Биылғы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Құбан айт мейрамымен тұспа-тұс келді. Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет бастаған дін қайраткерлері қалыптасқан дәстүр бойынша өңірдегі мешіттердің тыныс-тіршілігін, ізгі мақсаттағы қыруар жұмыстарын жыл бойы насихаттап жүрген журналистер қауымына ілтипат танытты.
Облыстық мешіттегі салтанатты жиынға есімі көпке танымал қаламгерлер мен белсенді тілшілер арнайы шақырылды. Олардың атына жылы лебіздер айтылып, Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері Құрбан айт мерекесі барысында жұмыстарын барынша ширата түсті.
Олар «Раббың үшін құрбан шал» акциясын ұйымдастырып, көмекке мұқтаж 300 отбасына құрбандыққа шалынған малдың етін таратып, халықтың ризашылығына бөленді.
Жалпы, демеушілердің қолдауымен облыс орталығындағы «Аймағанбет Спанұлы», «Марал ишан» және «Жайлаубай ата» мешіттерінің ұжымы белсенділік танытып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңірімізде Құрбан айт мерекесі қарсаңында ұлттық спортымызды жаңғыртуға байланысты бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – көкпардан Қостанай облысының ашық чемпионатын айрықша атап өтер едік.
Бұл жиналған қауымның делебесін қоздырып, шабандоздардың мықтылығын дәлелдейтін додаға шашасын шаң жұқтырмайтын тұлпарлар мен білекті де қайратты жігіттер қатысып, бақтарын сынады.
«Жүзден жүйрік мыңннан тұлпар» демекші, Қостанай облысының Бас имамы, ұлттық спорттың нағыз жанашыры Бахытбек қажы Тәжімбеттің айтуына қарағанда, ипподромдағы көкпар өте тартысты әрі қызықты өтті.
Әдеттегідей жеңімпаздар да дараланып көзге түсті. Оларға лайықты құрмет көрсетіліп, арнайы дайындалған сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде жамағат арасында үстел үстіндегі футбол ойынынан жарыс өткізілді.
Бұл сайысқа 6 команда қатысып, бақтарын сынады. Ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Оларға арнайы мадақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Осынау жылда асыға күтетін мұсылман бауырларымыздың үлкен мерекесінің алғашқы күні таңертең сағат 7-де облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітіне халық көп жиналды.
Олардың қатарында ақсақалды қарттарымызбен қатар жастар да көп болғаны көңілге үлкен қуаныш ұялатты. Жиналған қауымның алдында облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет тебірене сөз сөйледі.
Белгілі дін қайраткері Құрбан айт мейрамының әлемдегі барша қандастарымыздың өмірінде ерекше орын алатындығына тоқтала келіп, оның тәрбиелік-тағылымдық жағын тілге тиек етті. Әрбір отбасына молшылық пен бақыт әкелсін деген ең ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ өмірден өткен ата-бабаларымыз бен туған-туысқандарымыздың әруағына бағышталып Құран оқылды. Ел құрметіне бөленген абыз қарттарымыз ақ батасын берді.
Мұндай айт намазы облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы, кенттеріндегі мешіттерінде де өткізілді.
Құбан айт намазынан кейін облыс орталығының Федоров ауданы бағытындағы трассаның бойында орналасқан «Амиго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы мал сойылатын орнында жұртшылық құрбандық шалды. Онда имамдар тарапынан тиісті нақты ақыл-кеңестер айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалыптасқан дәстүр бойынша қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында өңірлік коммуникациялар алаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Тәжімбет журналистермен брифинг өткізді.
Онда белгілі дін қайраткері мұсылмандардың бұл мейрамында құрбандық шалу рәсімі үш күнге созылатындығы тілге тиек етті. Ал Қостанай шаһарының тұрғындары үшін Федоров ауданына баратын трасса бойындағы «Амиго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қасапханасында өткізілетіндігінен хабардар етті.
Жылдағы үрдіске орай мешіт ұжымы құрбандыққа шалынған малдың етін көп балалы мұқтаж отбасыларға таратып береді. Брифингте мұсылман бауырларымыздың тұрмыс-жағдайларына байланысты сойылатын түйе, ірі қара, қой, ешкілердің жасы мен қоңына дейін баяндалды.
Көпшілік мына жайдан да хабарлары болған жөн. Осы мерекеде сойылған малдың еті шариғат бойынша үшке бөлінеді. Оның бір бөлігі өз отбасына қалдырылады. Қалған екі бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне және көмекке зәру жандарға беріледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері өткен маусым айында белсене жұмыс істеп, оны ойдағыдай қорытындылады.
Аталмыш қордың жетекшісі әрі наиб имам Бақытжан қажы Икрамның берген мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 52 іс-шара ұйымдастырылып, 1289 отбасы қамтылды.
Осы мақсатқа 50159056 теңге жұмсалды. Жиналған қаражатқа азық-түліктей, ақшалай көмек көрсетілді. Әрине, бұл орайда демеушілердің ерекше жомарттық танытқандарын айтып өткеніміз жөн.
Олардың қызметтерінде толағай табыс, дендеріне мықты денсаулық, отбастарында ырыс-береке мен молшылық тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде жамағат арасында үстел теннисінен жарыс болып өтті.
Бұл ширақтықты, ептілікті қажет ететін сайысқа мұсылман бауырларымыз тыңғылықты дайындалды. Соның нәтижесінде жамағаттар жақсы қырларымен көрінді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі