Асыл дініміз мұсылмандарды бауыр деп жария етіп, бауырмалдық сезімінің санаға сіңірілуі үшін, бірнеше міндет жүктеген. Солардың бірі – сәлемдесу.
Кездескен кезде амандық-саулық сұрасу өте маңызды әрі сауапты іс. Ал, жалпы сәлемдесудің қоғамдық өмірімізде алатын орны да ерекше. Адамгершілік әдеп – амандасудан бастау алады. Сәлемдесудің бір пайдасы – алғаш кездесіп қалған сәтте болатын үнсіздік пен салқындық кедергісін жойып, бір-бірінің аман-саулығын сұрасу барысында, тілек арқылы жақынырақ танып, көңілде қуаныш ұялатуға жол ашпақ.
Құранда Алла тағала: «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңдар!» (Ниса сүресі 86). Сәлемдесу, амандық-саулық сұрасу бұл - адамдардың бір-бірімен тез тіл табысуына, араласуына, өзара сыйластық, достық құруына септігін тигізеді. Алла елшісі бір хадисінде: «Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын, өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемді жайыңдар» деген. Бұны естіген сахабалар үнемі бірін-бірі көрген жерде ыстық ықыласпен сәлемдесу арқылы араларындағы сүйіспеншіліктерін, құрметтерін нығайтуға ұмтылған.
Сондай-ақ сәлемдесу адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді. Ардақты пайғамбарымыз өзінің өнегелі бір хадисінде: «Көлікте отырған адам - жаяуға, жаяу адам - отырғанға, аз адам – көпшілікке сәлем берсін» дегені тегін емес. Неге десеңіз, көліктен түсіп барып, жаяу адамға амандасу өзіңді жаяудың қасында артық сезінбе, алдымен кішіпейілділігіңді сен таныт, оның көңіліне қаяу келмесін дегені.
Сәлем беру – Алланы еске алу болып та табылады. Екі адам арасындағы өкпе-ренішті жоюға септігі тиеді. Яғни, амандасу Құдай тағалаға құлшылық етіп, пайғамбарымыздың сүннетін орындағанның белгісі. Сәлем неғұрлым көбейген сайын, сауабы да соғұрлым арта бермек. Бір хадисте: «Сәләм - Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сәлем беруші, сәлем алушының есіне сәлемді салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа ие болады. Байқаусызда біреу сәлеміңді алмаса, әрбір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелер алады» деген.
Сәлем берудің өзіндік жөн-әдептері бар. Мәселен, бөтен бір үйге кірген сәтте, үй иелеріне сәлем беру міндет. Құранда: «Әй, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине ескерерсіңдер». (Нұр сүресі 27).
«Сәлем – сөздің анасы» - деп, нақыл айтқан халқымыз сәлемдесу мәдениетіне аса мән берген. Ғ.Мүсіреповтың "Оянған өлке" романында қазақ салтына тән ұзын-сонар амандық-саулық сұраудың жөн-жоралғысын кең суреттеп жазған.
Амандасу барысында саулық, есендік, ауыл-аймақтың, туыс-туғандардың да амандығын сұрай отырып, елді-мекеннің табиғаты мен мал-жанының әл-ауқатын, қалың елдің тұрмысын да сұрай келіп, барлығын қамтыған. Этнограф мұны былай жеткізеді: «Дүние жүзінде қазақтан ұзақ амандасатын ел кемде-кем болар... Мал-жан, ауру-сырқау бәрін дерлік қалдырмай сұрасады. Келген жерінің қандай қабақпен отырғанын да осы амандасу үстінде болжасып алады».
Әнас ибн Мәлік (р.ғ.) өзінің бір риуаятында былай деп еске алады: «Расулулла (с.ғ.с.) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргеніңде үй-ішіңе сәлем бер. Сенің сәлемдескенің өзіңе және үй ішіңе Алла Тағаланың берекесін алып келеді»,-деді» (Имам Тирмизи). Міне, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, Алла Тағаладан амандық, берекет тілеу дұғасы болып табылады.
Өткен Кеңес Одағы кезінде байырғы жарасымды, мәнді де мағыналы дін мен дәстүрге айтарлықтай нұқсан келтірілгені рас. Халқымыздың салт-дәстүрі көз түрткі болып, оның салқыны сәлемдесуге де тиді. Мұның соңы адамның қадір-қасиетін елемеуге әкеп, бірімен-бірі «привет» десіп өте шығатын салқындыққа душар етті. Соңғы кездері батыстың, жат жұрттықтардың әсерінен үлкен-кіші, қыз-қырқын демей, бетінен, аузынан сүйіп амандасу етек алған. Құранда: «Расында, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Бақара сүресі 190), – делінген. Біле-білсек бұл әдеп пен ұяттан жұрдай болған сүйісулер біздің мұсылмандығымызға, әдеп-ғұрпымызға жат нәрсе. Дәстүріміз бойынша бұрын көптен бері көрмеген болса ер адамдар төс қағыстыратын, орта жас шамасынан асқан әйелдер жағы болса, тек маңдайдан ғана сүйген.
Дұрысында мұсылман баласы амандасқан уақытта дауысын көтеріп «Ассаламуғалейкум»-деп сәлем береді. Егер сәлем беретін адам алыста болса, ишара білдіріп сәлемдесу керек. Дастархан басында тамақтанып отырған адамдардың әрқайсысының қолын алып амандасу да әдептілікке жат нәрсе. Бөлмеге кіріп келгенде көпшілік болса, бір мәрте дауыстап амандасу жеткілікті.
Қорыта келгенде, сәлем беруге бей-жай қарамай, асыл дініміздің мәртебесін асыратын сауапты амал ретінде қарағанымыз жөн. Себебі мұсылмандарға Раббымыздан амандық, береке тілеу міндет.
Амандық тілеу арқылы біз мұсылман бауырларымыздың разылығын аламыз, ал мұсылман разы болған адамға Алла да разы.
Сәлем беру – өткінші міндет емес, өмірлік міндет. Ендеше, сәлемімізден жаңылмайық ағайын!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев
Өмірдің жақсы да, мәнді жағынан мол үлес алған дана халқымыз Құдай тағаладан сеніміне селкеу түсірмей, жүрегіне иман, әулетіне береке мен амандық тілеп отырған. Досына адал, көршіге барынша қамқор бола білген.
Асыл дініміз Ислам көрші ақысына ерекше мән беріп, оған деген қарым-қатынасты жақсартуға шақырады. Халқымызда: «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген нақыл бар. Шынымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғы немесе қуанышпен алдымен бөлісетін жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Алла Тағала құранда: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және жамағайын көршіге жақсылық жасаңдар».
Аяттың мағынасында алыс және жақын көршіге жақсылық жасауды бұйырып тұр. Яғни, көршінің ұлтына немесе дініне қарай емес, ол қай ұлттың өкілі, қай діннің өкілі болмасын қолымыздан келгенше жақсылық жасауға міндеттелген. Міне, осылайша Құдай тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырды.
Ибн Омардан (р.ғ.) жеткен риуаятта ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген. Ой жүгіртіп қарасақ, бұл хадисте көршінің дәрежесі қандай екені аңғаруымызға болады. Дінімізде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға ұзілді-кесілді тыйым салынған. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиян тигізбесін».
Көршілерге жақсылық жасау оңай болғанымен, өкпелетіп қойса, көтеру қиын болып жататындығы жасырын емес. Осы орайда ардақты пайғамбарымыздың өнегелі оқиғасын айтып өтсек, баршамызға өмірлік сабақ болары анық. Пайғамбарлар сұлтаны, Өзіне жәбір беріп, жолына нәжіс заттарды төгіп қоятын иман келтірмеген көршісі ауырып қалғанда, оның халын сұрап барады. Осындай керемет қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болған. Сондықтан біз де, көршіміз нашар адам болса да, қандай зиян тигізіп жатса да оған сабырлық еткеніміз абзал. Ондай көршіні мүмкіндігімізше тура жолға шақырып, жақсылыққа үндеуіміз қажет.
Міне, байқағанымыздай көршімен көрші алдындағы ақысы өте жоғары, сондықтан оларға қолымыздан келген жақсылық жасауға тырысуымыз қажет. Кейде болмашы бір жер үшін дауласып жатамыз немесе екі үйдің кішкене балалары келіспей қалғаны үшін көршілермен ауыр-ауыр сөзге кеп жатамыз. Және сол көршіміздің қателігін басқаларға айтып жамандап жатамыз. Бұл өте ауыр нәрсе. Көршімен көрші тату болса, елдің-қоғамның тыныштығының кепілі. Бұл біздің келешек ұрпаққа қалдырған жақсы ғибратты өнегеміз болмақ.
Дана халқымыз: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», − деп көрші ақысына мән бермейтіндерді қатты сынаған. Оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын ескерткен. Хадисте: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса көршісін еш зарар бермесін».
Олай болса, қадірлі оқырман қауым! Көрші ақысына ерекше ықыласпен көңіл аударып, қарым-қатынасымызды барынша нығайтып, тату да қамқор болуға тырысайық.
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев