Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы биылғы қасиетті Рамазан айын жоғары деңгейде өткізді. Жергілікті «Достар» дәмханасында 23 күн бойы ауызашар ұйымдастырылып, жұртшылыққа дастарқан жайылды.
Оған 200-ге жуық жамағат қатысты. Әр ауызашарға 250 мың теңге көлемінде қаражат арналса, жалпы, осы мақсатқа 5 млн 750 000 теңге ақша жұмсалды.
30 күнде Құфтан намазының алдында үздіксіз уағыз айтылды. Оны 180-200-ден аса жамағат ұйып тыңдады. Сонымен қатар 7 рет хатым оқылды. Қадір түніде мән-мағынасымен ағайындардың есінде қалды.
Рамазан кезінде қолдауға мұқтаж 110 отбасыларына қайырымдылық көмек жасалды. Бұған 1 млн 400 000 теңге жұмсалды. Ораза айттың алғашқы күніндегі намазға 450 жамағат келді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы Ораза айт мейрамына орай 80 балаға «Балаларға базарлық» атты қайырымдылық шарасын өткізді.
Жергілікті мешіттің бас имамы Нұрхан Асанұлы шаһардағы арнайы мектеп-интернатындағы оқушыларды мұсылмандардың айтулы мейрамымен құттықтап, тәрбиеленушілерге сыйлықтарды табыс етті.
Жүздерінен қуаныштың нышаны сезілген балалар бас имам мен мешіт қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық шарасы өткізілді.
Онда көмекке мұқтаж 25 адамға 400 келі азық-түлік үлестірілді. Сөйтіп, имандылық ордасының қызметкерлері қасиетті Ораза кезінде жерлестерінің алғысына бөленді.
Осылайша, Жітіқара өңірінде биылғы Рамазан айы да жұртшылықтың есінде қаларлықтай ұйымдастырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ораза айттың алғашқы күні өңірімізге танымал Таңжарықовтар әулеті облысқа беделді азаматтар, зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақсақалдар мен мешіт жамағаттарының басын қосып, дастархан жайды.
Онда дүниеден өткен аруақтарға бағышталып құран оқылды. Бата берілді. Жиында дастархан иелері Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітіне жеңіл көліктің сыйға тарту етті.
Бас имам Еркебұлан Қошан демеушілік жасаған әулетке барша жамағат атынан ризашылығын білдірді. «Алғыс хат» пен естелік сыйлықты табыс етті.
Мұсылман қауымы үшін қасиетті мерекеде жомарттық танытқан бауырларымызға Алланың нұры жауып, атқарып жатқан игілікті істерінде толағай табыстарға жете берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Мінекей қасиетті Рамазан айы да аяқталып ораза айты да келіп жетті. Осы орайда Қостанай облысы бойынша 7:30 барлық мешіттерде ораза айт намазы оқылып халық молынан келді.
Жамағат алдында облыстық мешіттің найб имамы Ерматов Әбдіқаһар «Ораза айт» туралы наситтан басталды. Онан соң Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет айт намазын өткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына аясында айт күні «Балаларға базарлық», «Айттық» кәде сыйлықтары таратылды. Айт шәйлары ұйымдастырылып, мешіт аулаларында спорттық шаралар өткізілді.
Мұндай айт намазы облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы, кенттердегі мешіттерде өткізілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жарапазан - ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі дәстүр. Ол қазағы қалың өңірлерде әлі күнге дейін қасиетті Оразадағы ауызашар кезінде айтылады. Мұсылман бауырларымыз оны ешқашанда ерсі санамай, құрметпен қараған. Әрбір шаңырақ иелері оны айтушыларға шама-шарықтарына қарай сый-сияпат көрсеткен.
Биыл Рамазан айында сол дәстүр жаңғырып, Қостанайда жарапазан ұйымдастырылды. Онда 300 адамға ауызашар қоржыны таратылды. Содан кейін Ақтөбеден бізге жеткен «Жарапазан» эстафетасы Батыс Қазақстан облысының өкілдігіне жіберілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы әйел жамағаты арасында қасиетті Рамазан айынан бастап, құран оқып, үйрену дәрістерін жүргізген еді.
Нәтижесінде 9 - 73 жас аралығындағы 15 шәкірт тиянақты сабақ алды. Осындай елеулі жағдайды ескерген мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев шәкірттерге арнайы сертификаттар тапсырып, құран кітабын сыйға тартты.
Аяулым Ермекқызына алғысын айтып, талапты түлектерге алдағы уақытта білімдерін одан әрі шыңдай түсулеріне тілектестігін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бұл кеш 400 адамға жайылған дәстүрлі ауызашар дастарханымен басталды. Содан кейін осы қасиетті Рамазан айы басталғалы бері әр күні осыншама адамға дастархан жайылуына демеушілік жасаған азаматтарға дұға тілек бағышталып, қадірменді ақсақалдар ақ батасын берді.
Имандылық ордасына жиналғандар Бахытбек қажы Нұрғабылұлының Құптан намазы алдындағы «Қадір түні» жайлы айтқан уағыздарын ұйып тыңдады.
Сондай-ақ осы түнде Жандос қаридың Құптан және Тарауық намазында хатым батасы жасалып, қаридың иығына шапан жабылды.
Қадір түні барысында оның мәні мен мақсаты бас қосқан қауымға ұғынықты болу үшін викториналық яғни танымдық сұрақ-жауап түрінде ойын ұйымдастырылды. Ерекше көзге түсіп, терең білім танытқандарға Алғыс хаттар тапсырылды.
Қасиетті түнге арнайы келген қауым сәресіге арнайы жайылған берекелі дастарқаннан дәм татты.
Міне, осылайша айлардың сұлтаны Рамазандағы Қадір түні өңіріміздің басты мешітінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Құрметті бауырлар!
Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей.
Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі.
Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Хадистердің бірінде: «Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.
Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай.
Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Рамазан айының құрметіне Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің ұжымы жастар жамағаты арасында волейболдан жарыс ұйымдастырды. Онда 12 команда арасындағы сайыс тартысты өтті.
Жарыс алдында елдің құрметті азаматтары мен аудандық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Сейілханұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.Осынау берекелі айдың қадір-қасиеті мен шарапаты жайында тілге тиек етті.
Сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген командаларға медальдар, грамоталар мен кубоктар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі