Таяуда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті жанындағы екі айлық білім беру курсын бір топ шәкірттер тәмәмдады. Онда негізінен жасы үлкен талапкерлер дәріс алды. Бұл оқудың ерте-кеші жоқ екендігін нақтылай түседі.
Мәселен, қарасулық бұрынғы ұстаз Хали Ақшалов, талдықорғандық Аслан Қадыров, Арқалық қаласының тұрғыны Махамбет Иманқұлов және басқа да оқуға құлшыныс танытқан азаматтар білім нәрімен сусындады.
Оларға салтанатты түрде курсты аяқтағаны жөнінде сертификат тапсырылып, абыз ақсақалдар бата берді. Енді, түлектер көкейге түйген білімдерін жұртшылық игілігіне арнайды деген үміттеміз.
Енді, желтоқсанның 19-нан бастап білімге ниет еткен жаңа шәкірттер қабылданып, оқуын жалғастыратын болады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде аптаның әр бейсенбісінде жамағаттар мен жастарға ауызашар беру дәстүрге айналды.
Бұл басқосуда қазіргі таңдағы аса өзекті имандылық тақырыбына байланысты мазмұнды насихаттар айтылады. Дастархан басында Шоқан қажы Ғазизұлы халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлік, адамгершілік, жат әдеттерден аулақ болу жайлы әңгімеледі.
Дін қайраткерінің жан дүниеңді байытар уағызын үлкенді-кішілі қауым ұйып тыңдап, дән ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Тәуелсіздік мерекесінің қазақ халқының өмірінде алатын орны ерекше. Осы жарқын заманға жету үшін өткен ғасырларда ата-бабаларымыз бастарын бәйгеге тігіп, қиындықтарды қайсарлықпен жеңе білді.
16 желтоқсан күні Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен кезінде азаттық жолында жапа шеккен арыстарымыздың аруағына Құран бағышталды.
Имандылық ордасында дастархан жайылып, ас берілді. Бұған осында дәріс алып жатқан жастар және аға буын өкілдері қатысты. Тәуелсіздігімізді баянды ету, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді берік қалыптастыру үшін уағыз-насихат айтылды.
Жергілікті жұртшылық алдында беделді Аслан ақсақал бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Шоқан қажы Әмірханов басқаратын қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы тағылымы мол шара ұйымдастырды. Бұл кейінгі жастарға өнеге боларлық басқосу Тәуелсіздік күні және Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.
Аталмыш рухани кешке өңіріміздегі абыз ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, ардақты аналар, дарынды жастар шақырылды.
Көпшілік алдында ұлағатты ұстаз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Көпеш, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанов, ел ағасы Рахымбек Жұмақұлов, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және басқалар тебірене сөз сөйледі.
Имандылық ордасында Тәуелсіздік жолына өмірін арнаған біртуар тұлғалар жайлы естеліктер айтылып, жыр шумақтары оқылды. Жайылған дастархан басында аруақтарға Құран бағышталып, бата берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысы бойынша халықаралық мүгедектер күніне орай облысымыздың бір мезетте дұға жасалды.
Облыстық мешітте және облыс бойынша барша мешіттерде еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың асыраушылары мен дәрігерлерге, қамқорлық танытып жүрген азаматтар үшін арнайы дұға жасалды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні 1992 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында атап өтіледі.
Бұл шараға мешітте өткен іс-шараға бесін намазына келген жамағат түгел қатысып, баршасы дұға жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы Алтынсарин ауданына қарасты Щербаков ауылында «Тойғанша ана» мешіті жергілікті халыққа есігін айқара ашқан болатын. Содан бері қаншама ізгі мақсаттағы шаралар жүзеге асырылып келеді.
Осы жуырда ғана Қостанай облыстық мешітінің мұрындық болуымен жоғарыда аталған елді мекендегі имандылық ордасының қызметкерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Олар көмекке мұқтаж 9 көпбалалы отбасыға азық-түлік тапсырды. Қамқорлыққа бөленген жанұялар қолдау көрсеткен азаматтарға өздерінің ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбек жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінің 1 курс студенттерімен кездесті.
Ол онда еліміздің болашағы болып табылатын жас жеткіншектерге темекінің адам баласына келтіретін орасан зияндығы жөнінде әңгімелеп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Жүздесу барлық жиналғандарға түсінікті болу үшін орыс тілінде жүргізілді. Маңызды тақырып қозғалған басқосуда бір талапкер жас имандылық ордасындағы дәріске қатысуға ниет білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы Назипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің жатақханасында кездесу өткізді.
Бас имам жиналған жастарға «Суицидтің алдын алу және студенттердің өмірге құштарлықтарын арттыру» атты маңызды тақырыпта уағыз айтты.
Жастар оған көкейде жүрген сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды. Кездесудің соңында колледж ұжымы Нұрхан Асанұлына көкейтесті мәселеге байланысты тұжырымды терең ой-пікірлерін ортаға салғаны үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес өңірімізде ақсақалдар арасында бата беруден байқаулар өткізу жалғасын тапты.
Байқау нәтижесінде І орынды Утин Мағзұм, ІІ орынды Камалов Қасенғали, ІІІ орынды Мурзагужинов Халиулла ақсақалдар иеленді. Жүлдегерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Бұл маңызы зор жиынға облыстық «Марал ишан» мешітінің дін мен дәстүр бағытына жауапты найб имамы, ұстаз Абдулқаһар Ерматов қатысып, «Дініміздегі бата берудің әдебі тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Жарыстан кейін қарттарымызға арнайы дастархан жайылып, мерекелік қоржындар үлестірілді. Имандылық ордасының қызметкерлері аталмыш іс-шараға демеушілік жасап, жанашырлық танытқан барша азаматтарға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі