Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Құжаттандыру мен цифрлық сауаттылықтың тиімді тәсілдері» республикалық семинары өтті.
Аталған семинар жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР МАМ Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Нұрғали Қабылов және еліміздің барлық өңірінен келген дін қызметкерлері қатысты.
Басқосу барысында Бас мүфти мешіт қызметіндегі құжат жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
«Мешіт жұмысы – имамның уағызы ғана емес, жүйелі жүргізілетін құжаттарымен де өлшенеді. Сол секілді мешіттің тіркеу құжаттары мемлекет бекіткен талапқа сай толық болуы қажет. Сонымен қатар мешіт қызметіндегі әрбір қағаз, бұйрық, есеп – уақыт талабына сай, нақты, таза әрі айқын болуы тиіс», – деді Бас мүфти.
Семинар барысында қатысушыларға құжат айналымы, есеп жүргізу тәртібі, цифрлық құралдарды пайдалану және ресми ісқағаздарды рәсімдеу бойынша әдістемелік нұсқаулар ұсынылды.
Дереккөз: Muftyat.kz