Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей, мүмкіндігі шектеулі, жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыры болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу - әрбір адамның азаматтық парызы.
Бұл ретте Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы түлектерінің ұйытқы болуымен 11 мұқтаж отбасыға азық-түлік, киім-кешек таратылды. Осынау игі іс-шараға Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы және жамағаты бір кісідей атсалысты.
Аталмыш іс-шараның мақсаты – көпбалалы, көмекке мұқтаж, тұрмысы төмен, сонымен қатар мүгедек балаларды асырап отырған отбасыларға азда болса материалдық демеу беріп, әр отбасын қуаныш пен шаттыққа бөлеу.
Академия түлектерінің ұйытқы болуымен, аталған шара аясында 10 отбасыға азық – түлік түрінде (картоп, орамжапырақ, пияз, жеміс-жидек, май, шай және т.б) көмек көрсетілсе, еліміздің ертеңі болып табылатын жас ұрпаққа - киім-кешек , ал ата-анасына азық-түлік түрінде қайырымдылық жасалды.
Міне, осылайша олар нағыз азаматқа тән қырларымен өздерінің парыздарын өтеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі - пәтерге» жобасы бойынша 84-ші баспана Қостанай облысы, Арқалық қаласына қарасты Родина елді мекерінде берілді. Бұл баспана нәсіп болған жанұя асыраушысы жоқ бес баланың анасы Гүлмира Жылқыбайқызына бұйырды.
Үйдің кенже баласы Дінмұхамед мүмкіндігі шектеулі сәби. Отбасы мүшелері балалардың жәрдемақысына күнелтіп, осы уақытқа дейін өмірдің ащы қиындығын көріп, пәтер жалдап көшіп-қонып жүрген болатын.
Міне Бас мүфтидің бастамасымен республика аумағында «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында осы мұқтаж отбасының баспаналы болуына себепші бола алдық.
Аталмыш – жоба мешіт имамдарының халыққа, жамағатқа түсіндіре жеткізе білген насихаттарының нәтижесінде іске асуда. Бұл сауапты іс-шараға Қостанай облысының барша жамағаты атсалысты, сол үшінде халыққа, мешіт жамағатына Алла разы болсын.
Сондай-ақ, жаңа қоныс иелеріне Арқалық қаласының әкімі Эльдар Қонысбайұлы теледидар, жеке кәсіпкер «Әділ» дүкені 50.000 теңгенің сертификатын , «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті кілем тарту етті. Ал ауыл әкімі Рүстем Асанханұлы баспана құжаттарын рәсімдеп беретінін жеткізді.
Облыс бойынша аталмыш шараның іске асуына себепші болған Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбекқажы Нұрғабылұлы жиналған қауымға қайырымдылық, мейірімділік жайлы тұшымды уағызын айтып, баспана кілтін табыстады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанайлық ағайындар қасиетті Рамазан айын ұйымшылдықпен өткізді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің басшылығымен өңірдегі барлық мешіттерде отыз күн бойы ауызашар берілді.
Оған іскер азаматтар мен кәсіпкер жігіттері атсалысты. Сөздің орайы келгенде «Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов өзінің дінге деген жанашырлығын ерекше көрсетті.
Ол алғашқылардың бірі болып ауызашар берді. Қадір түні де өзінің азаматтық қасиеттерін көрсетіп, барша қауымға дастархан жайды. Сөйтіп, халықтың шынайы алғысына бөленді. Ораза ұстаушылардың қатарында жастардың көптігі жұртшылықты қуантты.
Әкімнен үлгі алған кәсіпкер және жүректеріне имандылық ұялаған жергілікті азаматтар биыл да жақсы қырларымен көзге түсті. Ең бастысы, өңірде Ислам дінінің өркендеп келе жатқандығын айрықша атап өткеніміз жөн.
Алдын-ала хабарланғандықтан, Ораза Айттың бірінші күні таңертеңнен бастап облыстық мешітке жамағат ерте жиналды. Олардың алдында өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, Ораза Айттың ерекшелігі жайлы уағыз айтты.
Бұл қуанышты сәттер олардың жадында мәңгілік сақталары хақ. Ораза кезіндегі облыста атқарылған жұмыстар да тілге тиек етілді. Қайырымдылық мақсатында да жүзеге асырылған игілікті істер аз болған жоқ. Облыстағы барлық мешіттерде Рамазан айы тиісті деңгейде өтті.
Облыстық мешітте жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша дүниеден өткен ата-бабаларымызға Құран бағышталды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айын барынша мазмұнды әрі халықтың көкейінде ұзақ сақталатындай етіп өткізуге көп көңіл бөлді.
Соның бір жарқын айғағы ретінде облыстық мешітте Оразаның алғашқы күнінен бастап, ауызашар беру дәстүрі жалғасын тауып, қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Осы жұма күні 50 отбасына көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен обасыларына азық-түлік ұсынылды. Ал халықаралық балалар күніне орай 10 велосипет тәттілерімен баларға тартылды.
Ал қасиетті Қадір түні өте ұйымшылдықпен өтті. Азаматтар Рамазанның шарапаты мол екендігін де айқын сезінді.
Осы кеште облыстық мешіттің наиб имамы Дархан Манарбекұлына және қалалық «Жайлаубай ата» мешітің найб имам Дархан Исламбекұлына қызметтік пәтерлердің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Міне бұл төрт пәтер Рамазандағы мешіт қызметкерлеріне берілген үлкен сый болды.
Қадір түнінің жоғары деңгейде өтуіне руханият жанашыры, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен өзге де іскер азаматтардың ұйытқы болғандығын айтып өткеніміз абзал. Үлкенді-кішілі қауым олардың азаматтық қасиеттеріне дән риза болысты.
Қадір түні облыстық мешітте сәресі де берілді. Жиналған жерлестеріміз Рамазан айының шарапаты мен қасиетін жете ұғынып, жастар жағы алдағы өмірлерінде тағылым боларлықтай игі әсер алды.
Мұндай басқосулар өңірдің барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттерде де өткізілді. Ең бастысы, қостанайлық ағайындардың дінге деген ыстық ықыластары жылдан-жылға артып келеді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Рудный қаласындағы «Қостанай облысы төтенше жағдайлар депараментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде осы шаһардағы «Нұр» мешітінің наиб имамы Ерлан Өмірбекұлының қатысуымен әсерлі кездесу болып өтті.
Аталмыш жиында наиб имам мекеме қызметкерлеріне «Дініміздің кемелдігі» атты тақырыпта уағыз айтып, келелі әңгіме қозғады. Сондай-ақ, осы қасиетті Рамазан айының артықшылығы мен берекеті жайында да тілге тиек етті.
Оразада жасалған әрбір жақсылық еселене сауапталатыны жөнінде хадис шарифтерінде келтірілген. Сондықтанда осы қасиетті айда дін жолындағы қызметкерлердің ауқымды кездесулер өткізіп, дініміздің насихатталуынаайрықша назар аударуы аса маңызды дер едік.
Мұсылман бауырларымызға айтарымыз, осы Рамазан айында барлық ізгі ниеттеріңіз жүзеге асып, отбасыларыңызда тек қуаныш пен ырыс-береке молая берсін демекпіз!
Жуырда Алтынсарин ауданы «ALDIARULY JANUZAQ» мешітінің бас имамы Ерік Ыбырай және аудандық ішкі саясат бөлімі ауыл әкімдерімен бірге Обаған ауылдық округіндегі Силантьев елді мекенінде, Үлкен Чураковка ауылында болып, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, Тың ардагерлерінің үйінде болды.
Оларды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, қайырымдылық мақсатында ізгі істерді тындырды. Мәселен, Тың ардагері Равиль Сайфулиннің шаңырағына ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысып, сәлем берді.
Содан кейін жалғызбасты ана, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған Ботакөз Наурызбаеваның, сондай-ақ көп балалы ана, украин ұлтының өкілі Галина Литвиненконың отбасында болды.
Сонымен қатар, Обаған ауылдық округіне қарасты Силантьев ауылында тұратын Жұматай Бадановтың, көп бала тәрбиелеп отырған, Атырау аймағынан қоныс аударған Кәмшат Қаңтарбаеваның, мүгедек Кенжебек Абдрашевтің үйіне барып, олардың да жай-күйімен танысып, оларға азық-түлік пакетін ұсынды.
Жақында Денисов аудандық «Жұма» мешітінің бас имамы Болатжан қажы Ғалымжанұлының ұйымдастыруымен, «Қош келдің Рамазан» атты Құран жарысы өткізілді.
Оған 10 шәкірт қатысып, бақтарын сынады. Олар әділ қазылардың сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, өздерінің тыңғылықты дайындықтарын көрсетті.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, терең білім және жан-жақты қарым-қабілеттерін танытқандарға құрмет көрсетілді. Оларға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, есімдері аталды.
Мәселен, жарыс барысында ерекше көзге түскен шәкірттер, яғни 6-сынып оқушысы Асылай Марат - ІІІ орынды, 2-сынып оқушысы Аян Ерманов ІІ орынды иеленді. Ал 4-сынып оқушысы Бақнұр Марат бас жүлдені жеңіп алды.
Осылайша, аталмыш сайыс Денисов ауданында да талапты жастар өсіп келе жатқандығын айқын көрсетті. Бұл, әрине, бәрімізді де шексіз қуанышқа бөлейді! Оларға тек «талаптарыңа нұр жаусын!» дегіміз келеді.
Қасиетті Рамазан айында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен ауқымды шаралармен кездесулер өткізілуде. Атап айтқанда, аталмыш шаһардағы қалалық балалар және қарттар үйіне әңгімемізге арқау болып отырған мешіт қызметкерлері арнайы барды.
Осы жерлердегі балалар мен қарттардың жағдайларымен танысты. Тілге тиек етілген балалар үйіндегітәрбиеленушілергемешіт атынан аяқ киімдер сыйға тартылды.Ал қарттар үйіндегі ата-әжелеріміздің жай-күйлерін біліп,асыл дініміз хақында әңгіме өрбітіп, берекелі басқосудың себепшісі болды.
Баршамызға аян, Рамазан – жақсылық пен мейірімділік айы. Осы қасиетті айда жақсылық жасау және өзгелерді де оған үндеу – мұсылманның басты парызы. Сауабы еселене түсетін осындай қасиетті айда мұсылман қауымыбір-біріне көмек беріп, қамқорлық пен қайырымдылық танытып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұйытқы болуымен өткізіліп жатқан осындай сауапты әрі ғибратты кездесулер мен қайырымдылық іс-шаралары одан әрі жалғасын таба бермек.
Біз Ораза ұстаған барша бауырларымызға тек қана ізгілік, отбасыларында береке тілейміз!
Рамазан айы - төрткүл дүниенің барша мұсылмандары асыға күтетін ай. Алланың қалауымен қасиетті бұл айда игі істерге асыққан жандар көпке үлгі көрсетуде.
Мәселен, зәулім «Ғашура Ана» мешіті бұл айда келген жамағатты рухани жағынан қолдаса, ел қамын ойлаған азаматтар мұқтаждарға материалдық және қаржылай көмегінкөрсетуде. Жаны жайсаң жомарт кісілер өздерінің қамқорлықтары арқылы Ораза кезінде халықтың батасын алып жатқаны бәрімізді де қуантады.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалдар келтіре кетелік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақында жұма күні Қарабалық ауданының тумасы, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны – Бахытжан Қасымұлы Ертаев мешіт ұжымына аула жұмыстарына аса қажетті шөп шабу құралын тапсырды.
Аталған азаматтың мешіт жанашары екенін, қолынан келер көмегін үнемі жасап отыратынын айтып өткеніміз жөн.
Сондай-ақ, Қарабалық кентінің тағы бір тұрғыны, кәсіпкер азамат (атын атамауын өтінді) 10 отбасыға азық-түлік алып беріп, олардың алғысына бөленді.
Бұл азаматтың сыйлығын Серік қажы Темірбекұлы ауданның ауыл-аймақтары мен Қарабалық кентінде тұратын көмекке мұқтаж жандарға жұма намазынан соң табыс етті.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде қасиетті Рамазан айында елден ерек қайрымдылық шарасы өтті.
Бұл шара аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасындағы 3 пен 7 жас аралығындағы ер балаларды қаладағы хирург-оташы Әсет Абдрахманұлы сүндеттеп берді.
Осылайша өңірдегі мешіттің ұйымдастыруымен 35 бала тегін сүндеттелді.
Осынау маңызды жай жөнінде алдын-ала жұма намазында хабарланып, көпшілік қуана құптаған еді.
Қалалық емхананың хирург-оташы маманы Әсеттің қолынан «Сүндетке» отырғызылған әр балаға мешіт қызметкерлері тәттілер үлестіріп, ата-аналарына «Бала тәрбиесі» және «Мұсылман сипаты» деп аталатын сый-сыйапат жасады.
Жоғарыда аталған мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналған ата-аналарға Рамазан айының өзіндік ерекшелігіне тоқтала келіп, ұрпақ тәрбиесі екі дүние үшінде жауапты іс екені хақында уағыз айтты.
Жалпы мұсылмандық ережесіне сай, сүндетке отырғызылған балалардың ата-аналары осындай ізгілікті және қайырымдылықты жүзеге асырған мешіт ұжымына және оташы Әсет Абдрахманұлына шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Мешіт имамы да берекелі Рамазан айындағы көрсеткен азаматтық қасиеті үшін жылы лебізін жеткізді және Алғыс хатты тапсырды.