Мешітке құлшылық-ғибадатын жасауға келген әрбір жамағатқа Алла үйінің әсемдігі мен тазалығы жағымды әсер қалдырып, кейінгі өскелең ұрпақтың үлгі-өнеге алуына себебін тигізері хақ.
Осындай игі істі басшылыққа алған Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Мейіржан Қапарұлы әрқашан киелі орынның сыртқы және ішкі тазалығын басты назарда ұстап келеді.
Оның тікелей басшылығымен жақында мешіт ауласында сенбілік ұйымдастырылды. Осындағы имандылыққа бет бұрған жамағат та тазалық ісіне белсене атсалысты.
Сөйтіп оларға мешіт қызметкерлері де қосылып, айналаны тазартып, ағаш бұтақтары тәртіпке келірілді. Олар арнайы көлікке тиеліп, тиісті жерге жөнетілді.
Сенбіліктен кейін жамағатқа дастархан жайылып, ас берілді. Осы басқосуда имам жамағатқа уағыз-насиғат айтып, игі шараның жоғары деңгейде өткені үшін барлық ағайындарға шынайы алғысын жеткізді.
Ауызбірліктің арқасында мешіттегі шара жастарға өнеге болды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің «Жастар ісі секторының» жауапты өкілі Әлішер Ертайұлының қатысуымен Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жоғары оқу орындарының діни салауаттылық саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің біліктілік деңгейін арттыру мақсатындағы оқыту семинарына» қатысты.
Семинар барысында, Әлішер Ертайұлы «Ел ішіндегі бірлікке кедергі болатын жайттар және білімге ұмтылу дегеніміз не?» тақырыбында лекция оқыды.
Бұл семинардың басты мақсаты, Қостанайдағы жоғары оқу орындарындағы жастардың, сонымен қатар университет оқытушыларының діни сауатын арттыруға ықпалын тигізу.
Алдағы уақытта мұндай мағыналы да мәнді семинар мен кездесулер өңірімізде одан әрі жалғасын табады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет Арқалық қаласында арнайы іс-сапарда болды.
Онда өкіл имам қаланың жақында тағайындалған Эльдар Қонысбайұлымен кездесіп қаладағы ахуалмен танысты.
Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институты студенттерімен «Рухани жаңғыру – білім мен тәрбие кілті» - атты тақырыпта тағылымды әңгіме өткізді. Кездесуде аталған жоғары оқу орнының ректоры Сейітбек Қуанышбаев жиналғандарға өкіл имамды таныстырып, оған сөз берді.
Бахытбек Нұрғабылұлы студенттеріді жаңа оқу жылымен құттықтай келе, егемен еліміздің болашағы – жастардың қолында, ол үшін үздік оқып, әрқашанда алғы шепте болулары керектігін еске салды.
Облыстың бас имамы сондай-ақ шаһардағы Нәзипа Құлжанова атындағы педагогикалық колледжге де ат басын бұрып, мұнда да жұртшылықпен жүздесті.
Бұл жерде жиналғандарға жалпы, ата-ананы құрметтеу, әдептілік, мейірімділік жайында тұшымды уағыздар айтты. Теріс ағымдардан аулақ болып, өмірде кездесетін барлық қиындықтарға шыдамдылық таныту қажеттігін тілге тиек етті.
Аталмыш басқосуларда өкіл имам өзіне қойылған барлық сауалдарға нақты жауап берді. Жүздесулерден кейін «Арқа дидары» телеарнасына «Ислам және отбасы» тақырыбында сұхбат берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылына мемлекеттік көші-қон бағдарламасымен Маңғыстау облысынан Үсеновтар отбасы тамыз айының аяғында көшіп келді.
Отағасы Әділбек ауылдағы шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейді. Ал жары Несіпкүл үй шаруасында. Отбасында үш ұл тәрбиелеп отыр. Осы орайда мешіт қызметкерлері сол отбасына арнайы барып, құтты болсын айтып сәлем берді.
Алайда отағасы Әділбек ағамыз жұмыста екен. Несіпкүл апамыз оларды қуана қарсы алған. Сонымен қатар мешіттен келген өкілдер бұл жанұяға жылы лебіздер білдіріп, сый-сияпаттын жасады. Мешіттің алқа мүшесі Қуандық ақсақал батасын берді. Алдағы уақытта да өңірімізге басқа жақтан осы бағдарлама аясында отбасылар көшіп келді деп күтілуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Балахмет Әлішер Ертайұлы 1994 жылы 24- ші қыркүйекте Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келді.
2001-2010 жылдары аралығында Қостанай қаласының «Сырбай Мәуленов» атындағы гимназиясында оқыды.
2010-2012 жылдары Қостанай ауданы, Затобол кентінің «Нұржан Наушабай» атындағы орта мектебінде оқып бітірді.
2012-2016 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «исламтану» факультетіне оқуға түсіп, қызыл дипломмен үздікке бітірді.
2013-2016 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Жастар комитетінің» белсенді мүшесі болды.
2015 жылы құрылған Орта Азиядағы лаңкестікке қарсы құрылған жастар тобының белсенді мүшесі.
2016 жылдың шілде айынан бастап, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде наиб имам қызметін атқаруда .
Үйленген.
Сыздыков Дархан Манарбекович 1989 жылы 6-шілдеде Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Қарамеңді ауылында дүниеге келген.
1996-1999 жылдары аралығында Науырзым ауданы, Шилі ауылының орта мектебінде оқыған.
1999-2001 жылдары Науырзым ауданы, Шолақсай ауылының орта мектебінде оқыды.
2001-2007 жылдары Қостанай облысы, Қостанай қаласындағы «Сырбай Мәуленов» атындағы №24-ші гимназиясында орта білімді оқып тәмәмдаған.
2007-2011 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» факультетіне оқуға түсіп, қызыл дипломмен үздікке бітірген.
2011 жылдың маусым айынан бастап, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде наиб имам қызметін атқаруда.
2014 жылы Алматы қаласындадағы «Имамдардың білімін жетілдіру институтының» екі айлық курсында білімін шыңдаған.
2014 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында екі апталық имамдардың білімін жетілдіру курсына қатысқан.
Үйленген. Екі ұл мен бір қыздың әкесі.
Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы «Ғашура ана» мешіті ашылғалы бері халықпен оның ішінде өскелең ұрпақ жастармен түсіндіру насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Апта сайын өтетін жұма намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы бекіткен «жұма уағызы» тапсырмасымен нақты уағыздар жүргізілуде. Әсіресе Ислам дінінде адам баласының ішуіне өте қатаң ескертіліп тыйым салынған «арақ» мәселесі туралы да аз айтылып жүрген жоқ.
Енді міне мешіт қызметкерлері Қарабалық аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, ішімдікке салынған азаматтар арасында насихат жұмыстарын жүргізіп бастады.
Осындай ащы суға салынған аудандағы бес отбасының үйлерін аралап, ішімдіктің зияны жөнінде жан-жақты баяндады. Бұл бастама алдағы уақытта өзінің оң нәтижесін береді деген ойдамыз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы «Құрбан айт құтты мереке» атты шара өткізді.
Айт намазынан соң құрбандыққа байланысты уағыз-насихаттар айтылып, мешіт ауласында құрбандық шалу рәсімі өтті. Құрбандық еттері «Балалар үйіне», «Жүйке аурулар диспансеріне», «УК 161/12 мекемесіне», «Ана мен бала орталығына», әлеуметттік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасыларына таратылды.
Қала басшылығы да жамағатты айтпен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы мен мешіт алқасы, дін жанашыры Мираш қажы Тәшмұхамедұлы шынайы ықыластарын білдірді.
Айттап келген жамағатқа арнайы дастарханнан дәм ұсынылды. Айтулы мереке мәдени және спорттық іс-шаралармен жалғасын тапты. Арқан және өгіз тартыс, қол күрес, қой көтеру және волейбол ойындарынан сайыстар өткізіліп, жастар жағы белсенділік танытты. Арасында діни әндер мен ғибратты термелер орындалды.
Қаланың бас имамы Бектұрсын Уәлиев бұл мереке адам баласын қайырымдылық пен мейірімділікке, ынтымақ-бірлікке шақыратын ғибратты ұлық мейрам екенін тоқталды.
Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған демеушілер мен спорт жеңімпаздарына мешіт атынан алғыс хаттар мен сый-сияпат жасалды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі