Қостанай облысының жаңадан тағайындалған Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев жауапты қызметке кіріскелі бері мұсылман бауырларымызға үлгі-өнеге болар бірнеше тағылымдық кездесулер өткізді.
Соның бірі – қажылар мен мешіттің жанындағы ақсақалдар алқасына арналды.Мұндағы негізгі мақсат – ел құрметіне бөленген абыз ақсақалдар, ақ жаулықты аналар және өмір белестерінен өткен ардақты тұлғалармен танысып, білісу және олардың ақ батасын алу еді.
Бір түйгеніміз, Бектұрсын Торғайбайұлы «Алғыспен ел көгерер,жаңбырмен жер көгерер» деген қағиданы берік ұстанатынын осы жолы да айқын көрсетті.
Ол аталмыш бас қосуда жиналғандарға өзінің Тобыл-Торғай өңірінің тумасы екендігін айта келіп, өткен қызметтік жолдары хақында қысқаша баяндады.
Белгілі дін қайраткері «Қажының рухани келбеті» кітабындағы тұғырнама жайлы баяндай келіп, ондағы қажы деген атқа лайық және мәдениетті болу, мұсылманға тән әдепті сақтау, кішіпейілдіктің айрықша қасиет екендігін еске салды.
Бұл жүздесуде есімдері облысымызға кеңінен танымал ардақты ақсақалдар Жандарбек Сейітов, республикамызға танымал қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет, Қостанай ауданындағы Әлжан ауылының тұрғыны Ертарғын Бимағанбет, ақсақалдар алқасының мүшесі Әбдікәрім Баекенов сөз сөйлеп, өздерінің ысырапшылдыққа және басқа да маңызды мәселелерге байланысты көкейде жүрген ойларын ортаға салды.
Жиналған қауым ардақты апамыз Әлия қажы Ержанованың да кейінгілерге өнеге болар ұлағатты пікірлерін ұйып тыңдады.Кездесудің соңында Бас имам Бектұрсын Уәлиев мұндай әсіресе, кейінгі жастарға үлгі болар басқосулар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.