Таяуда облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет Алматы қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген төралқа мәжілісіне қатысып, өңірдегі атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Сол сапардан оралған соң облыстық мешітте жыл қортындысына байланысты жиын өткізді. Оған қала және аудандардың бас имамдары қатысты.
Бахытбек Нұрғабылұлы барлық әріптестеріне келер жылы да халыққа барынша жақындай түсіп жұмысты жандандыру қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Алдағы жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жыл толуына орай жүзеге асырылатын бірқатар игі бастамаларды көтерді.
Оның ішінде мүфтияттың тапсырмасына орай республика көлемінде 30 мешітке күрделі жөндеу өткізу, 30 дін қызметкеріне үй беру, 30 көпір салу, 30 құдық қазу және 30 000 түп ағаш отырғызу секілді маңызды шараларға атсалысу мүмкіндігі тұрғандығын атап өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет және басқа да облыстардың бас имамдары Нұр Мүбарак университетіндегі студенттермен кездесті.
Негізгі мақсат түлектерді дін жолындағы қызметке шақыру және өзге студенттерді жазғы маусымда аймақ мешіттеріне тәжірибелік жұмыстарға баулу.
Бүгінде Нұр Мүбарак университетінде Қостанай облысынан барлығы 25 студент білім алуда. Оның 18 ер 7 қыз бала оқуда. Алдағы 2020 жылы студенттердің сегізі бакалавр дәрежесіне ие болу алдында тұр.
Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті және жастар ресурстық бастамалар орталығы бірлесе отырып, Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасын таныстыру мақсатында «Жеті рухани қазық» тақырыбында насихат-форумын өткізді.
Бұл басқосуға шаҺардағы қазыналы қарттар, ардагерлер және жас буын өкілдері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты: қоғамда рухани құндылықтарды насихаттап, өскелең ұрпаққа имани тәлім-тәрбие беру, дәстүрлі ислам құндылықтарын олардың бойына сіңіру.
Жиын модераторы– жастар ресурстық орталығы директоры Аманкелді Ахметжанов Нұр-Сұлтан қаласында өткен форум туралы айтып берді.
Осы басқосуда қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров «Сана түзелсе – адам түзеледі» деген тақырыпта, «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы дініміздегі асыл құндылықтар хақында баяндама жасады.
Сондай-ақ, форумға келген көпшілік қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсесі директоры Роман Аймағанбетұлының, ардагерлер кеңесі төрағасы Жәнібек Ғапбасұлының, Фурманов ауылы «Тәубе» мешітінің имамы Нұрхан Асанұлының, тарихшы-этнограф Шөптібай Байдилдиннің ұлағатты да мазмұнды ой-пікірлерін ұйып тыңдады.
Жақында Қамысты ауданының мәдениет үйінде ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туылған күніне байланысты Мәуліт мерекесі өткізілді. Бұл шараға аталмыш ауданның әкімі Ғазиз Ерболатұлы және белгілі дін қайраткері, Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Тәжімбетұлы қатысты.
Мәдениет үйіндегі есте қаларлық рухани басқосуға аудан орталығындағы барлық мекеме қызметкерлері, ауылда ғұмыр кешіп жатқан мұсылман бауырларымыз келіп, арнайы дайындалған бағдарламаны тамашалады.
Жиыннан кейін Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне мешітте дастархан жайылып, көпшілікке ас берілді. Мұнда да кейінгі жастарға қаншама тәрбиелік мәні зор,өмірлік ғибрат болар ұлағатты сөздер айтылды.
Облыстың бас имамы Бақытбек қажының көкейде жүрген дінге байланысты пайымдары жергілікті ағайындарға үлкен ой салды. Оның адамгершілік, имандылық жайлы құнды пікірлері барша аудан тұрғындарына өнеге болары сөзсіз.
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Азамат Серікбайұлы Қашар кентінде болып, ауқымды кездесулер өткізді. Мәселен, ол аталмыш елді мекенде «Қашар кен өндіру басқармасы» жұмысшылары және «Қашар кенті №2 қазақ мектебі» оқушыларымен «Ислам діні - бейбіт дін» тақырыпта әңгіме өрбітті.
Жүздесулер барысында дін қайраткері жиынға қатысушыларға асыл дініміздің негіздерімен құндылықтарын түсіндірді. Мешіт қызметкерлерінің негізгі мақсаты - еліміздегі халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақты барынша нығайту екендігіне тоқталды.
Сонымен қатар, бауырларымыз бойларын теріс ағымдардан аулақ ұстаулары қажет екендігін еске салды. Кездесулер өте мағыналы да мәнді ұйымдастырылды.
Басқосу кезінде жиналған қауым тарапынан өзекті тақырыптарға байланысты сауалдар да қойылды. Имам Азамат Серікбайұлы оған нақты жауап берді. Сөйтіп жұртшылық қаншама мәліметтер мен деректерге қанықты.
Қостанай облыстық мешітінде ҚМДБ-ның «Халал даму» бөлімінің жауапты өкілі Әлішер Ертайұлы жамағат алдында сертификаттарды салтанатты түрде тапсырды.
Ол қаламыздағы «Beefstream» қасапханасының төрт қасапшысы арнайы оқытылып, «Халал» қасапшы куәліктеріне ие болды. Ол деген аталмыш құжатты алған тұлғалар әрдайым дастарғанымызда болатын еттің адал болуына кепілдік береді.
Сонымен қатар аталған қасапхана «AltynEt» сауда белгісі арқылы ет сататын дүкен ашып, халық игілігі мақсатында жұмыстарын бастап та кетті.
Сондай-ақ, «Arzu» дәмханасы да алғаш рет халал сертификатын алды. Ерекше тоқталатын жай, дәмхана халал талаптарына толық сай келеді.
Адамзат айрықша құрмет тұтатын сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған күні - Мәуліт. Бұл жер бетіндегі барша мұсылман жамағаты үшін ерекше күн болып табылады.
Көпшілікке мәлім, мәуліт мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде қасиетті мейрам ретінде аталып келеді. Қазір Қостанай облысының аудандары мен қалаларында аталмыш мейрамға жеткілікті көңіл бөлінуде. Мұның айғағы ретінде мәні мен мазмұны есте қаларлық рухани кештер ұйымдастырылып мешіттерде аталып өтуде.
Қасиетті жұма күндері Қостанай облыстық, Арқалық және Рудный қалалық мешіттерінде Пайғамбарымыздың ғұмыры жайлы уағыз айтылып салауат шәриф оқылды.
Жақында өңіріміздегі Меңдіқара ауданы орталығында "Зұлқарнайұлы Мұса қажы" мешітінің бас имамы Еркебұлан Қошантегі қазақтың көрнекті ақыны Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының ұлағатты ұстаздары мен жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Бұл жиынға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, сазгер әрі әнші Бақытжан Сәуекенов арнайы шақырылды. Онда қазан айында ел ордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен Республикалық 3-ші имамдар форумында қабылданған аса құнды үш құжаттыңмәні мен мазмұны таныстырылды.
Жүздесуде «Жеті рухани қазық» деп аталатын тұжырымдаманың алар орны жайлы жан-жақты айтылды. Ұстаздар мен оқушылар маңызды құжаттардың әрбір отбасы үшін аса құнды екендігін жете ұғып, ерекше әсер алды.
Жақында Қостанай ауданына қарасты «Алтын дала» ауылында Мәуліт аталып өтті. Шараны ұйымдастырған сол елдің дін қызметкері Ахметов Берік және айналасындағы жамағаты.
Осынау көпшілікке үлкен әсер қалдырған мерекеге ҚМДБ-ның «Зекет» қорының басшысы Талғат Сейіткәрімұлы, Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы және Қостанай ауданы «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы қатысты.
Дін қайраткерлері жиналған жұртшылықты мәуліт мерекесімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, шаңырақтарына бақыт тіледі. Ал, ауыл молдасы Берік Ахметовтың шәкірттері Ұлы Пайғамбарымыздың құрметіне салауат оқытты.