Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қадірлі бауырлар!
Адам атадан тараған күллі адамзат баласы жаратылған сәттен бастап түрлі жақсылықтар мен сынақтарды бастан кешуде. Өйткені, өмір – сынақ мекені. Ал мұсылманның мұраты – сынақты сауапқа айналдыратын амал жасау.
Иман шартын жүрегіне бекіткен мүмін жақсылық пен жамандық – Алладан деп қабылдайды. Нығметке кенелсе – шүкір етеді, қиындыққа тап болса – төзімділік танытады.
Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз.
Ендеше, мұсылман қауымын құлшылық кезінде еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасауға шақырамын.
Құрметті жамағат!
Ардақты пайғамбарымыз алдын ала келетін түрлі дерттен сақтану үшін ұйқыға жатар кезде «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып, алақанына үрлеп, денесін сүрткен. Дұға – мұсылманның қорғаны. «Дұға – ғибадаттың мәні» (хадис). Алла Тағала «Мүмин» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдаймын», – деп уәде еткен.
Жаратқанға жалбарынып, дұға жасап, иманымызды күшейтіп, қате-кемшіліктен арылуға тырысайық.
Біз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөздің қадірін біліп, жақсылыққа ұмтылған ұлтпыз.
Сындарлы сәтте бір-бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап, мол сауап алуға асығайық!
Тазалық пен имандылық – егіз ұғым. Ең бастысы жұқпалы індеттің алдын алу үшін тазалық шараларына аса мән беруіміз керек.
«Жеті рухани қазық» құжатымызда бауырмалдық, адалдық, адамгершілік, бірлік, ізгілік сынды қоғамға қажет құндылықтарды айрықша атап өттік. Осынау игі бастаманы амалға асырып, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болуға үндеймін.
Құрметті отандастар!
Біз талай зұлматты заманды бастан кешіп, өсіп-өнген елміз. Қиындықты сабырға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Раббымыз «Бақара» сүресінің 153-аятында құлдарын осылай сүйіншілейді.
Уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық.
Алла Тағала Отанымызды, күллі адамзат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.
amin.kz/16 наурыз, 2020 жыл. Мүфтияттың жұма намазына байланысты жариялаған пәтуасының толық мәтіні.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дертті пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілді.
Алла Тағала адамзат баласына:
وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ
«Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс», – деген (Бухари, Муслим).
Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.
Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасына қатысты төмендегіні мәлімдейді:
Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.
Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.
Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.
Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырады.
16 наурыз 2020 жыл
Нұр-Сұлтан қаласы
Құрметті Қостанай қаласы және облыс тұрғындары!
Әлем бойынша алаңдатып отырған коронавирус қатерінің алдын-алу мақсатында жасалып жатқан шараларды ел болып, халық болып қолдауға шақырамын.
Өздеріңізге мәлім Мемлекет басшысы Қазақстанда төтенше жағдай жариялады.
Өмір бар жерде қаза бар дегендей. Бірақ мұндай жағдайда мешіттер асханасында астар уақытша тоқтатылады.
Бұған әрине мұны түсіністікпен қарауға шақырамын.
Құрметпен Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы.
Жақында Сарыкөл ауданындағы «Аққозы қажы» мешітінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Дін мен дәстүр рухани тірегіміз» тақырыбында көшпелі семинар өткізілді.
Бұл игі шаралар – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай жүзеге асырылды.
Онда алдымен Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбеттің төрағалық етуімен аудан имамдарының көшпелі семинар-жиналысы тиісті деңгейде өткендігін ерекше айта кеткен жөн.
Сарыкөлге келген Қостанай облысының қала, аудан имамдарын аталмыш аудан әкімі Амантай Балғарин қабылдап, дін қайраткерлерінің жарқын істеріне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, ауданға ат басын бұрған мәртебелі меймандардың тікелей қатысуымен, кітапхана, ішкі істер бөлімі, өрт сөндірушілер, емхана, колледж және басқа да мекемелерде есте қаларлық кездесулер ұйымдастырылды.
Шара барысында “Рухани жеті қазық”, “Отанды сүю - иманнан”, “Дінаралық, ұлтаралық татулық”, “Жат ағымдардың қасіреті”, “Ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтейік”, “Туған жерге туыңды тік”, “Иманды ұрпақ біздің болашағымыз” және “Дін және дәстүр” секілді мағыналы тақырыптар да қамтылды.
«Тәні саудың – жаны сау» демекші Сарыкөл ауданындағы «Аққозы қажы» мешітінің ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында “Батыр” стадионында шаңғыдан сайыс ұйымдастырылды.
Сайысқа 30-дан астам адам діни қызметкерлер қатысты. Олар үш топқа бөлініп, бақтарын сынады. Қатысушылардың арасында шаңғыны алғаш рет ұстағандар болсада дес бермеді.
Жиналған жұртшылық діг қызметкерлеріне дән риза болысты. Әсіресе, сайыста бақ сынағандардың ішінде жас шамасы 60-ты алқымдағандар да кездескендігін тілге тиек еткеніміз абзал.
Алғашқы кезең бойынша 1-орынды ауданның имамы Нұрбол қажы Балахметов жеңіп алды. 2-орынды Федоров ауданының имамы Ерлан Тілегенов иеленсе, 3-орын мешіт жамағаты Қалыбай Идирисов пен Сұлтан Қожагелдинге бұйырды.
Ал, екінші топ арасында бірінші орынды сарыкөлдік мешіт жамағаты Дәулет Шектыбаевқанжығасына байласа, екінші орынды Әулиекөл ауданыныңимамы Нұрлан Сыздықов еншіледі. Лисаков қаласының имамы Сабыржан Есмурзин үздік үштіктен көрінді.
Сондай-ақ, жастар арасында I жүлдеге Жітіқара ауданының имамы Мейіржан Бердіғожин, II жүлдеге Меңдіқара ауданының имамы Еркебұлан Қошан және III жүлдеге Қостанай қаласындағы «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев ие болды.
Қазіргі таңда барша адамзаттың үрейін тудырып, алаңдатып отырған коронавирус қатерінің алдын-алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан тазалық шаралары жіті назарға алынды.
Осы орайда Қостанай облыстық мешіті тарапынан облыстағы барлық мешіттерге тапсырма беріліп, әр күні тазалық жұмыстары жүргізілуі тапсырылды.
Оған мешіттің ішкі тазалығы, барлық қолданыстағы заттар, есік тұтқалары, дәретхана ішінің тазалығы баса мән берілуде.
Сонымен қатар ҚМДБ үндеуі халыққа жарияланып, сақтық шараларын күшейтуге шақырлды.
Осылайша қазіргі таңда облыс бойынша халық келетін барлық мешіттерде барлық мешітте жалғасуда.
Жақында Б.Майлин атындағы тарихи- өлкетану музейінде аудандық мешіт пен ішкі саясат бөлімі бірігіп «Толеранттылық гүлденудің негізі» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Алғашқы сөзді мешіттің Бас имамы Аязбек Нұраханов алып, исламдағы төзімділік жайлы жан-жақты әңгімелеп, қазіргі таңда қозғалып отырған мәселенің өте маңызды екенін түсіндірді.
Одан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Наталья Михайловнаның пікірін де жастар ұйып тыңдады. Кездесу қазақ және орыс тілінде жүргізілді.
Жастар өткізілген психологиялық ойындардан да ерекше әсер алды. Мұндай жүздесулердің аса пайдалы екендігін жиналғандар жете ұғынды.
Жуырда өңіріміздегі «Жиентай қажы» мешітінде Абай Құнанбаевтын туғанына175 жыл толуына арналған тағылымды шара болып өтті. Әрине, онда ұлы ақынның шығармашылығы арқау болды.
Бұл шараға № 2 мектеп шәкірттері мен Успеновка ауылындағы мектеп оқушылары қатысты. Өздерінің тапқырлық және зеректік қабілеттерімен көзге түскен балаларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жиналған жұртшылыққа дастархан жайылды. Олар мешіттің қызметкерлеріне дән ризашылықтарын білдірді.