Бұдан бұрын жазғанымыздай, Қостанай өңірінде де Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаныңда қыруар жұмыстар атқарылып, халыққа игі қызмет ететін орындар күрделі жөндеуден өткізілуде.
Мысалы, облыс бойынша жоспардағы 5 мешіттегі асханалар күрделі жөндеуден өткізілу тиіс еді. Қазір осы имандылық ордаларында жұмыс барынша қыза түскен.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы кезекті іс-сапарында Ұзынкөл ауданында болды. Ол жергілікті «Балықты» мешітіне атбасын бұрып, ауданның имамы Есенгелді Сақтағанұлымен жүздесті.
Осында жиналған жамағатпен жұма намазын өткізді. Содан кейін мешіттің асханасында жүргізіліп жатқан іс-барысымен танысты. Аудандағы ағайындардың қолдауымен жиналған қаражатқа асхананың едені төселді.
Бұрыннан мұсылман қауымының тарапынан алғысқа бөленіп жатқан азамат, Есенгелді қажы атқарылып жатқан істерге жан-жақты тоқталды. Бас имам жергілікті қандастарымызға тек ізгілік, қазіргідей пандемия кезінде амандық, саулық тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі