Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы қасиетті Құрбан айт мерекесін есте қаларлықтай өткізді. Таңғы айт намазынан кейін арнайы мал союға белгіленген санитарлық тазалыққа сай «Торғай–Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің комбинатында тұрғындар құрбандық малдарын шалды.
Одан кейін «Жігер» стадионында аталған мерекеге арналған рухани кеш ұйымдастырылып, онда қала әкімі Әмірхан Біркенұлы жиналған қауымды ерекше мерекемен құттықтады.
Құрбан айт мейрамына орай спорттың сегіз түрінен жарыс өткізілді. Жарыста үздік шыққандарға қаламыздың бас имамы Нұрханқажы Асанұлы бағалы сыйлықтармен дипломдарды табыс етті.
Басқосуда 100 балаға қайырымдылық мақсатында сый-сыяпат көрсетілді. Сайыс аяқталған соң мерекелік дастархан жайылды.
Сондай-ақ, Арқалық қаласына қарасты Фурманов ауылындағы «Тәубе» намазханасында да Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде өткенін тілге тиек еткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі