Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде қасиетті Қадір түні халық көп жиналды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деген. Адамзатты бір-біріне жақсылық, мейірімділік пен қайырымдылық жасауға шақырған.
Осы сауабы мол түннің құрметіне облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов имандылық ордасында ауызашар берді. Онда ол жиналған қауымды Рамазан айымен шын жүректен құттықтады. Жастар жағы дінімізге ерекше бетбұрыс жасап жатқанына тоқталып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етіп, ынтымақ пен бірліктің нағыз үлгісін көрсету керектігін айтты.
Сондай-ақ, жиында есімі көпке белгілі азамат, қоғам қайраткері Сабыржан Ахметов те сөз алып, жерлестерімізге ең ізгі тілегін білдірді. Жайылған дастархан басында Құран оқылып, бата жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата"мешітінің ұжымы талай игі істерге мұрындық болып келеді. Олардың ұйымдастыруы және жанашыр азаматтардың демеушілігімен көмекке мұқтаж 3 отбасы қамқорлыққа алынды.
Осы жанұяларда тәрбиеленіп жатқан 16 баланың мектепке баратындарына жаңадан аяқ киім, көктемгі куртка, шалбар алып берілді. Осы киім-кешекке 75 мың 800 теңге жұмсалды.
Жанашыр жандардың нақты қолдауын көрген бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жанып, қуанышқа кенелді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті көпсалалық колледж студенттерімен кездесті. Жүздесу барысында Рамазан айы қадір-қасиеті мол берекелі ай екенін жастарға түсіндірді.
Білім нәрімен сусындап жатқан студенттер Оразаға байланысты өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиянақты жауап алды.
Басқосудың соңында аталған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Жақанұлы имамға мазмұнды да мағыналы әңгімесі үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті ұжымының қолдауы және жанашыр жандардың демеушілігімен «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда көмекке зәру көп балалы отбасыларға 170 мың теңгеге азық-түлік алынып, оларға табыс етілді.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы берік ұстанған азаматтардың қасиетті Ораза айындағы ниеттері мен тілектері қабыл болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінің Бас имамы Есет Сейітқалиұлы Жамбыл қазақ орта мектебінде «Жат ағымдар» тақырыбы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Онда қазіргі таңдағы бұл өзекті тақырып ұстаздарды бей-жай қалдырмады. Еліміздің жарқын болашағы болып табылатын шәкірттердің жат ағымнан аулақ болып, дәстүрлі ислам жолымен жүрулері үшін қандай маңызды іс-шаралар атқару қажеттілігі жөнінде сөз болды.
Әсіресе, жастар ғаламторда уақыттарын көп өткізетіндігі белгілі. Сондықтан оларға тиісті деңгейде бағыт-бағдар берілуі жайлы жан-жақты айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл да жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айында қайырымдылық іс-шарасын ұйымшылдықпен өткізуде.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас бір мысал келтіре кетелік. Жуырда жұма күні аталмыш мешіттің Бас имамының ұйытқы болуы және жамағаттың қолдауымен жасөспірім Мәулен Болатұлының еміне қажетті ақшалай қаражат оның әкесіне тапсырылды.
Сондай-ақ, Меңдіқара өңіріндегі кәсіпкерлер және Қостанай облыстық мешіті Зекет және қайырымдылық қорының еріктілерімен бірлесе отырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға азық-түлік салынған «Рамазан қоржынын» тапсыру да қолға алынды.
Ораза айында көмекке мұқтаж жандарға жүрек жылуын аямаған мейірімді бауырларымыздың ізгі мақсаттағы ісіне берекет берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл аудандық мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек ауданда бірқатар кездесулерге қатысып, қасиетті Рамазанға байланысты мазмұнды әңгіме қозғады.
Мәселен, кітапхана қызметкерлерімен өткен жүздесуде Ораза ұстау – әрбір мұсылманның басты парызы екендігін және оның адам баласына тигізер орасан пайдасы жайлы тілге тиек етті.
Сонымен қатар аудандағы жастар ресурсы мекемесі ұжымымен өткен кездесу де өте әсерлі өтті. Бас имам Рамазан айында мұсылман бауырларымыз мүмкіндігі болғанша айналамыздағы кісілерге жақсылық жасау керектігі және күнәдан аулақ болу туралы уағыз айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл аудандық мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек Тимирязев ауылындағы Омар ата мешітінде болды.
Ол Рамазан айына байланысты жайылған ауызашарға қатысып, жұртшылықтың қойған сауалдарына тұшымды жауап берді. Сондай-ақ имандылық ордасына Ораза жөнінде жазылған орыс және қазақ тіліндегі кітапты сыйға тартты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата"мешітінің үйымдастыруы және жанашыр жандардың демеушілігімен "Рамазан қоржыны" атты қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда көмекке мұқтаж 10 отбасыға 170 мың теңгенің азық-түлік өнімдері табыс етілді. Олар жүрегі жомарт азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында діни тұрақтылықты сақтау жөнінде насихат айтты.
Жиналған жамағатқа «Ізгі қоғамды қалыптастыру – әр адамның парызы» тақырыбында уағыз айта келіп, сөзін: «Уа, мүміндер! Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер», - деген ой салар аяттан бастады.
Сонымен қатар аятқа қысқаша түсіндірме берді. «Жүректі ізгілікке бөлейтін қасиеттердің бірі – қарапайымдылық пен кішіпейілділік, жанашырлық пен қамқорлық екендігіне, қоғамда адамдар бір-біріне қаншалықты кішіпейіл болған сайын олардың арасында соншалықты сүйіспеншілік, бауырмалдық, бірлік сынды қасиеттер берік қалыптасатындығына» тоқталды.
Содан кейін мешіт ұстазы Наурызбек Маратұлы Рамазан айының соңғы он күндігіндегі құлшылықтарға жан-жақты баяндады. Ол алдағы Қадір түнінің мұсылмандар үшін аса маңыздылығын тілге тиек етті.
Жиынның соңында жамағат көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі