Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысы Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде қайырымдылық іс-шарасына қатысты.
Бас мүфти халықты тосыннан келген сынаққа сабыр етуге шақырып: «Қостанай облысында болып жатқан табиғи апат бәріміздің жанымызға батуда. Біз, дін қызметкерлері өрт салдарынан зардап шеккен жандармен біргеміз. Бүгін осы өңірге арнайы келіп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Еліміз бойынша мешіттерде дұға жасалуда. Алла Тағала тілсіз жауды тезірек ауыздықтауды нәсіп еткей. Жарақат алған жандардың жуық арада сауығып кетуін тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай» деді.
Айта кетсек, қайырымдылық акция аясында 120 отбасына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік таратылды.
Қостанай облысының Әулиекөл аудандық мешіт имамдары үйін өрт жалмаған жандарға рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп, ас-ауқат беруде.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Әулиекөлдегі өрт аумағы 9 мың гектардан асты. Сондай-ақ бірнеше тұрғын үйлер де өртке оранды. Өрттен Аманқарағай, Калинин, Лесное, Озерное ауылдарынан барлығы 1841 адам эвакуацияланды. Табиғи апат салдарынан жарақат алғандар мен адам шығыны жоқ. Қазіргі уақытта оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды. Комиссия шешіміне сәйкес табиғи апаттан зардап шеккендердің (үй-жайы өртенген тұрғындарға) барлығына қажетті көмек көрсетіледі.
Еске сала кетейік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміз бойынша мешіттерде дұға ету, салауат айту рәсімі өтуде. Сондай-ақ үйсіз қалған жандар мешіттерге орналастырылып, имамдар қолдан келген көмегін көрсетуде.
Жаңа оқу жылына да саусақпен санарлықтай ғана күндер қалды. Соған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай өңіріндегі өкілдігі биыл да «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жан-жақты дайындалып, оны ұйымшылдықпен өткізді.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет игі мақсаттағы шара қарсаңында үстіміздегі жылы аудандар мен қалалардағы мешіттер мыңға жуық мектеп табалдырығын аттағалы отырған балаларғы мектеп құралдары мен киім-кешек тарту ететіндігі жайлы айтқан еді.
Осы мақсатта барлық мешіт имамдары, жанашыр азаматтар ортақ іске өздерінің лайықты үлестерін қосты. Өңір бойынша жоғарыда аталған қайырымдылық акциясына байланысты 46 іс шара ұйымдастырылды. Онда көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 906 оқушыға мектепке аса қажетті сөмке, құрал-жабдықтар, мектепке киетін форма және басқа да киімдер табыс етілді.
Бұл мақсатқа 7 373 923 теңге қаржы жұмсалды. Салтанатты жиындарға қатысқан ата-аналар облыстағы барша мешіт қызметкерлеріне, демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Рудный қалалық «Нұр» мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Онда шаһардағы білім бөлімінен аты-жөні берілген 22 балаға оқуға қажетті сөмке мен құрал-жабдықтар табыс етілді.
Бұл өткізілген ізгі шараның негізгі мақсаты-жаңа оқу жылына дайындыққа орай әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұл мен қыздарға қолдау көрсету болатын.
Қамқорлыққа бөленген балалардың ата-аналары мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін айтып, дән ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде өңіріміздің өзге аудандары мен қалаларындағыдай «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізілді. Онда көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетілді.
Осы ізгі мақсатқа жүрегі жомарт әрі жанашыр азаматтардан 65 мың теңге қаражат жиналды. Бұл ақшаға биыл мектеп табалдырығын аттайтын 20 ұл мен қызға оқу барысында ең қажетті құрал-жабдықтар алынып, жұртшылық алдында тапсырылды.
Жиын соңында мешіт қызметкерлерінің қамқорлығына бөленген балалардың ата-аналары акцияны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өткізілді. Онда мешіттің Бас имамы Нұрхан Асанұлы жиналған балаларға шынайы лебізін білдіріп, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Акция барысында 20 әлеуметтік жағынан қолдауға мұқтаж көп балалы және қамқорлыққа зәру отбасылардағы мектепке баратын ұл-қыздарға сөмкелер таратылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Федоров ауданына арнайы іс-сапары барысында бірқатар мекемелерде болып, қазіргі таңда қалың жұртшылықты көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғады.
Осы басқосулардың бірі - аудандық ішкі істер бөлімінде ұйымдастырылды. Дін қайраткері қоғамдық тәртіп сақшыларымен «Елдің тыныштығы – ең басты құндылық» атты тақырыпта әңгіме өрбітті.
Жиында Бахытбек қажы Нұрғабылұлы ел өмірінде жауапкершілік пен қырағылықтың, азаматтық борышқа деген адалдықтың қаншалықты алатын орны жөнінде айта келіп, полиция қызметкерлерінің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен өңіріміздің Федоров ауданында болды. Ол алдымен жаңадан салынатын мешіттің орнын белгілеу рәсіміне қатысты.
Онда құрбандық шалынып, дұға оқылды. Oсынау игі істі қолға алған барша жанашыр азаматтарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы кітапханада дөңгелек үстел өткізілді. Жиналған жұртшылық алдында «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген маңызды тақырыпта келелі әңгіме қозғалды.
Бас имам қазіргі таңда тәуелсіздігіміз баянды, ел іргесі мен бірлігіміз мықты, мемлекетіміз заманға сай қуатты болуы үшін өскелең ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру керек екендігіне жан-жақты тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қаласындағы темір жол вокзалы тоғыз жолдың торабы ғана емес, өңіріміздегі келіп-кетушілердің қақпасы десек орынды болар. Күнделікті жолаушылар пойызы да судай ағылып жатады. Сондықтан халықтың игілігі үшін аталмыш жерде намаз оқитын орынның қажеттігі уақыт талабынан туындады.
Жұртшылықтың өтініш-тілектерін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Қостанай магистралдық желі бөлімшесі филиалындағы азаматтар қолдады.
Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы өкілдігімен келісе отырып, өткен қасиетті жұма күні вокзалдан намаз оқитын шағын бөлменің ашылуына мұрындық болды.
Салтанатты жиынға облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет қатысып, лентасын қиды. Ол аталмыш темір жол саласындағы жауапты қызмет атқаратын Александар Исмұхамедов, Төлеген Саматов және Нұрлан Байғаниндерге шынайы ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттарды көпшілік алдында табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен биыл да өңірде «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда.
Жуырда облыстық мешітте аталмыш қайырымдылық акциясы болып өтті. Онда Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет жиналған қауымның алдында сөз сөйлеп, қамқорлыққа алынған отбасылардың балаларына жаңа оқу жылында табыс тіледі.
Осы басқосуда әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтарда тәрбиеленіп жатқан 260 ұл мен қызға мектепке қажетті сөмкелер табыс етілді.
-Менің Бахытбек Нұрғабылұы жетекшілік ететін облыстық мешіт қызметкерлеріне деген алғысым шексіз. Бүгін де қолдауға мұқтаж жанұялардың мектепке баратын перзенттеріне көмек берілді, - дейді көп балалы ана Эльвира Айдарқызы.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
05.08.2022