Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы, сонымен қатар «Ислам және отбасы құндылығы» жылдығы аясында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде дүниеден өткен дін қайраткерлерін еске алуға арналған жиын болып өтті.
Оған марқұмдардың аудан және қалаларда тұратын туған-туысқандары, шаңырақтарындағы шырақтарын сөндірмей отырған жан-жарлары, ұрпақтары шақырылды.
Осынау танымдық-тағылымдық жағы мол басқосуда Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірдегі мешіттерде қызмет атқарған әріптестер жайлы жүрек тебірентерлік сөз айтты. Олардың жұртшылықты имандылыққа ұйытуда сіңірген еңбектеріне жан-жақты тоқталды.
Кездесу барысында кезінде облыстың бас имамы Ертай қажы Исламұлы, көрнекті тұлға Ғазиз қажы Әмірханұлынан бастап өзге азаматтардың мағыналы өмір деректері жайлы бейне роликтер арқылы көрсетілді.
Сондай-ақ, арамыздан ерте кеткен имамдардың отбасыларына естелік сый-сияпаттар жасалды. Жиыннан кейін мешіттің асханасында дастархан жайылып, ас берілді. Аруақтарға бағышталып, Құран оқылды. Абыз ақсақалдар бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі