіріп, бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі