Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Блоги имамов

04 02.22

Талап барынша арта түседі

Баршаға мәлім, Елордамызда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі болып өтті. Оған аталмыш басқарманың бөлім басшылары, облыстардың бас имамдары қатысып, өткен жылы атқарған игі жұмыстары жайлы есеп берген еді.

Өңірдегі Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы осы айтулы жиыннан нәтижелі оралды. Былтырғы жылы жүзеге асырылған істер тиісті бағасын алып, дін қызметкерлерінің ізденістері мен талпыныстары жақсы жағынан аталды.

Біз таяуда дін қайраткеріне арнайы жолығып, көкейде жүрген бірнеше сауалдарымызды қойып, нақты жауаптарын алған едік. Төменде осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Бірлік бар жерде-тірлік бар

-Жылдық жұмыстарыңызға Төралқа мәжілісінде оң баға беріліпті. Осы табыстарыңызға Қостанай облысындағы барша мұсылман қауымы қуанышты. Алдағы уақытта да еңбектеріңіз жанып, табыстан-табысқа жете беріңіздер?

-Ізгі лебізіңізге рахмет. Өткен жыл пандемияға байланысты күллі еліміздегідей бізге де оңай соққан жоқ. Алайда әріптестерімнің еңсесі түспеді. Қайта бойларынан рухани тың күш-жігер тауып, жұмысты барынша жандандыра түсті.

Әрине, мешіттер үнемі қалыптасқан дертке байланысты үнемі намаз оқуға ашық болмаса да халықпен байланысын үзбеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдыңызға қойған барлық талаптарын дер кезінде орындап отырдық.

Тіпті тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттерімізде жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында намаз оқитын бөлмелерді де дайындадық. Жауынды-шашынды, боранды күндері бір сәт бой жазып, сергіп, тынығуларына қолдан келген мүмкіндікті жасадық.

Өздеріңіз білесіздер, Солтүстікте қыста үскірік аяз, бет қаратпас суық күндер аз болмайды. Сондай кездері жолды тазартқан азаматтарға да ас-су жеткізіп тұрдық.

Ал пандемияға байланысты атқарылған жүмыстар ұшан-теңіз. Оның бәрін осындай бір сұхбатта баяндап беру әсте мүмкін емес. «Біз біргеміз» деген қағиданы берік ұстанып, ауруханадағы емделіп жатқан ағайындарға қол ұшын создық. Өз басым өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың, кенттердің имамдарына, ауылдардың молдаларына әңгіменің орайы келгенде шынайы алғысымды білдіргім келеді. Олар кездескен барлық ауыртпалықтарға төзді әрі шыдады. Қайта шыңдала түсті.

Жеті бағыт бойынша жұмыс істедік

-Бахытбек қажы Нұрғабылұлы, республикамыздағы жыл қорытындысында жеті бағыт бойынша тындырылған қыруар шаралар айтылды. Соларға қысқаша тоқталып және сөзіңізді өзіңіз басшылық ететін өңірдегі мешіттердің тыныс-тіршілігімен байланыстыра кетсеңіз?

-Бас мүфти төрағалық ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2021 жылдың басында жеті бағыт бойынша жұмыс жоспарын бекіткен-ді. Біз соны басшылыққа алдық.

Ал олар қандай бағыттар еді. Енді соған аз-кем тоқталғаным жөн болар. Мәселен, ақпарат және қоғаммен байланыс, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, дін мен дәстүр, уағыз-насихат, қайырымдылық, рухани тәрбие-Ихсан ілімі, жат діни ағымдармен жұмыс секілді бағыттардың қай-қайсысыда ауқымды әрі маңызды. Олардың бәрі де мұсылман бауырларымыздың өмірінде ерекше орын алады.

Өз басым өңірге жауап беретін Бас имам ретінде мешіттерде өткізілетін түрлі басқосуларда, семинарларда, әріптестермен болған кездесулерде жоғарыда аталған бағыттардың мәні мен өзектілігін үнемі айтып отырдым.

Сондай өзара түсіністіктің нәтижесінде жыл бойы шама-шарқымыз келгенше тыңғылықты әрі нәтижелі жұмыс істеуге тырыстық. Әрине, оның бәрін тәптіштеп баяндайтын болсам, әңгімеміз ұзаққа созылып кетері сөзсіз.

Солардың кейбіреулерін ғана тілге тиек еткенім орынды болар. Бірінші бағыт бойынша сайтта және әлеуметтік желілерде облыстағы діни ахуал мен күллі мешіттердің тыныс-тіршілігі ұдайы жарияланып отырды. Діни мерекелердің алдында телеарналарға шығып сөйлеп, халыққа құнды мағлұматтар бердік.

Өзге бағыттар бойынша да алдын ала белгіленген жоспарлар ұдайы пысықталып, тиісті мамандар бақылауға алды. Соның арқасында көзделген меже биігінен көріндік.

-Сіздің салмақты ойыңыз бен пікіріңізге қарағанда, алынған асулар аз емес. Ең алдымен өңірде қанша мешіт пен намазхана бар екендігін айтсаңыз, олар қыстан қысылмай өтуге барлық жағдайлар жасалған болар. Жоғарыда аталған бағыттардың ішінен кейбіреулерін жұртшылық назарына сала кетсеңіз?

-Сауалыңыз өте орынды. Мұндайда өткен кезеңдер еріксіз еске түседі. Еліміз егемендік алғанға дейін аймақта бірде бір имандылық ордасы болған жоқ. Ол енді кешегі қайта оралмас кеңестік заманның кесірінен туындаған.

Тек қана тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылдың ішінде қаншама зәулім мешіттер салынып пайдалануға берілді. Қандастарымыз үлкен қуанышқа кенеліп, үлкенді-кішілі қауым ислам дініне бет бұрды. Кадрлар жағы мықтап қолға алынды.

Қазіргі таңда мешіттерде жұмыс істеп жатқан имамдардың басым көпшілігі жоғары кәсіби білім алған жастар. Жыл сайын діни басқарма және өкілдіктің қолдауымен талапты бозбалалар беделді оқу орындарына түсіп жатады.

Артта қалған жылы білікті оқу орындары-Нұр-Мүбарак Египет ислам университетіне, Хасеки академиясына, Қарилар орталығына, медресе-колледждерге 11 талапкер қабылданып, таңдаған мамандықтарын игеріп жатыр.

Олардың сапалық біліктілігіне келсек, бұл күндері облыс бойынша 71 қызметкер бұйрық бойынша қызмет атқарады. Оның 44-і бас имам және найб имамдар. Діни курстарда біліктілігін жетілдіретіндер де жеткілікті. Өткен жылы діни басқарманың қолдауымен ротация жасалып, бірқатар аудандар мен қалалардың имамдары ауыстырылды.

Жалпы, өңірде 25 мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде тіркелген. Таратыңқырап айтатын болсақ, оның 5-і қалалық, 16-сы аудандық және 4-і ауылдық мешіттер. Былтыр аймақта 1 мешіт пен 2 намазхана қайта салынып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, Құсмұрын, Бөрлі, Шеген елді мекендердегі ағайындар үлкен қуанышқа бөленді. Сонымен қатар 36 намазхана да халыққа қызмет етеді.

Қазіргі таңда Әулиекөл және Алтынсарин аудандарында жаңа мешіттер салынуда. Алдағы уақытта олар бойкөтеріп, қалың жұртшылыққа есігін айқара ашатын болады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қостанай облысында да ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылды. «30 жылдық мерейтойға 30 мың тал отырғызу» акциясына белсене қатысып, 330 талды ектік.

Сонымен қатар 4 мешіт күрделі жөндеуден өткізіліп, жұртшылықтың имандылық ордасына, 11 мешіттегі асханалар ағайындардың басқосатын орнына айналды. Мен осы арада бірқатар мешіттің іші-сыртында және қабірлер басында тазалық жұмыстары атқарылғандығын тілге тиек еткім келеді.

Қазақ «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп босқа айтпайды. Имамдар мен діни қызметкерлер ештеңеге алаңсыз әрі жалақысы лайықты болса, жұмыс та оң нәтиже беретіндігі ақиқат.

Өткен жылы 5 діни қызметкерге баспана берілді. Олардың сол сәттегі қуанышын көрудің өзі түсінген адам үшін үлкен бақыт. Мешіттерге деген демеушілердің жанашырлығының арқасында 3 жеңіл көлік тапсырылды. Бұл да олардың жұмысын жеңілдете түсері даусыз.

Қолы ашықтың-жолы ашық

-Біздің халқымыз ежелден қиналған жанның жанынан табылуды, жетім-жесірге қолдау көрсетуді сауапты іс саналған. Сіздерде осы қайырымдылық бағытында да қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын көзбен көріп, көңілге түйіп жүрміз. Сол маңызды да ізгілікті шаралар жөнінде әңгімелейтін кезіңіз келген секілді.

-Бұл қайырымдылық бағытындағы игі шаралар негізгі жұмыстарымыздың бірегейіне жатады. Осы орайда Зекет және қайырымдылық қорының тындырған істері айтарлықтай. Біз жыл бойы «Тайқазан», «Берекелі Рамазан сыйы», «Қолдан-қолға», «Ел үлесі пәтерге», «Үміт сыйла сәбиге», «Жетім көрсең, жебей жүр», «ҚМДБ гранты», «Киім-кешекпен көмек», «Қайырымды жұма», «Жылулық сыйла», «Өмірге үміт сыйла» секілді жобалардың кеңінен қанаттарын жаюына белсене атсалыстық.

Осы аталғандармен бірге «Раббың үшін құрбан шал», «Ауызашар себеті», «Көшпелі қайырымдылық керуені», «Рамазан керуені», «Мектепке жол», «Алтын құрсақты батыр аналарға тосын сый», «Қиындықта ел бірге» секілді айналамыздағы қолдауға зәру жандарға көрсетілетін мән-маңызы зор акцияларды ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынған үлгісіне сай жұмыс жүргізу біздің басты міндетіміз. Жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу және жалпыға ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында облыста бірнеше жиындар өткіздік. Өйткені, бұл жайлар қазіргі таңда өте өзекті. Жасыратын несі бар, қимас адамдары дүниеден өтіп, қара жамылған шаңырақтардың бәрінің тұрмыс жағдайлары бірдей емес.

Сондай-ақ қабір басындағы келеңсіздіктерді бір ізділікке келтіру жөнінде де түсінік жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл орайда өңірдің Жітіқара және басқа да аудандарда қолға алынған игі жұмыстар баршылық.

«Рухани тәрбие-Ихсан» бағытында да былтыр «Ихсан-рухани кемелдену жолы» деп аталатын кітапты баспадан шығардық. Оны бауырларымыздың жүректеріне жеткізу хақында да жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, сайттарда қаншама танымдық-тағылымдық мақалалар жарық көрді.

Уақыт талабы имамдардан қызметте жоғары жауапкершілікті ғана емес, ішкі жансарай сұлулығын, терең білім мен біліктілікті, тұрақты шығармашылық ізденісті қажет етеді. Халықпен күнделікті тонның ішкі бауындай араласып, дін қызметкерлері ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, көркем мінезді бойларына сіңіріп, шешендік пен мәдениетті түрде сөйлеу білуге әбден дағдыланулары қажет.

Олар республикалық «Мұнара» газеті мен «Иман» журналын жаздырып алып қана қоймайды. Рухани байлық көзі болып табылатын бұл басылымдарды мұсылман бауырларымыздың арасында насихаттап отырады. Басқа да ғибраттық жағы мол газет-журналдарға да айрықша назар аударады.

Дін мен дәстүр егіз. Оны әсіресе, еліміздің жарқын келешегі болып табылатын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу аса маңызды. Осы ежелден мирас болып келе жатқан асыл қазынамызды кішкентайынан біліп, сезінген бозбала мен бойжеткен үлкен мен кішіні сыйлап, өз елінің нағыз ұлтжанды патриоттары болып қалыптасатындығына өз басым кәміл сенімдімін.

Діни ағымдармен жұмыс

-Тәжірибелі имам ретінде сіздің айтарыңыз мол екендігін білеміз. Кешегі қаңтар айындағы еліміздегі күтпеген дүрбелең оқиға жүрегі елім және халқым деп соғатын әрбір намысты, көзі ашық, көкірегі ояу жанға үлкен ой салғандығы айдан анық. Өзіңіздің де ой-пікірлеріңізді келтіре кетсеңіз?

-Бұл қаңтардағы қанды оқиға бәрімізді де терең ой үстінде қалдырды. Ол елімізге қаншама зардап пен шығын әкелді. Бейбіт өмір сүріп жатқан жұртшылық жазықсыз жапа шекті. Бәрімізге де үлкен сабақ болды.

Республикамызда ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің отаны біреу-ол тәуелсіз Қазақстан. Оны тек біз ғана қорғаймыз. Сондықтан енді бұрынғыдай алаңсыз, қам-қарекетсіз отыруға болмайды.

Елімізде әскери қуатымызды күшейтіп, жастарымызға тиісті деңгейде патриоттық тәрбие беруге барлық ата-аналар да жауапты. Осы орайда дін қызметкерлері де жауапкершілікті жоғары сезінулері тиіс. Күнделікті жұмысымызда біз діни ағымдарға жол бермеу жағын басты назарда ұстауымыз қажет.

Әрбір жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептерде болған кездерімізде терроризм мен діни экстремизммен күрес және оның қауіп-қатері, алдын алу жайында әңгіме өткізіп, жігіттер мен қыздардың мемлекетшілдік, отаншылдық бағыттағы рухын арттыруға барымызды саламыз.

-Сөз соңында алдағы басты жұмыс жоспарларыңыз жөнінде қысқаша айтып берсеңіз?

-Әр жылдың өзіндік несібесі бар. Алдымызда барыс жылы жүзеге асырылар асқаралы міндеттер тұр. Қазірдегідей қалыптасқан пандемия кезінде де мешіттердің жұмысын бір сәтке де босаңсытуға болмайды.

Өткен кезеңдегідей жеті бағыттағы міндеттерді жалғастыра береміз. Өңірдегі діни ахуалды барынша жандандыруға атсалысып, халықтың діни сауатын көтеруге, кейінгі жастарымызды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу жолында уақытпен санаспай жұмыс істейміз.

Сонымен бірге мінекей дініміздегі қасиетті болған үш ай басталды. Олар Ережеп, Шағбан және Рамазан. Оның алғашқысы Алланың айы Ережеп айының келуімен ең әуелі Алладан тыныштық береке тілеймін! Бұл ай сауапты амалдар мен жақсылықтарға, мейірімге толы болсын!

Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суғару айы, ал Рамазан айы – егінді ору, қырман айы. Егілген егіннің жеміс бергені секілді, әрбір жақсы істің нәтижесі де болады. Сол себепті, бұл айда ораза тұтып, көбірек намаз оқып, рухани амал жасау керек.

Алла тағала отбасыларыңызға береке, елімізге татулық, амандық берсін! Мемлекетімізге тыныштық, әрбір жанның жүрегіне иман нұрын сепсін!

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбетпен сұхбат

Задать вопрос

Защитный код


Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником