Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Статьи

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Адамның жасы ұлғайған сайын мынау тіршіліктегі кейбір көңілге қона бермейтін жайлар жаныңды жай таптырмайды екен. Бүгін мен көптен бері көкейімде қордаланып қалған ой салар маңызды мәселелерді ортаға салғанды жөн көрдім. Олар көкірегі ояу, санасы сергек оқырмандарды бейжай қалдырмайды деген үміттемін.

Діни рәсімдердегі ысырапшылдық

Жалпы, ысырапшылдықты Алла тағала да сүймейді. Мұны баспасөз беттерінен оқып, теледидарлардан көріп те жүрміз. Осыларды таратыңқырап айтатын болсақ, «Ысырап» сөзінің мағынасы - дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу дегенді білдіреді. Тіпті, «Судың да сұрауы бар» демекші оны да орынсыз артығымен пайдалану дұрыс емес екендігін бәріміз де білеміз.

Өзім күнделікті өмірде көзбен көріп, көңілге түйген көріністерді тілге тиек етпекпін. Ешкім де мәңгілік емес. Адам баласы жарық дүниеге қонақ. Қай күні дәм тұзы таусыларын да білмейді.

Бақиға аттанған кісінің жаназасы оқылып, ағайын-туыстары мен ұрпақтары жылап-сықтап, соңғы сапарға шығарып салатындығы белгілі. Содан кейін қаралы үй өзгелерлен қалмау үшін намысқа тырысып, үлкен мейрамханаларды жалдап, дастарханға бәрін қоюға тырысады.

Ең алдымен сойысқа мал іздеп шабылады. Анау-мынау емес, қоңы келісті жылқы сатып алуға ұмтылады. Өздеріңіз білесіздер, оның құны қазір бағымына қарай бір миллионға жуықтап қалатыны ешкімнен де жасырын емес. Оған қалтасы қалың, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар болмаса, қатардағы зейнетақыға немесе жалғыз жалақыға қарап отырған отбасылардың шама-шарқы жете брмейді.

Негізінде «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз босқа айтылмаған. Өзгелерлен қалғысы келмеген адамдар амалсыздан қарызданады, банктерден пайызы жоғары несие алып, оны жылдар бойы төлеп жатады.

Жиналған қауымға жайылатын дастарханға жоғарыда аталған құдайы асқа сойылған етпен қоса тоқаштар мен бауырсақтар, кептірілген жемістер, тәттілер, минералды сусындар тізіліп қойылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ас беру мәдениеті» құжатында ысырапқа жол бермеу жайлы жан-жақты айтылған. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені, Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» деп ескертсе, кезінде Пайғамбарымыз: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», - деген.

Түсінген адамға осы келтірілген ұлағатты мысалдардың астарында үлкен мән жатыр. Қазіргі таңда жоғарыда қозғалған пәтуаны ел бойынша бір ізге түсіру жайлы аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Алайда, әлі де болса кейбір жерлерде бұрыннан қалыптасқан жайлар қалмай келе жатқаны өкінішті. Бұл да өте ойланарлықтай.

Тағы бір жұдырықтай жұмылып, барша бауырларымыз қолға алатын өзекті мәселе марқұмның жаназасы өтпес бұрын берілетін қонақасы да астамшылық сияқты. Ол кейбір аймақтарда шілдехана деп аталып та жүр. Мұнда да халықтың шамасы келсін-келмесін мейрамханада кемінде 100-300 адамға ас та төк дастархан жайылады. Шындығына келсек, бұл да қайғыдан қара жамылып отырған шаңырақ иелеріне үлкен қаржылық шығын. Дәл осыдан дүниеден өткен кісіге келер ешқандай да сауап жоқ. Өйткені, Құран оқылмайды.

Қонақасыға асаба да шақырылып, жиналғандар сөз сөйлеп жатады. Сөз демекші, марқұмға арналған жаназа шығару, жетісін, қырқын, жылын беру астары жиналысқа айналып кететін кездер де баршылық. Себебі, уақытты да бағалай білген жөн. Сондықтан, мұндай жиындарда құран оқылып, қадірменді ақсақалдар бата берсе жеткілікті.

Шындығына келсек, қайтыс болған кісінің үйінде үш күнге дейін қазан көтеріліп, ас берілмеуге тиіс. Мұндайда тек алыс-жақыннан келген туыстарға көрші-көлем үйлерінде тамақ әзірлеп, шақырып жататындығын бала кезден көріп өстік.

Әдетте марқұмның денесін жерлеуден бір күн бұрын мәйітханадан үйіне әкеліп түнетеді. Үлкен кісілер оны күзетеді. Осы арада бір айтып кетер әрі қынжыларлық жай, сонда жиналғандардың кейбіреулері орынсыз әзіл-қалжың айтып, үй иелерінің шамына тиіп жатады. Мұндай дарақылықтар мен келеңсіздіктерге ешқашан да жол беруге болмайды.

Ешкімге абырой әпермейтін ысырапшылдыққа салынбас үшін егер мүмкіндік болса, садақаны жетім-жесірге, күн көрісі төмен отбасыларға қайырымдылық көмек ретінде берсе, оның сауабы да мол.

Ата-анаңа қамқорлықты тірі кезінде жаса

Осынау жанымды жай таптырмай жүрген мәселе де еліміздегі барша жұртшылыққа әбден таныс. Әрі ол жылдан-жылға қарқын алмаса, бәсеңдейтін түрі жоқ.

Бұл әрине, дүниеден өткен кісіге зират көтеру жөнінде. Нанбасаңыз, кез-келген үлкен қалалар мен облыс, аудан, ауылдық жерлердегі зираттарға жолыңыз түссе, бірден сіздің назарыңызға алыстан ақ мәрмерден немесе қызыл кірпіштен тұрғызылған бейіттер түседі.

Сөздің орайы келгенде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Зират және зиярат мәдениеті» туралы ережеге сүйенетін болсақ, қайтыс болған кісіге зәулім ескерткіш пен биік күмбез, кірпіштен қоршау тұрғызу міндетті емес. Бұл да астамшылық пен асыра сілтеушіліктің бір көрінісі іспетті.

Тек қана қабірге жерлеген адамның кім екендігін айқындау және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін шағын белгі немесе құлпытас орнатылса болғаны. Әлгіндей құлпытасқа марқұмның суретін салуға да рұқсат етілмейді. Мұны да әрбір мұсылман бауырларымыз білгені мақұл.

Бұл орайда, туыстас яғни түркі тілдес бауырларымыздан алар өнегеміз жетерлік. Мен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өзбек ағайындардың астанасы Ташкенттегі зиратта болдым. Онда бәрі де бір ізге түсірілген. Қабірлердегі көк таста марқұмдардың аты-жөндері ғана жазылған. Көзге оғаш көрінетін ештеңе байқалмайды.

Мұндағы айтайын дегенім, мәйітті жерлегенде де оларға үлкен құрметпен қарап, соңғы сапарға ақ жуып, арулап, жөн-жосығымен шығарып салған жөн. Ең абзалы, ата-анаңа қамқорлықты, ілтипатты тірі кезінде жасаған дұрыс. Олар бақилық болған соң жасандылықпен, көзбояушылықпен айналысудың бір тиын да құны жоқ. Әке-шешеңе тиетіні тек қана құран.

Жуырда айыр қалпақты қырғыз ағайындар түсірген «Бейіш» деп аталатын көркем фильм жүрегі бар пендеге тәрбиелік, тағылымдық жағынан берері мол туынды. Онда Әділ есімді жігіт анасы Райханды арбаға отырғызып, қасиетті Меккеге жаяу алып барады. Жолда қаншама қиындық көрсе де алған бетінен қайтпайды. Бұл анаға деген нағыз перзенттік махаббаттың жарқын үлгісі.

Әрбір перзент өзінің ата-анасының алдында мәңгілік қарыздар екендігі айтпаса да түсінікті болса керек. Сол себептен кез-келген ұл мен қыз өзіне жастайынан тәлім-тәрбие беріп, өз қатарынан қалдырмай өсірген әке-шешесін ардақтап, оларға жылы сөзін арнап жатса, әбден жарасады емес пе.

Өкінішке орай әлі де болса, мынау тіршілікте қатігездік танытып, өзі үшін түн ұйқысын төрт бөліп, аялаған асыл аналарын, бір әулеттің тірегі болған әкелерін бойларынан қуат, қолдарынан күш кеткенде қалай ғана көздері қиып, қарттар үйіне тапсыратындығы саналы жанды терең ойға қалдыратындығы даусыз.

Осы арада замандастарымыз ата-анаңа не істесең, сол алдыңа келетіндігін ұмытпағандары абзал. Себебі, ұрпағың сенен үлгі-өнеге алады. Өскенде өзіңнен көргенін қайталауы да әбден мүмкін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген де босқа айтылмаған. Бұл өмірде дәлелденген.

Қажылық – саяхат емес

Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі екендігі баршаға аян. Егер, мүмкіндігі бар әрбір мұсылман ғұмырында бір рет қажылық сапарға аттанып, өзінің парызын өтесе құба-құп.

Бұрындары біздің ата-бабамыз қажылыққа жол азабын тартып, жаяулап, жалпылап баратын болған. Тіпті кейбіреулер сол сапарда қайтыс болуды сауап көрген. Бұл жайлы оқырман бауырларымыз да хабардар екендігіне шүбә келтірмеймін.

Қазақ елі өз алдына тәуелсіз мемлекет аталғалы бері Мекке, Мәдинаға жол ашылып, қажылыққа баратын бауырларымыздың саны жылдан-жылға артып келеді. Қаншама компаниялар осы сапарларды ұйымдастырып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатыр.

Сол қажылық парызын өтегендердің бірқатарымен кезінде бетпе-бет сөйлесіп, пікірлерін де тыңдаған едім. Солардың бірі - марқұм Ертай қажы Балахмет болатын. Ол өз сөзінде: «Мен Меккеде болған сапарымда өзімді анадан жаңа туған періштедей пәк сезінемін. Жан дүниемде қаншама өзгерістер мен бұрын - соңды сезінбеген күйді бастан кешемін», -дейтін.

Әрине, көпшілікке топырақ шашудан мүлдем аулақпын. Олардың арасында үлкен сапардан оралған соң жастармен кездесіп, алған әсерлерімен бөлісіп жүргендері де аз емес. Осындай парызын өтеген қажылардың киім-киісіне, жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, елі мен халқына жасап жатқан қызметіне еріксіз сүйсінесіз.

Алайда, олардың бәрі бірдей дей алмаймыз. Орынсыз тәкаппарлыққа салынып, көпшіліктің алдында менің орным төр деп өзгелерлен ерекшеленіп жататындар да бар екендігін естиміз. Міне осындайлар «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, басқаларға салқынын тигізеді.

Бұл мәселені де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұрақты назарда ұстайды. Осы ретте қабылданған «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасының орны бөлек. Онда әрбір қажының мақсаты мен міндеті нақты айқындалған.

Қажы деген атаққа лайық және мәдениетті болу, сондай-ақ бес уақыт намазын тастамау, мұсылманға тән әдепті сақтау және басқа да үлгілі жайлар қамтылған. Тек қажылықты саяхатқа айналдырып, оның құны мен беделін түсіріп алмасақ екен. Әрине, жағдайы барлар жиі барады. Бірақ гәп санда емес, сапада.

Жұртшылыққа мәлім, Қостанай облысының Бас имамы болып тәжірибелі маман, бірқатар аудандар мен қалалардағы мешіттерді басқарған Бектұрсын Торғайбайұлы тағайындалғалы бері бүгінгі қозғалып отырған мәселелер яғни, ысырапшылдыққа жол бермеу, марқұмның жаназасы алдында берілетін қонақ асының ешқандай өнегелік жағы жоқтығы әрбір кездесулер мен жиындарда әңгіме арқауына айналып келеді.

Оның өзекті жайлар хақында айтқан пікірлері мұсылман бауырларымыздың тарапынан да қолдау тауып жатыр. Бұл әрине, өте құптарлық. Сондықтан алдағы кездері өзге де қандастарымыз түсіністік танытып, өздерінің ой-толғамдарымен бөліседі деген ойдамыз.

Ұзын сөздің қысқасы, ысырапшылдыққа жол бермеу, бейіт басына ескерткіш тұрғызу ережелерін сақтау, қажы деге атқа кір келтірмеу жайы бір-бірімен тығыз байланысты. Ислам діні тек қана ізгілікке, бауырмалдыққа, адамзатқа деген құрмет пен сыйластыққа бағытталғанын берік есте сақтайық.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, жылдар алға жылжыған сайын заманның өркениет талабы өзгеріп, ата-бабамыздан келе жатқан ізгі салт-дәстүріміз жаңғырып жаңаруда. Біз де соған дер кезінде бейімделіп, рухани жан дүниемізде сілкіністер мен құлшыныстар жасауымыз қажет.

Оразалы Жақсанов

предыдущая статья
Истинная акыда (вероубеждение) казахов
следующая статья
Садақада ысырап болуы мүмкін бе?

Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником