Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы «Бай дүйсенбі» күніне ерекше назар аударады. Соның жарқын айғағы ретінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен саламаты болсын) ізгі амалының бірі - Ораза ұстау жолымен жүрген жамағатқа ауызашар дастарқаны жайып, Сыздықов Ерлан имам уағыз айтты.
Түсінген адамға онда үлкен мән жатыр. Басқосудағы негізгі мақсат -намазхандар арасындағы құрмет пен сыйластықты нығайту, оларға лайықты тәлім беру, сүннет амалын бойларына сіңіру әрі қалыптастыру.
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын имандылық ордасы қызметкерлерінің ізгі ниеттері қабыл болып, Алла жолындағы жарқын істеріне береке берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері өткен мамыр айында жұмыстарын барынша жандандыра түсті.
Аталмыш қордың жетекшісі, наиб имам Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, бұл айда өңір бойынша 29 іс-шара өткізіліп, онда 266 отбасына көмек көрсетілді. Онда жанұяларға қаржылай, азық-түліктей, киім-кешектей қолдау жасалды.
Осы мақсатқа 5 млн 225 мың 795 теңге жұмсалды. Қайырымдылық шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуына облыстағы кәсіпкерлер мен басқа да демеушілер өздерінің лайықты үлесін қосты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық «Аққозы қажы» мешіттерінің ұжымы жергілікті «Қабдеш ата» намазханасына және «Омар ата» мешітінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш жерлердегі жұртшылық имандылыққа бет бұратын киелі орындардың айналасына ерекше сән беретін 600 түп гүл отырғызылды. Бұл игілікті істе жамағаттар қауымы ерекше белсенділік көрсетті. Өздерін жақсы қырларымен танытқан азаматтарға Алла разы болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде аймақтағы еріктілердің форумы болып өтті.
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының маманы Нұрбек Хапар қатысып, онда волонтерлардың міндеті, халық үшін тындырып жатқан іргелі жұмыстары жайлы айтып өтті.
Қостанайда ұйымдастырылған бұл форум барлық қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Олардың алда тұрған мақсаттары нақты айқындалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің 130 жылдығына орай имам Науауидің қырық хадис жинағынан зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі мешіттерден 11 адам қатысты.
Аталған мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сайыстың мақсатын түсіндіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың ұлағатты өнегелері мен білім алудың маңызы жайлы тілге тиек етті.
Имандылық ордасының ұстазы Наурызбек Маратұлы сайыстың талаптары мен шарттарына жан-жақты тоқталды.
Онда облыстық мешіттің ұстазы Тимур Төребаев, қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Әсет Жарылғасын және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Әл-Фараби қазылық етті.
Сайыстың қорытындысында қалалық мешіттің жамағаты Аманбол Молдахметов І орынды, Арқалық қаласынан Қуандық Дүйсенов ІІ орынды, Зәкария Жамантай ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар Мұратхан Дәулетбай, Әлихан Еркебұлан, Салтанат Есенжоловтар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Соңында облыстың аудандары мен қалаларынан келген қонақтарға дастархан жайылып, ас берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Павлодар шаһарында «Қазақ елінің ұлы перзенттері» деп аталатын Халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Бұл көпшілікке ерекше әсер қалдырған рухани жиын дін қайраткері Ғабдылуахит хазіреттің – 170, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің – 165, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың - 130, Мұзафар Әлімбаевтың - 100 жылдық мерейтойларына айналды.
Танымдық-тағылымдық жағы мол конференцияны жергілікті Торайғыров университетінің ректоры, көрнекті ғалым Еркін Садықов кіріспе сөзбен ашты. Осы мәртебелі жиынға өңірімізден Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев қатысып, тартымды баяндама жасады.
Онда жерлесіміз «Тарихтағы жеке тұлғаның ролі» деген тақырыпта әңгіме өрбітті.
Үстіміздегі жылы 130 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қасиетті Кереку өңірінен үлкен шабытпен оралды. Ол жақтан көргені мен түйгенін әріптестерімен бөлісуде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Думан Сәндібекұлы жергілікті ауылшаруашылық коледжінде студенттермен кездесті.
Онда «Діни жат ағымдар мен дәстүрлі ислам дініміздің айырмашылықтары» деген тақырыпта уағыз-насихат айтты. Жастар өзекті мәселені арқау еткен басқосудан көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің үжымы «Шаууаль» айының соңғы күндерінің құрметіне жамағатқа ауызашар дастарқанын жайды.
Онда имандылық ордасының найб имамы Бақберсін Ізбасаров намазхандарға уағыз айтты. Жамағат оның ұлағатқа толы сөздерін ұйып тыңдап, ризашылықтарын танытты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Кеше Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Ұзынкөл ауданы Троебрат елді - мекеніндегі зиратқа арнайы келді. Онда есімі көпке белгілі дін қайраткері, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі Марал ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлына зиярат етіліп, құран бағышталды.
Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыздың мемориалдық ескерткіш тақтасының алдында дұға жасады.
Бас имам жиналғандар алдында тебірене сөз сөйледі. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» жобасы қолға алынып, елімізде тағылымды игілікті істер тындырылып жатқандығын тілге тиек етті. Мұндағы мақсат киелері орындарға, әулие-әмбиелерге зиярат ету екендігіне тоқталды.
Оның айтуына қарағанда, өздері зиярат еткен қайталанбас тұлға Құрман Кенжебайұлы кезінде діндар, батыр әрі адам емдейтін тәуіп, Абылай ханның замандасы болған.
Оның ғұмыры кейінгі өскелең жастарға өнеге. Мұндай қасиетті бабаларға құрмет көрсетіп, есімдерін ұлықтау біздің перзенттік парызымыз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі