Қостанай облыстық мешітінде жыл қорытындысына арналған жиын болып өтті. Оған аталмыш имандылық ордасының жанындағы алқа мүшелері, өңірдегі аудандар мен қалалардың бас имамдары қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы өкілі, Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет Қостанай облысының 2022 жылы жеті бағыт бойынша атқарылған жұмысының есебі жайлы баяндама жасады.
Оның келтірген деректері мен дәйектері өзінің нақтылығы және терең мазмұнымен қатысушылардың назарын аударды. Барлық саладағы жүзеге асырылған шаралар ауыз толтырып айтарлықтай.
Қала, аудандарда бірқатар мешіттер күрделі жөндеуден өтті. Асханалар көптің игілігіне айналды. Алдағы уақытта да жоғарыда сөзімізге тиек болған бағыттар бойынша қыруар жұмыстар атқарыла бермек.
Жиын барысында Бахытбек қажы Нұрғабылұлы қайырымдылық мақсатында елеулі қызмет атқарған бір топ азаматтарға алғыс білдіріп марапаттады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысы бойынша халықаралық мүгедектер күніне орай облысымыздың бір мезетте дұға жасалды.
Облыстық мешітте және облыс бойынша барша мешіттерде еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың асыраушылары мен дәрігерлерге, қамқорлық танытып жүрген азаматтар үшін арнайы дұға жасалды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні 1992 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында атап өтіледі.
Бұл шараға мешітте өткен іс-шараға бесін намазына келген жамағат түгел қатысып, баршасы дұға жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы Алтынсарин ауданына қарасты Щербаков ауылында «Тойғанша ана» мешіті жергілікті халыққа есігін айқара ашқан болатын. Содан бері қаншама ізгі мақсаттағы шаралар жүзеге асырылып келеді.
Осы жуырда ғана Қостанай облыстық мешітінің мұрындық болуымен жоғарыда аталған елді мекендегі имандылық ордасының қызметкерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Олар көмекке мұқтаж 9 көпбалалы отбасыға азық-түлік тапсырды. Қамқорлыққа бөленген жанұялар қолдау көрсеткен азаматтарға өздерінің ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбек жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінің 1 курс студенттерімен кездесті.
Ол онда еліміздің болашағы болып табылатын жас жеткіншектерге темекінің адам баласына келтіретін орасан зияндығы жөнінде әңгімелеп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Жүздесу барлық жиналғандарға түсінікті болу үшін орыс тілінде жүргізілді. Маңызды тақырып қозғалған басқосуда бір талапкер жас имандылық ордасындағы дәріске қатысуға ниет білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы Назипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің жатақханасында кездесу өткізді.
Бас имам жиналған жастарға «Суицидтің алдын алу және студенттердің өмірге құштарлықтарын арттыру» атты маңызды тақырыпта уағыз айтты.
Жастар оған көкейде жүрген сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды. Кездесудің соңында колледж ұжымы Нұрхан Асанұлына көкейтесті мәселеге байланысты тұжырымды терең ой-пікірлерін ортаға салғаны үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес өңірімізде ақсақалдар арасында бата беруден байқаулар өткізу жалғасын тапты.
Байқау нәтижесінде І орынды Утин Мағзұм, ІІ орынды Камалов Қасенғали, ІІІ орынды Мурзагужинов Халиулла ақсақалдар иеленді. Жүлдегерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Бұл маңызы зор жиынға облыстық «Марал ишан» мешітінің дін мен дәстүр бағытына жауапты найб имамы, ұстаз Абдулқаһар Ерматов қатысып, «Дініміздегі бата берудің әдебі тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Жарыстан кейін қарттарымызға арнайы дастархан жайылып, мерекелік қоржындар үлестірілді. Имандылық ордасының қызметкерлері аталмыш іс-шараға демеушілік жасап, жанашырлық танытқан барша азаматтарға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі